Қазақстан • 24 Қазан, 2017

Жыл өткен сайын астық сапасы артып келеді

209 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Мәжілісінде «Агроөнеркәсіптік кешенді дамы­ту карталары – ауыл шаруашылығын мемлекеттік қол­дау­ды жетілдіру жөніндегі одан әрі шаралар» тақырыбында Үкі­мет сағаты өтті. Мәжіліс Төрағасының орынбасары Вла­ди­мир Божко жетекшілік еткен отырыста Қазақстан Респуб­ликасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Асқар Мырзахметов негізгі баяндама жасап, саланың жай-күйінен халық қалаулыларын хабардар етті.

Жыл өткен сайын астық сапасы артып келеді

Өз кіріспе сөзінде ауыл шаруа­­­­­шылығы саласын дамы­ту­ға қатысты нақты мақ­сат-мін­­дет­т­ер мен ай­қын­далған жос­пар­­­­лы бағдарламалар Мемле­кет бас­шы­сының дәстүрлі Жолдауы мен ел Үкіметіне жүктеген тап­сыр­­ма­ларында көрініс беретін­дігін атап өткен В.Божко Қазақ­стан­ның әлеуметтік-эконо­мика­лық өсу қарқынына қатыс­ты пікірін білдірді.

Ал аталған бағыт бойынша атқарылып жатқан жұмыс­тар жөнінде сөз алған Ауыл ша­руа­­шылығы министрі Асқар Мыр­зах­метов мемлекеттік бағ­д­ар­­ламаны іске асырудың ал­­ғаш­қы 9 айында оң нәти­ж­е­­ле­р бай­қалатындығын баян­­дады. Бү­гінгі таңда ауыл шаруа­шы­­лы­ғы өнімдерінің өндіріс көле­мі 2 пайызға жуық өсіп, мал шаруа­шы­лығы өнім­дерінің өндірісі 3,3%-ға, ет өндірісі 5,7%-ға, сүт өндірісі 2,8%-ға ұлғайған. 

«Сол сияқты өсімдік шаруа­шылығында да өндірістің ұлғай­ғаны байқалады. Ал осы күн­дері дәнді дақылдарды жинау аяқталып келеді. Яғни 15,3 млн гектар жерден өнім жиналды. Жұмыс қарқыны өткен жылға қара­ғанда 1,1 млн гектарға жо­ға­ры болып, 21,9 млн тонна ас­тық бастырылды», деді А.Мырзахметов.

Министрдің айтуынша, тұ­қым шаруашылығын  мемле­кеттік қолдау мен минералды тыңайтқыштарды қолдану бойынша қабылданған шаралардың арқасында ағымдағы жылы 3-сыныпты астықтың үлесін 65%-ға дейін ұлғайтуға мүм­кіндік туын­даған. Өткен жылғы көр­сет­кіш 44%-ды құраған екен. Тағы бір айта кетерлігі, биыл­ғы астықтың 34%-ының дән ма­ңы­зы өткен жылғы 9 пайыз­дық көр­сеткіштен 25 және одан жоғары деңгейге жеткен.

Саладағы соңғы жаңашыл­дық­тың бірі – Мемлекет бас­шы­сының бастамасымен ауыл шаруашылығын кооператив­тен­діру мәселесіне қатысты жайт­­тар болды. Бұл бағытта министр­лік мамандары арнайы кооперация картасы әзірленіп, қолданысқа енгізілгенін алға тартты.

«Ауыл шаруашылығы коопе­рациясы картасы 2016 жыл­дың соңынан бастап іске асы­рылуда және ағымдағы жы­лы алғаш­қы нәтижелерге қол жеткізілді. Бүгінде 56 мың­нан астам жеке қосалқы шаруа­шылық пен ұсақ шаруа қожа­лығы ірілендіріліп, 745 коопера­тив құрылды. Өзін өзі жұмы­спен қамтығандар мен жұмыс­сыздар 5 968 бордақылау алаңын құрды. Осылайша, мұндай санаттағы адамдардың бар­лығы да дара кәсіпкер ретін­де қайта тіркелді. Қазіргі кезде бордақылау алаңдарының қуаттылығы 102,5 мың басты құрайды және 44 мың тоннадан астам сүт пен 13 мың тонна ет дайындалды», деді А.Мырзахметов.

Ауыл шаруашылығы ми­нистр­­лігінің мәліметінше, жүр­­­гі­­зілген салалық талдаулар нәтижесінде жыл сайын елі­мізде 7,8 млн тері шығарыл­ғаны­мен, оның тек 2 пайызы ғана өңделетіні анықталған. Тері өңдейтін 5 зауытқа жиын­тық көрсеткіштің тек 5,5 пайы­зы ғана жүктелген. Ал жүн өң­дей­тін кәсіпорындар көрсеткіші шама­мен 12,7 пайызға тең. Осыған байланысты қазіргі кезде мал сою пункттері жанынан жаңадан 30 жүн дайындайтын және 135 тері дайындайтын бекеттерді құру көзделіп отыр. Сондай-ақ 2 531 шалғайдағы жа­йылым учаскесі мен 1 747 қол­дан ұрықтандыру пунктін іске қосу жоспарлануда. Жұмыс істеп тұрған 2 кәсіпорынды жаңғырту және жүннің барлық түрін кешенді қайта өңдеуге мүмкіндік беретін заманауи технологияларды қолдана отырып, 1 зауыт салу мәселесі шешілген. Нәтижесінде, мал басы 2021 жылға қарай 2,7 миллионға, ал қой шаруашылығы өнімі 2 есеге өсетіні болжануда.

Сонымен қатар Асқар Мыр­захметов елiмiзде ауыл шаруа­шылығы техникасының тозығы жеткенiн де өзекті мәселенің бірі ретінде атап өтті. Оның дере­гінше, қайта жарақтандыру түйі­нін тарқату үшiн түрлi жеңiл­дiк­терден тұратын шаралар кешенi әзiрленген. Парк­тер­ге жүргiзiлген талдау нәти­же­сінде тракторлардың 65 па­йы­зы­ның және комбайндардың 46 па­йы­зының қолданылу мер­зiмi 17 жыл­дан асып кет­кенiне көз жет­кізіл­ген. Бұл ретте, трактор­лар­дың 20 пайызы жұмыс iстемейдi, ал 26 пайызы есептен шығаруға жатады. Комбайндар бойынша да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан. 

«Мұның бәрі де шаруалар­дың ар­тық шығындануына соқ­тыру­да. Қуатты комбайндар мен тракторлардың импор­тын алмас­тыруға бiздің қау­қары­мыз жет­кі­ліксіз екенi түсi­нiктi, десек те топырақ өңдей­тiн және азық дайындайтын техника секiлдi «шағын механи­ка» құралдарының импор­ты бойынша жағдайды өзгер­туге күшiмiз жетедi», дедi ауыл­шаруашылық техникаларын қай­та жарақтандыру карта­сымен таныс­тырған А.Мырзахметов.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»