Әлем • 24 Қазан, 2017

«Егемен» төрағасы Жапониядағы негізгі басылымның бірі «Асахи Шимбун» басшылығымен кездесті

411 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Жапонияның ең ірі газеттерінің бірі Асахи Шимбунның Токиодағы бас ғимаратында болып, басылым қызметімен танысты және екіжақты әріптестік орнату мүмкіндіктерін ұйым басшылығымен талқылады.

«Егемен» төрағасы Жапониядағы негізгі басылымның бірі «Асахи Шимбун» басшылығымен кездесті

Тараптар әлемдік баспасөздегі соңғы трендтер туралы сөз қозғап, цифрлық журналистиканың болашағы туралы ой бөлісті. Сондай-ақ Асахи Шимбун газетінің Халықаралық жаңалықтар бөлімі редакторының орынбасары Жун Ножима мырза заманауи техникамен жабдықталған газет баспасындағы мақалалардың қағаз бетіне басылып, өңделіп, оқырманға жол тарту процесімен егжей - тегжейлі таныстырды.

Кездесу соңында тараптар екі газет арасындағы байланысты келешекте нақты келісім мен жобалар арқылы бекіту туралы уағдаласты.

Айта кету керек, Асахи Шимбун Жапониядағы ғана емес, әлемдегі ең ірі газеттердің бірі. Басылым 6,2 млн тиражбен күніне екі рет шығады. Газеттің әлем бойынша 320 офисі мен 39 бюросында 4500 астам қызметкер жұмыс істейді.