Қазақстан • 25 Қазан, 2017

Үнемдеудің жолы – жаңғырмалы энергия

753 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Энергияны тиімді пайдаланған жағдайда тұрғындар коммуналдық шығындардың біршама төмендеуіне, өмір сүру қолайлылығының артуына қол жеткізе алады. Ал мемлекет ресурстарды үнемдеп, өнеркәсіп өнімділігінің және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында айтылды.

Үнемдеудің жолы – жаңғырмалы энергия

Баспасөз мәжілісіне Энергетика министрлігі жанындағы Қоғамдық кеңестің экология жөніндегі комиссия жетекшісі Салтанат Рахымбекова, «Led System Media» ЖШС директоры Амангелді Таукенов, техникалық ғылымдар докторы Баянды Диханбаев қатысып, көрмеде ұсынылған жобалар, олардың біздің елге тигізер пайдасы жөнінде айтып берді.

ЭКСПО-2017 көрмесін өткізу әлемнің ең үздік технологияларын шоғырландыруға, сондай-ақ отандық ғылымның әлеуетін ашуға септігін тигізді дейді мамандар. Бұл ретте энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында белгіленген стратегиялық міндеттер тиімді мемлекеттік саясатты айқындап, қажетті шараларды қабылдауға мүмкіндік берді.

Салтанат Рахымбекованың айтуынша, ЭКСПО-дан кейінгі кезеңде елімізде энергия тиімділігін арттыру бағытындағы кешенді шаралар жалғасын тапақ. Біріншіден, экономиканың түрлі салаларының энергия тиімділігін арттыру және ІЖӨ-дегі энергия сыйымдылығын төмендету үшін отандық «жасыл» технологиялар мен инновациялардың тізімін құру қолға алынды. Екіншіден, отандық ғылымға қолдау көрсету және олардың жобаларын коммерцияландыруға ықпал ету бағытында жұмыс жүргізіледі. Бәсекеге қабілетті және коммерциялық тұрғыдан келешегі бар ғылыми жобаларды іздестіру және ілгерілету мақсатында Қоғамдық коммерцияландыру кеңсесінің жұмысы жандандырылады. Үшіншіден, бюджеттен тыс инвестицияларды тарту тетіктерін әзірлеуге ықпал ету жағы қолға алынады. Бұл ретте бес институттық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадамда» Мемлекет басшысы халықаралық мойындалған энергосервистік келісімшарттар арқылы энергия үнемдеу саласына стратегиялық инвесторларды тарту бойынша міндеттер қойғанын айта кеткен жөн. Төртіншіден, елімізде «жасыл» экономиканы дамытуға мүдделі барлық тарап үшін ақпараттық инфрақұрылым құру және ынталандыру құралдарын табу жолға қойылған.

Ал өз кезегінде «Led System Media» ЖШС директоры Амангелді Таукенов ЭКСПО-2017 көрмесі аясында компания электр энергиясын үнемдейтiн жарық-диодты шамдар өндiрiсiн таныстырғанын, олардың көшелер мен саябақтарға арналғанын атап өтті.

«Шамдар бейнебақылау және жарылғыш заттарды анықтау жүйелерiмен жабдықталған. Бұл жобаны жасауға бiрнеше жыл кеттi. Аталған шамдарға қауiпсiздiктi қамтамасыз етумен айналысатын көптеген органдар қызығушылық танытып отыр. Ендi бiз бұл жобаны тәжірибе жүзiнде пайдаланып көрмекпiз. Астана қаласында Smart city технологиясы бойынша саябақтар мен мектептердiң маңында және тағы басқа жерлерде қолданып көруiмiз мүмкiн», дедi «Led System Media» ЖШС директоры. Бұл компания бүгінде жылыжайларға арналған энегетикалық тиімділігі мол, арнайы шамдар жасауды да қолға алған екен.

«Бүгiнгi күнi Қазақстанда жан басына шаққандағы электр энергиясын тұтыну көлемi шамамен сағатына 4900 киловатты құрайды. Бұл кез келген Орталық Азия елiндегi көрсеткiштен шамамен екi есеге, әлемнiң басқа дамушы елдерiнен 3,5 есеге көп. Өткен жылы барлық тұтынылған электр энергия – 92 млрд киловат сағаттың 22 пайызы ғимараттарға, 9,3 пайызы коммуналдық секторға, 8 пайызы қызмет көрсету секторына, 5 пайызы мемлекеттiк секторға, ал 12-13 пайызы жарықтандыруға тиесiлi болды. 2050 жылға дейiнгi даму стратегиясына сәйкес, бүкiл электр энергияның 50 пайызы жаңғырмалы энергия көздерiнен өндiрiлуi тиiс», дедi Амангелдi Таукенов.

Динара БІТІК,

«Егемен Қазақстан»