Қазақстан • 24 Қазан, 2017

Ақтөбе облысында үш ауысымдағы мектеп жаңа ғимаратқа көшті

376 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батырлар елі атанып, халқы­мыздың небір әйгілі ұлдары мен қыздары дүниеге келген қойнауы құт Қобда ауданында жыл сайын жағымды өзгерістер болып жатады. Таяуда ғана ауданда сыңғырлаған су жаңа 320 орындық жаңа мектеп-гимназия ғимараты салынып, пайда­лануға берілді.

Ақтөбе облысында үш ауысымдағы мектеп жаңа ғимаратқа көшті

Суреттерде: жаңа мектеп ғимара­ты­н­ың ашылу рәсімінен көріністер

Қобда – халқымыздың демо­графиялық өсіміне де өз үлесін қосып, бесіктері тербетілуден толастамай келе жатқан өркенді өңір. Мұнда өмір­ге келген нәрестелердің саны об­лыс­тағы өзге өңірлермен салыстыра қарағанда біршама жоғары. Бұл жағым­ды жайт аудан орталығындағы мек­теп үйінің тарлығын көрсетті. Сон­дық­тан оқушылар үш ауысымдық оқу тәртібіне көшкен болатын.

Енді міне, осы бір уақытша қо­лай­сыздық артта қалып, текті топы­рақтың ұл-қыздары заманауи зәулім ғимаратта оқуларын жалғастырды. Жаңа ғимаратта оқушылардың сапалы білім алуына барлық жағдайлар жасалған, соңғы үлгідегі ақпараттық технология жетістіктерімен жарақ­тандырылған.

Атап айтқанда, үш қабатты еңселі нысанда спорт және мәжіліс залдары, кітапхана, асхана және жаңа модификацияға негізделген оқу кабинеттері бар. Медиатека дейсіз бе, қысқы бақ дейсіз бе, осының бәрі қобдалық жеткіншектердің жан-жақты үйлесімді дамуына қызмет жасамақ. Гимназия мәртебесін иеленген айрықша сәулет жобасының жалпы құны 760 миллион теңгені құрайды.

Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»

Ақтөбе облысы