24 Қазан, 2017

Рухани келісім – орнықты дамудың негізі

832 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Тәуелсіздігіміздің елең-алаңында, яғни осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын мемлекеттік дең­гей­де қабылданған шешімдер мен қол­ға алынған бастамалар өзі­нің өмір­шеңдігін көрсете отырып, қо­ға­мы­мыздың игілігіне айнала білді. Әсіресе қоғамды рухани келісімге үнде­ген, татулық пен береке-бірлігі­мізді арт­тыруға бағытталған сауатты да сали­қалы бастамалардың жөні бөлек.

Рухани келісім – орнықты дамудың негізі

Еліміздің буынын бекітіп, қабыр­ғасын қатайтуда қоғамдық келісім мен рухани түсіністіктің орны ерекше. Бүгінде осы маңызды мәселелер бойынша мемлекеттік деңгейде қолға алынған шаралардың тұтас тарихы қалыптасты десек болады. Бұдан біз мемлекет тарапынан жасалған ізгілікті жұмыстардың кең ауқымда жүргізіліп отырғанын аңғарамыз.

Жалпы, рухани келісімді қамтама­сыз ету ісі көптеген мемлекеттерде не­гіз­гі міндеттердің біріне айналып отыр. Осы орайда Қазақстан дұрыс жол­ды таңдап, нәтижесінде тұрақ­ты­лық пен орнықты дамуға қол жеткізе білді.

Рухани келісімді, татулықты, ел тұтас­тығы мен орнықты дамуды жүзе­ге асыру мемлекетіміздің басты стра­тегиялық бағыттарының бірі бол­ған­дықтан, аталған мақсаттарды қоға­мымыздың күн тәртібінен түсірмеу аса маңызды. Сол үшін, тіпті арнайы рухани келісім күнінің белгіленуі көп жайтты ұғындыра түседі.

Сәл шегіне сөйлесек, 1992 жылдың қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен Алматы қаласында І Бүкіләлемдік рухани келі­сім конгресі ұйымдастырылған бола­тын. Осы алқалы жиында 18 қазан­ды қоғамымыздағы өзара түсініс­тікті нығайту күні ретінде белгілеп, оны дәстүрлі түрде мереке ретін­де атап өту ұсынылған болатын. Атал­ған ұсыныс қабыл алынып, міне, қазір­гі таңда бұл күн барша қазақ­стан­дық­тар­дың мерейлі мереке­сіне айналып отыр. Бұл сөзімізге дәлел ретінде, елі­міз­дің барлық аймақтарында осы мерекеге орай түрлі шаралар ұйым­дас­тырылып, оларға халықтың белсенді қатысуын айтуға болады. Ізгілік пен адамгершілікке, татулыққа бастаған бұл бастаманың осылайша өз сәтімен жалғасын табуынан халқымыздың ел болып ұйысуға деген ақжарма пейілін, арман-тілегін көруге болады.

Осы арада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының 1992 жылы өткен 47-сес­сиясында әлемнің барлық негіз­гі діндері – ислам, христиан, иудаизм, буддизм сынды конфессиялар Азия­­ның қасиетті жерлерінде бас­тау алға­нын айта келіп, «Мен біз­дің бар­лығымызға болашақ сын-тегеу­рін­дерге бейімделудің оңтайлы жолдарын іздестіруде, адамзат алдында уақыт өткен сайын өзектілігі артып келе жат­қан біртұтас ортада өмір сүрудің жаңа негіздерін қалыптастыруда ұжым­дасуымыз қажет екендігіне сенімдімін», деген сөзі еске түседі. Мемлекет басшы­сының осыдан ширек ғасырдан астам уақыт бұрын айтқан бұл сөзі өзінің маңыздылығын жоймай келеді.

Президенттің бастамасымен 2003 жылдан бері 3 жыл сайын өткізіліп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі «біртұтас ортада өмір сүрудің жаңа негіздерін қалыптастыру» бағытындағы биік мінбер, беделді үнқатысу алаңы болып отырғанын да ерекше атап өткені­міз жөн. Бұл съезд арқылы рухани келісімді нығайтудың қазақстандық үлгісі әлем жұртшылығына кеңінен таныстырылып жүргені анық.

Рухани келісім тұрғысында сөз қозғағанда бірінші кезекте дінаралық татулықты дамыту мәселелері санада жаңғырады. Расында бір қоғамда өмір сүріп отырған конфессиялардың өзара келісімде болуы, олардың мемлекет алдындағы ортақ жауапкершіліктерін дұрыс сезіне білуі қажет. Десек те, рухани келісім тақырыбын сөз еткен­де дін саласындағы жарасымды үнқатысу мәселелерінен бөлек, қоғамы­мыздағы басқа да салалардың өзара үйлесім тауып, ортақ мүддеге орай белсенді қызмет етуі қажеттігін ұмыт қалдырмағанымыз абзал. Осы орайда мемлекетті құрушы қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, дінін, тілін дамыту, азаматтық қоғамды нығайту, этносаралық қатынастарды ізгілендіре түсу, еліміздегі түрлі этностардың ділін, тілін, мәдениетін қолдау, отбасылық құндылықтарды насихаттау мәселелері аса маңызды.

Қорыта айтқанда, Қазақстан халқы­ның мәдениетіне және қазақ ұлты­ның рухани мұраттарына құрметпен қарай отырып, түрлі идеялар мен көз­қа­рас­тарға төзімділік таныту, этносаралық, конфессияаралық үнқатысу қоғамдық келісім аясында жүзеге асырылуы тиіс. Сонда ғана қоғамымыздағы рухани жарасымдылық, үйлесімділік салмақ­тана түспек. Бұл өз кезегінде елімізде ар-ождан, діни сенім бостан­дығын қам­тамасыз ету ісіне оң әсерін тигізеді.

Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар