Театр • 25 Қазан, 2017

Сахна өнерінің сұңғыласы - Әшірбек Сығай

1055 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Шын дарынның бағасын дәл уа­қы­тында беріп, талай талантты сұң­ғылалығымен тамыршы секілді тура таныған белгілі театр сыншысы, үлкен өнер зерттеушісі Әшірбек Сығай қа­ра қылды қақ жарған әділдігімен, шын­дыққа іңкәрлігімен ел есінен мәңгілік орын алды.  Театр туралы арқаланып сөйлегенде бойына тың күш келіп құ­йылғандай, тұтқиылдан тап келген қара құйын секілді, ақ семсер сөзін қарша бо­ратып, ақталарға сөз таптырмай, алды-артын тұтас орап сөйлейтін Әшірбек сыншы дәл бүгін әр актерге жетіспейді-ақ.

Сахна өнерінің сұңғыласы - Әшірбек Сығай

Театрдың төңірегінде жүргендер де, өнер мен мәдениетті саралайтындар да алдымен «Әшірбек не дер екен?» деп аузына қарап, алдына жүгінетіні кеше ғана сияқты еді. Күлбілтелемей кесіп айтатын  мінезіне кеңдігі мен жайсаңдығы қоса жарасып, кеше ғана айтқан қат­ты сынынан бү­гін бір мысқал да ызғар қалдырмай, ымыраға тез келе қоятын кешірімшіл қасиеті өнердегі әріптестерінің өзіне деген ықыласы мен құрметін арттырмаса, кеміткен жоқ. Мінезіндегі тура­лыққа тәнті болмайтын, от ауыз, орақ тіліне сүйсінбейтін, баппен жеткізетін дауысының әуезіне елітпейтін адам кемде-кем еді.

Әр сөзі маржандай тізіліп, сөйлегенде тыңдаған құлақты ұйытқан, сынап тұрып сипай қамшылауды білмеген, қамшы тигенін қайраттандырған қазақ өнерінің жанашыр қазанатының жүрегінің тоқтағанына да биыл үшінші жылдың жүзі болды. Театр өнерінің біртуар білгірі тірі болғанында 70 жасқа толып, қазан айын қуанышпен қарсы алып жатар еді. Орта толтырып өзі отырмаса да, қаумалаған қалың қазағы бірегей ұлының есімін ардақтап, М.Әуезов атындағы Қазақ мем­лекеттік академиялық драма театрында өнерсүйер қауымның басын қосып, дүркіретіп игі шара өткізді.

«Өнерге ащы тері тамып қызмет еткен, сол өлкенің өркен жаюына өлшеусіз үлес қосқан біртуар маңғаз азаматым» деп ұлықтады. Әшірбек ағамыздың өз әлемі сияқты бұл кеште де тек әдемі сыр ғана ақтарылды. Театртанудың тірі шежірешісіндей болып, арғы-бергі тарихты  таразылаған танымы таңдай қақтырмай қоймайтын сыншының азаматтық, қайраткерлік қасиеттерін өнердегі ағалары мен әріптестері жарыса айтып, жан жадыратар естеліктерін риясыз көңілмен білдірді. КСРО Ха­лық артисі Хадиша Бөкеевадай сахна саң­лағынан тәлім алып, белгілі театр сыншысы Бағыбек Құндақбаевтың ізімен сын жазып, Мәдениет министрінің орынбасары лауазымына дейін қызмет атқарған Әшірбек Сығаевты руханият­ саласымен біте қайнасып жүрген Ал­маты қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаевтың «Билік саласында жүріп те мәдениетке шығармашылық көзбен қараған асылдарымыздың соңғы легі» деп бағалауы театр сыншысының азаматтық болмысын айшықтаған арда сөз ретінде қабылданды. 

Театрдың төңірегінде әйгілі режиссерлер, белгілі драматургтер, атақты актерлер толып жүрсе де, сахна өнерінің жал­ғыз сұңғыласы һәм бас маманы деп ел-жұрты Әшірбек Сығайды таныды және бұл өтірік емес. Қадыр Мырзалиев, Серік Тұрғынбек, Исраил Сапарбай, Шөмішбай Сариев секілді қазақ поэзиясының ірі өкілдері Әшірбек Сы­ғайға әр кезде өз өлеңдерін арнады. Бұл жүрекжарды жырларды Қазақ­станның еңбек сіңірген қай­раткерлері Саят Мерекеұлы, Төлеу­бек Аралбаев, Бақтияр Қожа және Жалғас Толғанбай сахна төрінен жолдағанда, ақындардың шыншыл азаматтың тұлғасын танудағы шеберліктері талай жүрек шымырлатты. Кеш ажарын Нұрғали Нүсіпжанов, Сәкен Қалымов, Бақыт Шадаева, Бекжан Тұрыс секілді Қазақстанның белгілі өнер шеберлері орындаған шуақты әндер аша түсті.

Кеңпейіл, дарқан мінезді адамның ізденім­паздығы, жалғандыққа, жағым­паздыққа төзе алмайтын турашылдығы, өнер үшін шырылдап, отқа түсе жаздайтын қайсар қасиеті туралы жанын­да жүріп талай жыл жолдас бол­ған ақын, Қазақстан Жазушылар ода­ғының төр-а­ғасы Нұрлан Оразалин, Қазақ­станның Еңбек Ері Асанәлі Әші­мов, Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаевтар өздері куә болған оқи­ғаларды еске ала тұрып, елжірей әңгімеледі. Театр өнері, сахна сыры туралы тұп-тура жиырма кітап жазған Әшірбек Сығай өзі қаншалықты ағыл да тегіл мол білімнің иесі болса, ол туралы естеліктердің де ешқашан ескірмейтінін, толастауы да мүмкін емес екенін осы кеш көрсетті.  

 

 

 Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»

 АЛМАТЫ