Қазақстан • 24 Қазан, 2017

Адвокаттық көмек қайткенде қауқарлы болмақ?

645 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қоғамдық сана жаңғырып, халықтың заман талабына сай көзқарасы айқындалған сайын құқықтық салаға да ерекше мән беріле бастады. Өйткені өміріміздің қай саласында болсын кездесетін тіршілік түйінін тарқатуда заңды көмектің аудай қажет екендігі сөзсіз. Ендеше заңдарымызда белгіленген құқығымызды толық пайдалана алсақ, мына қарбалас қоғамдағы қатынасымыз да талапқа сай жоғары болмақ.

Адвокаттық көмек қайткенде қауқарлы болмақ?

Бірақ өмірде біз ойлағандай бола бермейді. Көз ілеспес шапшаңдықпен дамыған заманда елімізде небір өзгерістер болып жатыр. Соған сай заңдарымыздың да саны артып, құқық қор­ғау айдыны телегей теңізден мұхитқа айналғандай. Оған басы дауға қалып түскен адамның оңайлықпен жүзіп шыға қоюы да екіталай. Демек еліміздегі кез келген адамға құқықтық көмек ауа­дай қажет-ақ. Ал оны сізге алдымен кім бере алады?­ Әрине  адвокаттар дейміз. Бірақ теңіздің дауылына ұшы­рағандай дауға қалған адамды қазіргі адвокаттарымыз қорғап қала ала ма? Бар мәселе осында болып тұр. Заңды білемін дейтін адамдар көп, бірақ қай дауылдан да қорғай алатын құқық қорғаушы, яғни лайықты адвокаттар бар ма? Біліктілігімен, жауаптылығымен көрініп, заманға сай жаңа ой-өрісімен ақиқатты айқындап бере алатын заманауи қабілетті адвокаттар қашан және қайткенде қатарға қосылмақ?

Айта берсе сұрақ көп. Енді сол сұрақтарға лайықты жауап беру үшін Қазақстан Рес­публикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық сая­сат тұжырымдамасын және Қазақстан Рес­пуб­ликасы Президентінің жанындағы Құқық­тық саясат жөніндегі кеңесінің осы жылдың 8 ақпа­нындағы отырысында берілген тапсырмасын орындау мақсатында «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы дайындалды.

Бұл заң жобасы, жоғарыда айтқанымыздай, азамат­тардың кәсіби заң көмегін алу барысында олардың конституциялық құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғау­ды күшейтуге, сондай-ақ осындай қызметтерді көр­сетудің тетігін жетілдіруге бағытталып отыр. Ол қалай жүзеге аспақ? Біріншіден, адво­каттық қызметті жетілдіру ұсынылады. Ол үшін алдымен  адвокаттық қызметпен айналысуға тежеуші фактордың бірі болып табылатын адвокаттар алқасына кіру жарналарын төлеуге заңмен тоқтам салу бекітілді. Өйткені адвокаттық жұмыспен айналысу үшін адвокат­тық алқаға мүше болып кіру қажет. Ол үшін 800 мың тең­ге жарна төлеу керек. Бұған адвокат боламын деп тал­пын­ған жастың шамасы келе бермейді. Себебі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, адвокаттық қызметпен айналысуға лицензиясы бар 12 жарым мың адамның тек 37 пайызы ғана аталған алқаға мүше болған. Сөйтіп соңғы 4 жылдың өзінде адвокаттар саны 300-ге ғана өскен. Міне, сондықтан да алдымен адвокаттар алқа­сына кіру жарналарын төлеуге тоқтам салу ұсынылады. Бұл адвокаттар санының өсуіне, олардың арасындағы бәсекелестікті күшейтуге және оларды өз кәсіби деңгейін жоғарылатуға ынталандырады деген үмітті оятады.

Бұдан кейінгі басты мәселе, 2020 жылдан бас­тап адвокаттардың кәсіби, яғни олар­­­ға жүктелген  жауаптылығын міндетті сақ­тандыру тетігін енгізу. Осы  арада айта кетейік, міндетті сақтандырудың талаптары, сақ­тандырудың түрлері мен стандартты шарттары заңнамалық актілермен белгіленеді, ал сақтандырудың басқа шарттары тараптардың келісімімен анықталады. Ал адвокаттардың жауап­тылығын сақтандыру әлемдік тәжіри­беде, мәселен Германия, Франция секілді ел­дерде бар.

Сонымен қатар адвокаттарды тәртіптік жауап­кер­шілікке тарту қағидаларын жетілдіру қа­жет деп табылып отыр. Онсыз іс бітпейді. Ол үшін екі деңгейлі тәр­тіптік комиссия құ­ру ұсынылады. Олар аумақтық жә­не респуб­ликалық деңгейдегі болып, құрамы 6 адвокаттан, 3 уәкілетті органның өкілдерінен жә­не отставкадағы 2 судьядан тұрады. Бұ­дан соң адво­каттардың біліктілігін арттыру тетігін қайта қарау қолға алынуы тиіс. Өйт­кені қолданыстағы заңнамаға сәйкес Рес­публикалық және аумақтық адвокаттар алқасының біліктілігін арттыру көзделген. Алайда олардың біліктілігін арттыру кезеңдері белгіленбеген. Осы орайда, Республикалық адвокаттар алқасына біліктілікті арттыру тәртібін әзірлеу және бекіту құзыретін беру арқылы жыл сайын міндетті курстарын өткізу де көзделіп отыр. Бұл Франция, Ұлыбритания, АҚШ секілді елдердің тәжірибесінде бар. Айта кету қажет, оқытудан, яғни біліктілігін арттырудан өтпегендердің немесе одан бас тартқандардың жауапкершілігі заң жобасында қарастырылған. Бұдан байқағанымыздай, адво­каттар алқаларының мүшелері мен органдарын бақылау, адвокаттық ұйым қызметін реттейтін ішкі құжаттарды қабылдау аясында Республикалық адвокаттар алқасының функциялары күшейеді. Осылайша бұлар жүзеге асса, көрсетілетін заң көмегіне тарифтік кестені әзірлеу және бекіту талабы белгіленеді. Тарифтік кес­те Республикалық адвокаттар алқасымен әзірленеді.

Ал Президиумның, президиум төраға­сының, адво­кат­тар алқасының тексеру комис­сиясының, төрағасының, Республикалық адвокаттар алқасының президиумы және тексеру комиссиясының құзыретін бір мерзімнен артық жүзеге асырмауға шектеу қойыл­мақ. Осылайша РАА-ның төрағасы лауазымына та­лап­ күшейтіледі екен. Жобадағы тағы бір жаңалық,  «Е-адвокатура» ақпараттық жүйесін енгізу ережесі бекі­тілген. Оның мүм­кіндіктерін статистикалық есептерді, мемлекет кепілдік беретін заң көмегін көрсететін адвокаттар тізімін қалыптастыру барысында және т.б. жағдайларда пайдалануға болады. Алдағы уақытта ақпараттық жүйені мем­лекеттік органдардың жүйелерімен ықпал­дас­тыру да жоспарланып отырған көрінеді.

Біз бұл жоғарыдағы мәселелер туралы Әділет ми­нистрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметін ұйымд­астыру департаментінің директоры Бақтыгүл Атағазиеваға да жолық­қан едік. Ол ойымызды толық­тыра келіп: «Қол­даныстағы заңнаманы «Адво­каттық қызмет және заң көмегі туралы» негізгі заң жо­ба­сын­да көзделген нормаларға сәйкестендіру мақ­са­тында Әділет министр­лігімен ілес­пе заң жобасы әзірленді. Заң жобасы­ тұжырымдамасының салыстыр­малы кестесі 2 кодекске (Салық және Азаматтық процес­суалдық кодекстері) және 4 Заңға («Құқықтық актілер туралы», «Коммерциялық емес ұйымдар туралы», «Әділет органдары туралы», «Нотариат туралы») өзге­рістер мен толықтырулар енгізуді көздейді.  Мәсе­лен, нотариат қызметін жетілдіру аясында ке­лі­суді куәландыру үшін нотариаттық іс-әре­кетін ен­гізу арқылы нотариустардың құзы­ретін кеңейту ұсы­нылады. Келісім беру – өз еркін білдіру. Өз кезегінде мәмілені жасау­ға келісім алу заңды дәлел болып табылады. Сондай-ақ кәсіптің қолжетімділігі, лицензия қолданысының тоқтатыла тұруы, білік­тілікті арттыру тәртібінің қайта қаралуы ұсы­­ны­лып отыр. Ал адвокаттық қызметпен ай­на­лысқаны үшін тапқан кірістері бойынша адво­каттық кеңсенің мәртебесі салық төлеуші ретінде регламенттеледі. Өзін-өзі басқару институтының енгізілуіне орай, Аза­мат­тық процестік кодекстің сотқа қатысатын тұлға­лар­ды ауыс­тыру бөлігіне өзгерістер енгізу ұсы­нылады» деді.

Иә, бұл заң жобасы қазір қызу талқыланып жатыр. Түрлі пікірлер бар. Дегенмен кез келген заң жоба­сы, ең алдымен халыққа тиімді болуға тиіс. Сон­дықтан заңдарымыздың жақсы, әлсіз жақтарын әуелі заң­герлеріміз жетік білетіні анық. Бұл орайда біз Қазақстан Заң­герлері одағы төрағасының міндетін атқарушы Серік Ақылбайдан жоғарыдағы мәселеге байланысты сыр тартқан едік. Ол былай деді: «Қазіргі күні бүкіл қоғам болып талқылап жатқан маңызды мәселелердің бірі –  «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заң жобасы. Мен өзім де кезінде алғаш жұмысымды осы адвокат болудан бастаған едім. Адвокат болып қызмет істеген Кеңестік кезеңдегі мен қазіргі уақыттағы қорғаушылар ісінің айырмашылығы шамалы. Бірақ несін жасырайық, Кеңес кезінде адвокаттық алқа­ларда тәртіп болатын. Сондықтан да мына қазіргі заң жобасы адвокаттардың  жұмысын бір ретке келтіруді көздейді. Өйткені ел тәуел­сіздігі жылдарында сот жүйесінде де, құқық қорғау органдарында да көптеген өзгерістер болды. Жаңа технология­лар енгі­зілді. Соған сай қазіргі кезде процестер тез жүргізіледі. Ал адвокатура бұрынғы қалпында қалып қойды. «Баяғы жартас – бір жартас» деген секілді күй кешіп отыр. Өзгеріс жоқ. Тіпті кейбір облыстық адвокаттар алқасында 30-35 жылдан бері отырған төрағалар бар. Мұндай үрдіс басқа бірде-бір салада жоқ. Мәселен, соттарда төрағалар бес жыл са­йын ауыстырылады. Министрлік басшылары да үш-төрт жылда ауысып тұрады. Ал енді 35 жыл бойына бір алқада төраға болып отыру деген еш қалыпқа сыймайды ғой. Демек адвокаттар қызметін жақсарту мәселесі ешуақытта қозғалмаған деген сөз. Менің зерттеуім бойынша олардың беретін құқықтық көмектерінің сапасы алаңдатарлық, ал алатын ақылары өте жоғары. Көптеген адвокаттар бір істі бастар кезде алғы сөзін миллион теңгеден бастайды.

Қазіргі уақытта адвокаттарға ешқандай нақ­ты талап жоқ. Шетелге кетіп қалған бір адвокат мұндағы тергеуге қатысқан болып ордерге қол қойған. Бұл қылмыс қой. Бірақ ешкім мән беріп жатқан жоқ. Сонда неге мұндай жағдай орын  алды деген сұрақ туындайды. Адвокаттар ешкімге есеп бермеуіміз, тәуелсіз болуымыз керек дейді. Ал оларға ешкім бағынышты бол демейді ғой. Жұмысты заң бо­йынша адал атқару қажет. Жауапкершілік керек. Қазақстанда төрт мың адамға бір адвокаттан келеді екен. Ал Еуропа елдерінде екі жүз адамға бір адвокаттан ке­леді. Демек біз­дің елде адвокаттар саны аз. Соған сәйкес жаңа заң жобасы бойынша енді адвокаттық алқаға мүше болып оған лицензиясы барлар түгел қабылданады. Ендеше бұл заң жобасы ең алдымен азаматтардың құқы талапқа сай қорғалуы үшін қажет және ол адвокаттардың процессуалдық құқығын күшейтеді».

Әрине біз назар аударған жаңа заң жобасында көп нәрсе айтылады. Оның бәрін бір демде талдап шығу мүмкін емес. Халыққа керегі дер кезінде қолжетімді әрі сапалы және тиімді құқық көмек алу. Егер заң жобасы осы талап деңгейінен шығып жатса, ол адвокаттардың процессуалдық құқығын арттыра түсері анық. Сонымен қатар аталған заң жобасында «заң кеңесшілері» деп аталатын жеке практикамен айналысатын заңгерлердің қызметін заң тұрғысында регламенттеу де ұсынылады. Заң көмегін көрсететін субъект ретінде кеңесшілердің құқықтық мәртебесі, құқықтары мен міндеттері анықталып, олар­ды міндетті сақтандыру көзделеді. Заң кеңес­шілері өзін өзі реттейін ұйымдарға – заң кеңес­шілерінің палаталарына бірігеді де, оларға кіру жарнасын төлеуге шектеу салынады. Өзін өзі реттеу ұйымында мүше болу сотта өкіл­дік ету үшін міндетті талап болып табылады. Ал заң көмегінің басқа түрін көрсететін заң кеңесшілерінің аталған палаталарға кіруі ерік­ті негізде жүргізіледі. Жалпы алғанда заң кеңесшілері палаталарының ұйымдық құры­лымы адвокаттық алқалармен ұқсас болмақ. Демек бұлардың бәріне талдау жасай келе байқағанымыз, аталған заң жобасы жоғары кәсіби заңгер мамандарға халықты қолжетімді және сапалы заң көмегімен талапқа сай қамтамасыз етуіне жол ашады деген ойға жетелейді. Сонда адвокаттық қауқарлы көмекке еліміздің әр азаматы кеңінен кенеле түспек.

Александр ТАСБОЛАТ,
«Егемен Қазақстан»