Бұл мектептің жеке тарихының айтарлықтай үш ерекшелігі бар. Біріншісі – осыдан 40 жыл бұрын, яғни 1977 жылы қыркүйек айында Шевченко (қазіргі Ақтау) қаласында алғаш ашылған қазақтілді мектеп болуы. 51 сыныппен ашылған мектеп алғашқы оқу жылын 1357 оқушымен бастаған еді.
«Қазақша алған білім сапасыз, сондықтан басқа тілдерде оқыту қажет» деген қасаң қағиданың тас-талқанын шығарған жас білім ошағы білім беруде тыңғылықтылығы мен ұстаздарының өз ісіне деген ықыласының арқасында бірден алдыңғы қатарлылардың санатынан табылды. Осы абырой, осы сенім мектепті 2008 жылы Ақтау қаласы әкімінің шешімімен «№11 мамандандырылған физика-математика мектебі» атандырды. Мектеп ұжымы оқушыларға физика мен математиканы тереңдете оқыту бағытында іске кірісті. Бұл – мектептің екінші ерекшелігі еді.
Уақыт жылжып, тәуелсіз Қазақстан әлем елдерінің озық үлгілерін өз тәжірибесіне енгізген сайын, басқа салалар секілді білім беру саласында да біраз жаңалықтар қолданысқа енді. Ол жаңашылдықты енгізу мектеп ұстаздарына зор жауапкершілік жүктеді.
– Қазақстанның әлемдік үрдістерге кірігуі, дамыған елдердің стандарттарына деген ұмтылысы білім беру жүйесінің жана сапалық деңгейге өту қажеттілігін туындатуда. Осыған орай қазіргі кезде білім беру жүйесінде жасалып жатқан мақсатты мүддеге сай оқушылар шығармашылығының қалыптасуында табысты істер аз емес. Мектебіміз «Дарын» бағдарламасы бойынша ерекше талантты, дарынды жас зерттеушілерді таңдау арқылы түрлі бағытта жұмыс жүргізіп келеді. Жеке тұлғаның шығармашылық әлеуетін және қабілетін дамытуға, зерттеу білігі мен дағдыларын қалыптастыруға бағытталған қазіргі инновациялық-педагогикалық технологиялардың бірі – оқушылардың ғылыми-зерттеу жұмысы. Осыған орай білім мекемесінің оқушылары қалалық, облыстық, республикалық деңгейдегі шараларға белсене араласуда, – дейді білім ордасының басшысы Гүлзада Еңсегенова.
Мектеп директорының айтуынша, әр баланың жеке қабілет ерекшелігін ашу үшін пәндер бойынша өткізілетін олимпиадалардың орны ерекше. Өткен оқу жылында аталмыш мектептен қалалық деңгейде өткізілген пәндер олимпиадасына 57 оқушы қатыстырылып, оның 28-і жүлделі орынға ие болса, республикалық олимпиададан Әсел Ихсанова, Заман Құрмет атты оқушылар жүлделі оралған. Өз білімін дәлелдеген Әсел Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысымен облыс бойынша жоғары ұпай саналған 135 балды жинап, «Алтын белгісін» абыроймен қорғап шықты. Мектептер, оқушылар мен ұстаздар арасындағы қалалық, облыстық сайыстарда бұл мектептің топ жарған кездері аз емес, бірақ оны тізудің мүмкіндігі де, қажеті де жоқ.
Алайда мектептің аты озып, балапандай баптаған шәкірттерінің терең білім алуына тер төгіп жүрген республикалық «Үздік педагог» сайысының жүлдегері, «Жыл адамы» атанған математик Маржан Асылбаева, оқушылары әрдайым республикалық пәндік олимпиадалардан жүлделі оралатын орыс тілі пәнінің оқытушысы Қымбат Көбенова, шәкірттері химиядан қалалық, облыстық сайыстарда жеңіспен қуантатын химия пәнінің мұғалімі Райхан Шарауова, сондай-ақ физиканы ағылшын тілінде оқытып жүрген жас маман Жазира Ықыласова сынды ұстаздардың есімін ризашылықпен атауға міндеттіміз. Ұстаздардың еңбегі нәтижесінде 2016-2017 оқу жылында мектеп түлектерінің 70 пайызы мемлекеттік грант иегерлері атанды.
Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы және білім беруді дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған басым бағыттарын жүзеге асыру аясында Қазақстанда орта білім мазмұнын жаңарту жұмыстары жалғасуда. Осының аясында жаңа мемлекеттік жалпыға міндетті бастауыш білім беру стандарты, бастауыш мектепке арналған үлгілік оқу жоспарлары және оқу бағдарламаларын апробациялау жүргізілуде. Ел Үкіметі жаңартылған білім беру мазмұнына көшудің тұжырымдамалық тәсілдемелерін мақұлдап, 2015 жылы еліміздегі 30 мектепте білім берудің жаңартылған мазмұнын енгізу жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылдаған болатын. Біздің мектебімізге республика бойынша 30 мектептің құрамына ену мүмкіндігі туды, дейді мектеп басшысы бізбен әңгімесінде. Ұстаздар енді жаңартылған білім мазмұнын өз бойларына сіңіріп, оны ұрпақ тәрбиесіне енгізу үшін еңбектенуде.
2008-2009 оқу жылында мектепке мемлекет және қоғам қайраткері, 1973 жылы құрылған облысқа басшы болып келген азамат, 1973-1980 жылдары Маңғыстау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып табысты еңбек еткен Тұтқабай Әшімбаевтың есімі беріліп, мектеп ауласына қайраткердің бюсті қойылған болатын. Сол жылы мектеп ішінен Т.Әшімбаевтың мұражайы ашылып, күні бүгінге дейін жас ұрпаққа кешегі аға буынның өнегелі ісін насихаттайтын үлгілі орын қызметін атқаруда. Алайда мектептің үшінші ерекшелігі саналатын бұл бастама аяқсыз қалып, әлі ресми күшіне енбеген күйінде тұр екен.
...Мектеп дәлізі оқушылардың сыңғыр үні мен балғын күлкісіне толы. Ол – адалдықтың ұясы, балалық шақтың бесігі, оның есігінен аттамаған адам жоқ және ол сонысымен барлық адамға ыстық, қадірлі, киелі болып қала береді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы