Аймақтар • 23 Қазан, 2017

Атырауда өткен жаппай көкпар турниріне 200-ден астам жүйрік ат қатысты

836 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Атырау облыстық жастар саясаты мә­се­лелері басқармасы мен ұлттық спорт ойындары федерациясы республикалық жаппай көкпар турнирін ұйымдастырды. 

Атырауда өткен жаппай көкпар турниріне 200-ден астам жүйрік ат қатысты

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтылған ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында өткен бәйгеге 200-ден астам жүйрік ат қатысты. 

Көкпармен бірге аламан бәйге, тоқ бәйге, жамбы ату, асық ату, қазақ күресі сынды ұлттық спорт түрлері бойынша да жарыс қызды. Махамбет ауданында өткен шараға аудан тұрғындары ғана емес, облыс орталығынан арнайы барғандар да куә болды. Тоқ бәйгеден маңғыстаулық «Мерседес» тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесті. Аламан бәйгеде Батыс Қазақстаннан келген «Аймаңдай» иесіне жеңіс сыйлады. «Дарабоз-2017» жаппай көкпар жарысында Жамбыл облысынан қатысушы Қуанышбек Құрамаев бас бәйге – «Алтын қамшыны» иеленіп, 1 миллион теңге сыйақымен марапатталды.

Жүйріктерді  «Астана» көкпар клубы­ның президенті Аманжол Қасенов пен  Аты­раудағы ұлттық спорт түрлері қауым­дас­тығының негізін қалаушы Өнербек Жанбала бағалады. 

Нөсер жауын мен Атыраудың бауырмал балшығы да ұлттық өнер жанкүйерлеріне кедергі болған жоқ. Жиналғандар жарысты соңына дейін тамашалап, этноауылда тамаша демалыс күнін өткізді. Ұлттық спорт ұлықталған шараға облыс әкімі Нұрлан Ноғаев пен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бірінші вице-президенті Ерлан Оспанов қатысты.

– Атырауда бұрын-соңды мұндай ауқым­ды көкпар ойыны өтпеген, – дейді облыстық ұлттық спорт түрлері федерациясының пре­зиденті Асланбек Өнербайұлы. – Баста­мамызды облыс әкімі қолдап, еліміздің түкпір-түкпірінен ең жүйрік деген тұлпарлар жиналды. Алдағы жылы аймақтық турнир өтеді. Ұлттық спортты ұлықтауға арналған шаралар алдағы уақытта да жалғасады. 

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ