Тарих • 24 Қазан, 2017

Ибраһим Ағытайұлы туралы бір үзік сыр

1122 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қазақтың рухани ұстазы Ахмет Байтұрсыновтай кемең­гердің кіндік қаны тамған Тор­ғайдың Ақкөлі маңайындағы табиғат қаталдығына кім де болса таңданысын жасыра алмас еді. Ахаңның аталарының, ағасы Қалидың бейіті де осында жатыр.

Ибраһим Ағытайұлы туралы бір үзік сыр

Мазардың кесегін жел мен күн жеп бітірген. Көктен тамшы тамбайтындықтан мұнда жердің таңдайы кеберсіп, сол маңның шөбі шілде түспей-ақ күйіп кетеді. Аспан айналып жерге түсетін ыстықтан су емес, топырақ қайнағандай. Ұстарға бұтасы жоқ сары далада нағыз оазис секілді Ақкөл жатыр айнадай боп. Басын Ұлытаудан алатын Жыланшық өзені тасыған жылдары ол да шалқиды, ал өзеннің арнасы толмаған жылдары көлдің суы да қаймақтанып қала береді.

Ахаңның өміріндей табиғаты аса қиын осы Ақкөлдің төңірегінде Ахметтің түп бабасы болатын Үмбетей батыр ұрпақтарының бірі Ибрагим Ағытаев та туып-өсті. Өзі со­ғыс­­­тың қайнап тұрған кезінде ту­ды. Сәбиі бір айға толмастан ана­сы колхоздың өгізін бағуға жегіліпті. Ауылда ер-азамат қал­май бара жатыр, майданнан «қара қағаздар» келуді жиі­леткен. Қайғы мен ауыр тір­ліктен шыңы шығып отырған абы­сынға өзгенің шаранасын бағу оңай ма? Бала жылай бергенде «туа сала бәрін жалмаған жалмауыз-ай!» деп кейіп қояды екен. Ана мен бала байғұс қашанғы жыласын, еңбек армиясына кеткен әкесі қолының жарамсыздығынан босап келіп, даланың аң-құсын атып, одан жылқы бағып, ілеске ілесіп ке­теді.

Шынашақтай бала жар­биып әкесі Ағытайдың қасынан қалмайды, төрт жасынан тайға мінеді. Әкесі онсыз да қырыла-қырыла азайған ағайынды бөле-жармай, тапқанын бөлісіпті. Баласына да «ана кемпір-шалға сәлем бер, әкесі соғыста өлген мына баланы жылатпа, ана бала атадан жалғыз еді, қасыңа ертіп ойнат» деп, бәрін бауы­рына тартып үйретеді. Әке тәрбиесі Ибрагимді көпшіл етті және кішкентайынан ауылдағы қариялардың әңгімесін тыңдап, елгезек, сөз ұққыш болып ер жетті. Сонда әбден зәрезап бол­ған ауылдағы шалдар «қайран, Ахаң, Ахаң» деп күбірлесіп отырар еді, одан қалған сөздерді айтар еді, шежіресін таратар еді.

Ибрагим мектепті бітірген соң, Қызылорда педагогикалық институтына оқуға түсті. Емти­хан қабылдап отырған профес­сор­ кісі: «Қайдан келдің, балам?» деп сұрайды. «Торғайдан, Ақ­көлден келдім» деп тақ ете қалады бұл. Профессор селк ете қалғандай болады, алдындағы абитуриенттен көзін алмай, ойға батқан күйі үнсіз қалып, бірақ ләм демеді. Студент атанған соң әлгі профессордың Әуелбек Қоңыратбаев екенін білді. Ол кезде жастықпен аса мән бермесе де, бір сәттік сурет ғұмыр бо­йы көз алдында қалған.

– Ұстазымыздың бойын жиып­ ал­­ған­дай әрі маған тесіле қа­ра­­ғанының жұмбағын Ахаң 1988 жылы ақталғанда бір-ақ білдім ғой. Әуелбек ағамыздың көз алдында Ахаңның рухани алып тұлғасы мен ол көрген мехнат тұрды ма екен, айтуға тіл жоқ болғандықтан бәрін де ішіне жұтқан бір сәтіне куә болған шығармын деп ойлаймын қазір,–дейді Ибрагим аға. Ақталғанда Ахаңның аруағы тұтас елдің рухын ас­пан­ға көтерді. Ол кез­де ауыл­да Ахметтің көзін көр­ген, Ахаң­ үшін жазықсыз жаза­ланған­дарды, тіпті сол үшін қаза бол­ған­дарды білетін шалдардың көзі тірі болатын. Ибрагим аға ­Ахметтің шежіресін сонау Үм­бе­тей батырдан қайырып айтатын сол ауыл ақсақалдарының әңгімесіне қанық-ты.

Ахаң Ақкөлінің тұзы сор екен. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардағы нарық қиын­дығының құрығы алдымен Ақ­көл төңірегіне жеткендей еді. Ұзын сөздің қысқасы – облыс орталығына жақын табиғаты тамылжыған Әулиекөлде тұрып жатқан Ибрагим Ағытайұлы жұрт қалаға қашып жатқанда, азып-тозған ауылына көшіп келді. 1997-1998 жылдары ауыл­ға әкім болып сайланды. Ол кезде Торғайда бір қап ұн­ның бағасы бір қой боп, жыл­қыны ұры меншіктеп, ел күйзеліп, жастардың рухы түсіп, ішімдікті айналшықтап қалған болатын. Тығырықтан қалай жол табуға болады? Ол күндіз-түні ойланды, ауыл осылай болып құрдымға кете бере ме? Ойлана келе адамдардың, әсіресе, жастардың рухын көтеру керек деп шешті. Өзі Ахмет Байтұрсыновты берген әулеттің бұрыннан жинап жүрген шежіресін «Бабамыз–бекзат, данышпан» деген атпен кітапша етіп шығарды. Ахмет Байтұрсыновтың шыққан тегін білгісі келетіндерге бұл кітапша тамаша дереккөз болары сөзсіз.

– Елбасының 2000-шы жыл­ды Мәдениет жылы деп бел­гілегенін арқа тұттым да, сол жылы ел ағаларынан комиссия құрып, Ақкөлде Ахаң ауылдастарының, Үмбетей ұр­­пақтарының қауышуын ұйымдастырдым. Оған Қостанай мемлекеттік университетінің сол кездегі ректоры, марқұм Зұл­қарнай Алдамжар қатысып, Ахаң ақталғалы оның туған жерінде болған тұңғыш шараға 40 мың теңге шашу шашты, екі студентке шәкіртақы тағайындады. Бұл сол кездегі өлшеммен аз қаржы емес еді. Торғай төңірегінен шыққан ақын-жазушыларды шақырдым. Шарада палуан күрестіріп, ат бәйгесін жібердік. Келген қо­нақтарға Ахаң әулетінің ше­жіресі, әлгі «Бабамыз – бекзат да­нышпан» атты кітапшамды тегін тараттық, – деп еске алады Ибрагим аға. Бәйге мен палуан күрестің жүлдесіне тапқанынша қой, баспақ тіккен болатын, Ибрагим аға қыза-қыза өзінің мініп жүрген ескі машинасын да жүлдеге салып жібереді. Ауылдың еңсесін бір көтеріп тастаған жиынға разылығын білдірген белгілі ақын Серікбай Оспанов сол жерде:

«Ұмтылған елміз ғой күн жарығына,
Таңқалдым таңғажайып танымыңа.
Рахмет, ағатайым Ағытаев,
Нәр бердің ауылыңның тамырына!»

деп табан астында суырып айтып жіберген екен.

Ауыл әкімінің осы еңбегі және ел тұрмысындағы ілгері­леу­шіліктер үшін облыста екін­ші болып «А.Байтұрсынов меда­лімен», облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

– Ақкөлдіктердің қазір жағ­дайы қалай?–дейміз оған.

– Сол қиын жылдары ауыл­дастар малды тауысқан соң, олар­дың жәрдемақысын қолына бер­мей, қой, қозы, бұзау алдыратынмын. Оған уақытысында реніш те, арызданып, әкімге барғандар да болды. Қазір сол қозы мен қой әр үйде қоралы уақ мал, үйірлі жылқы, табынды сиыр болған. Ештеңеден кем емес. Баяғыны еске алып, маған рахметін айтады, –дейді ол.

 Ел экономикасының өсуіне қарай, алыстағы ауылда да жұрт­тың тұрмыс жағдайы жақсарды. Қайсы жылы Ибрагим ағаның ауылдың оншақты баласын ертіп алып, Семейге қарай, Абай, Шәкәрім жатқан Жиде­байға жол тартқаны да қызық. Балалар жазғы каникулға шығы­сымен олардың ата-анасымен сөйлесті, жол қаражатын алды. Жидебайдағы ұлылардың рухына тәу етті, Абайдың музейін тамашалатты, жолай Бөрлідегі Мұхтар Әуезов музейіне соқты. Ауыл балалары рухани теңізді кешкендей әсермен қайтты.

– Балаға халқының тарихы,­ туған жерден кімдердің өт­кені, ата-бабасы туралы айтып­ отырмасаң, көкірек көзін ашпа­саң зиялылық қайдан келсін? Ба­ла тәрбиесін тек мектепке артып қоюға болмайды, – дейді ол сөз арасында. Елбасының «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылатын ұлттық код үшін аға ұрпақтың жауапкершілігі болуы тиіс деп санайды кейіпкеріміз. Оны осындай ісімен дәлелдеп те жүр.

Ибрагим Ағытайұлы Ах­мет Байтұрсыновтың өмірін­ танымдық зерттеуді жалғасты­рып келеді. Ахаңның жұбайы Бәд­рисафаның тағдыры туралы мәліметтер жинау үшін «Бәд­рисафа» тарихи-танымдық экспедициясының белсенді мү­шесі ретінде Әулиекөл, Қар­қаралы мен Семей, Орынбор, Том, Омбы қалаларына сапарлады. Өзі бастама көтеріп, ауылдастарын асарлатып, Ахаңның бала кезде тұрған үйін қалпына келтірді. Ибрагим ағаның ұйым­­­­дастыруымен Меңдіқара ауда­нында Бәдрисафаға бел­гі, Әулиекөлде Ахмет Байтұр­сыновқа ескерткіш-мүсін қойы­лып, облыс әкімі Архимед Мұ­­хам­бетовтың қолдауымен республикалық ғылыми-прак­тикалық конференция өткі­зілді. А.Байтұрсыновтың туған күнін нақтылау туралы оның ұсыныстары, зерттеулері де айта қаларлықтай. Журналис­тиканың ауылынан да хабары бар Ибрагим ағаның А.Байтұрсынов туралы «Аңсатқан Ахаң елі», «Ақ жолмен жүрген асылдар», «Ахаң – ұлттық руханияттың ұлы тіні», «Ахаңды қудалау бабасынан басталған», тағы басқа мақалалары танымдығымен бағалы.

Ибрагим Ағытайұлы – құт­ты шаңырақтың бас иесі. Елу жеті жыл отасып келе жатқан жұ­байы Зәуре апай екеуі ал­ты бала тәрбиелеп өсірді, бәйтеректей бұ­тақ жайған үлкен әулет болды.

– Үмбетей батырдың 26 баласы болған. Оның төртеуін жаугершілікте асырап алған екен. Алты әйелінің бесеуі қал­мақ­тан олжалаған қыздар болыпты. Ахаң Үмбетей баба­мыздың қазақ анамыздан, біз қал­мақ анамыздан тараған ұрпа­ғымыз. Менің кішкентай, қысық көз, қиғаш қас болып қалғаным содан болар, – деп әзіл де айтып қояды Ибрагим аға. Ал адам­ның ірілігі ісінде болса керек. Ата-баба мен бүгінгі ұр­пақ арасындағы рухани тін үзілмеуін ойлап, үндемей жү­ріп-ақ үлкен істер бітіретін Ибра­гим ағаны ірі емес деп кім ай­тар?

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,
«Егемен Қазақстан»

ҚОСТАНАЙ

 

Соңғы жаңалықтар