Бокс • 26 Қазан, 2017

Қазақстан әлемнің үздік спорт державаларымен теңеспек

4028 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстан Республика­сының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қа­­зақ­станның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсе­кеге қабілеттілік» атты биылғы Жолдауына сәйкес, экономиканың түрлі саласына бәсекеге қабілеттілікті арттыруға бағыт­талған тап­­сырмалар жүктелді. Осы орайда Қазақстан Республикасының Мә­де­ниет және спорт ми­нистрлігі де назардан тыс ­қалмады. Оның ішінде спортқа артылған жүкті еңсеру басты міндет болды.

Қазақстан әлемнің үздік спорт державаларымен теңеспек

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың қазақ спортын дамыту ба­ғы­тында негізге алған сындар­лы саясатының арқасында елі­міз шетелдік спорт ареналарын­да ке­ңі­нен таныла бастады. Тә­уе­л­сіз мемлекет ретіндегі 26 жыл­дық тәжірибеде спортта жеткен жетістіктер аз болған жоқ. Мей­лі қай салада болсын, бәсекеге қа­бі­леттілікті арттыру үшін, сол сек­торға Үкіметтің көзі түзу болып, барлық жағдай жасалуы тиіс.

Осы жылдың басында минис­тр­лік басшылығымен дене шынық­тыру және спорт туралы заңның кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілген болатын. Оның негізін­де спорт түрлері сараланатын­ бо­лады. Осылайша спортты қар­жы­ландырудың тиімді меха­низ­мі жасалады. Мемлекеттік басқарушы орган, қоғамдық бір­лестіктер, оның ішінде Ұлттық Олимпиада комитеті арасында функциялар өзара бөлінеді. Жер­гілікті атқарушы орган спортты дамытумен айналысса, орталық орган – стратегиялық тапсырма­ларды негізге алып, бюджет қар­­жысының тиімді жұмсалуын қада­ғалайды. Жоғары жетістіктер спор­тын дамытуда Ұлттық Олим­пиа­да комитетінің рөлі нығаяды. 

Бұқаралық спортты дамыту­ Қазақстан Республикасының де­не­ шынықтыру мен спортты іл­гері­летудің 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасында көрсетілген са­ламатты ұлтты қалыптастыру үшін стратегиялық маңызды болып табылады. Дене шынықтыру және спорт жүйесін жетілдіру бойынша қабылданған шаралардың арқасында соңғы жылдары республика халқының жалпы санынан дене шынықтыру және спортпен шұғылданушылар санының тұрақты өсуі байқалады. Мысалы, 2016 жылдың қорытындысы 27,4% -­­­ды шамалады (2012 жылы – 21,6%,  2013 жылы – 23,2%, 2014 жылы – 25,1 және 2015 жылы – 26,3%) . 

Сондай-ақ спорт секцияларын­да дене шынықтырумен тұрақ­ты түрде айналысуға мектеп оқушы­лары көптеп қызығушылық танытуда. 2016 жылдың қорытындысы бо­йынша дене шынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 2015 жылмен салыстырғанда мек­тептердегі барлық оқушылар са­нынан 2,8 млн оқушыдан 2,9%-ға немесе 427,3 мыңға өсті, бұл 15,3% (2015 жылы – 15,1%).

Өткен жылдың қорытындысы бойын­ша елімізде Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Тұңғыш Президен­ті – Елбасының тестілеріне 4 238 779 адам қатысқан. Президенттік деңгейді 93 564, оның ішінде 21 763 – ауылдық жерде және ұлттық деңгейді 185 831 адам, соның ішінде 57 876-сы ауылдық жерлерде еңсерген. 

Республикада жыл сайын­ бір­­қа­­тар халықаралық және респуб­ликалық спорттық іс-шара­лар мен жарыстар өтеді, сондай-ақ шетелде ұйымдастырылатын халықаралық жарыстарға спорт түрлерінен ұлт­тық құрама коман­далардың қа­тысуы қамтамасыз еті­леді. Мы­салы, 2016 жылы білікті және жоғары білікті спортшыларды даяр­лау сапасын арттыру үшін спорт түрлерінен 451­ оқу-жаттығу жиыны өтті. Спорт­ түрлері бо­йын­ша ұлттық құ­рама спортшы­лары әр­түрлі деңгейдегі 718 ха­лық­ара­лық жа­рысқа қатысты. Рес­публикада 485­ республикалық жарыс жә­не 50 халықаралық жарыс өтті. Аталған халықаралық жа­рыс­тардың қорытындысы бойынша Қазақстан спортшылары барлығы 760 медаль жеңіп алды.

Күні кеше Түрікменстан ас­та­на­сы Ашғабадта жабық ғима­рат­тағы және жауынгерлік өнерден Азия ойындары өтті. Елбасының қолдауын сезінген спортшылар 96 медаль алып, төртінші орыннан көрінді. Азия құрлығындағы 45 мемлекет пен Океанияның 17 елінің спортшылары қатысқан жарыста 28 алтын, 28 күміс, 40 қола медаль алу қазақ спорты үшін жақсы нәтиже болды. 

Рио-де-Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпия ойында­ры қазақ спортшыларының дең­гейі ешкімнен кем түспейтінін бай­қатты, төртжылдықтың додасына 41 спорт түрінен 207 елдің 10 мыңнан аса спортшысы қатысты. Олимпия ойындарына Қазақстан құрамасының сапында 26 спорт түрінен 104 спортшы қатысты. Қорытындысында қоржынымызға әртүрлі деңгейдегі 17 медаль түсті. Қазақ­стан жалпы­командалық есепте 22-орынға тұрақтады. 

Сондай-ақ Рио-де-Жанейрода 7-18 қыркүйек аралығында өткен XV Паралимпиада ойындарында спорттың бес түрінен (жүзу, жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, садақтан ату және дзюдо) спортшылар еліміздің намысын қорғады. 

Қазақстан тәуелсіздігінің та­ри­­хында тұңғыш рет XV Пара­лим­пиада ойындарында мүмкіндігі шектеулі спортшылар бір алтын (Зульфия Габидуллина, 100 м/ еркін стильде жүзу) және 1 күміс медаль (Раушан Қойшыбаева, пауэрлифтинг, 67 кг дейін) жеңіп алып, 162 қатысушы ел арасынан 58-орынға тұрақтады. 

Елімізде мүгедектер спортын дамыту үшін де ауқымды жұ­мыс­тар атқарылып жатыр. 

2003 жылы Қазақстанның Ұлт­тық Паралимпиада комитеті, 1995 жылы Дефлимпикс Қазақстан, «Спешиал Олимпикс» қоғамдық бірлестігі Қазақстанда 1990 жы­лы, сонымен қатар арбадағы би және пара-дзюдо федерациясы­ құ­рылған. Сонымен қатар дене мүмкіндіктері шектеулі тұлға­ларға арналған Спорттық даярлау орталығы қызмет істейді.

Бүгінде елімізде мүмкіндігі шек­теулі жандарға арналған 12 спорт­­­­тық клуб (Астана және Ал­­­ма­ты қаласында, Ақ­­­­мо­ла, Ақтөбе, Атырау, Жам­­был, Батыс Қазақстан, Шы­ғыс Қазақстан, Маң­ғыстау, Қос­та­най, Солтүстік Қазақ­стан облыстарында) жұмыс істей­ді, онда 5 129 адам спортпен шұғыл­данады, бұдан басқа мүм­кіндігі шектеулі тұлғаларға ар­налған 2 ма­мандандырылған спорт мек­тебі (Қарағанды және Оңтүстік Қазақ­стан облысы),­ 1­ ойын спорты түр­­­лері және мүге­дектер спорты бойынша бала­лар-жасөспірімдер спорт мектебі бар. Министрлік жергілікті атқа­рушы органдармен бірлесіп, спорт­тық ұйымдардың мүмкіндігі шек­теулі азаматтар үшін тегін болуын қамтамасыз етті. 

Тағы бір айта кететін жайт, Қазақ­­стан Республикасы Мәде­ниет және спорт министрлігінің ве­дом­ст­во­лық бағынысты меке­ме­­лерінде, «Сарыарқа» респуб­ликалық велотрегі РМКҚ-да, Балуан Шо­лақ атындағы Спорт сарайын­да, сонымен қатар «Ала­тау» қыс­­қы спорт түрлері бойынша рес­­публикалық жоғары спорт ше­берлігі мектебінде қарапайым тұрғындар үшін дене шынықтыру және спорт сабақтары өтеді.

Бұл ұйымдарда 1 және 2-топ­тағы мүгедектерге қызметтер те­гін көрсетілсе, ал 3-топтағы мү­ге­­­де­ктер 50 % пайыз жеңілдікті пай­далана алады.

2014 жылғы 3 шілдеде қабыл­дан­ған «Дене шынықтыру және спорт туралы» заңға сәй­­кес, Па­ралимпиялық және Сурдли­пиялық ойындардың чемпион­дары мен жүлдегерлеріне спорт­шы­лар мен олардың жаттықты­рушыларына (кемінде 20 жыл ең­бек өтілі болуы тиіс) 24 АЕК көлемінде ай сайынғы материалдық қамтама­сыз ету нормалары, сонымен қа­тар Паралимпиялық және Сурд­ли­пиялық ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне тұрғын үй­ беру нормалары көз­делген. 

Студенттік спорт та біздің на­­­­­зар­­дан тыс қалып жатқан жоқ. Сту­­­­денттік спортты дамыту мақ­­са­­тында Білім және ғылым ми­нистрлігімен бірлесіп, еліміздің ЖОО мен колледждерінде спорт клуб­тарының желісін дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Студенттік лигалар жарыстарын­ өткізу бойынша «Сұңқар» де­не­ шы­нықтыру-спорттық бірлес­ті­гінің қызметін жандандыру бо­йын­ша шаралар қабылдануда. 

2016 жылдың қорытындысына қа­расақ, еліміздегі 125 ЖОО-ның­ 113-де спорт клубтары жұ­мыс істейді, онда спортпен сту­дент­тердің жалпы санынан 186 мың студент немесе 39% студент шұ­ғыл­данады (2015 жылы – 49%). Сту­денттер арасында дене шы­нықтыру мен спортты танымал ету жастарды сауықтыру және олар­дың арасында саламатты өмір салтын насихаттау үшін ма­ңызды болып табылады. Осы орайда Алматы қаласындағы ХХVІІІ қысқы Универсиададағы біздің спортшыларымыздың табыстарын атап өту қажет. Оған 25 мемлекеттен 2 мыңнан астам спортшы мен делегация қатысты. 

Дүбірлі додада ұлттық құра­ма жалпыкомандалық есепте­ Ре­сейден кейін 2-орынға тұрақ­тады. Біздің спортышылар үшін осы Универсиада 2017 жылғы Жапо­ниядағы 8-ші қысқы Азия ойындары мен 2018 жылы Оң­түстік Кореяда өтетін Олимпия ойын­дарына дайындалудың ма­ңызды кезеңдерінің бірі болды. 

Елімізде өткен  ЭКСПО-2017 халық­аралық көрмесі аясында министрлік ауқымды спорттық шараларды өткізуге мұрындық болғанын айта кету керек. Әсіресе ұлттық спорт ерекше ұлықталды. Жамбы атудан, аударыспақтан халықаралық турнир, көкпардан, тоғызқұмалақтан әлем чемпионаты, қазақ күресінен «Әлем барысы» ұйымдастырылып, ұлт­тық өнердің жанашырларын бір серпілтіп тастады. Әр аптаның демалыс күндері облыстардың мәдени күндері аясында ұлттық спорт түрлерінен көрсетілімдер өтіп тұрды. Осындай шаралар ар­қылы министрліктің ұлттық спорт­қа деген жанашырлығын бай­қауға болады. Оның дәлелі – Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының ашылуы. Ондағы басты мақсат – ұлттық спорт түр­лерін халық арасында насихаттау және дамыту. 

Қазақ спортының дамуы бү­гін­гі жеткен жетістіктермен тоқ­тап қалмақ емес. Ендігі мақсат – XXIII қысқы Олимпия ойын­дары. Кореяның Пхёньчан қаласында өтетін Олимпия ойындарына 80-нен астам елден 5000-ға жуық спортшы қатысады деп күтілуде. Спорттың 15 түрінен медальдің 102 жиынтығы сарапқа салынады. Қазақстан делегациясы Олимпиадада 9 спорт түрі бо­йын­ша сынға түседі. Биатлон, мә­нерлеп сырғанау, тау-шаңғы спорты, шорт-трек, коньки тебу спорты, шана спорты, шаңғы жарысы, тұғырдан шаңғымен секіру, фрис­тайл бойынша спортшылар Олим­пиадаға жолдама алу жарыстарына қатысып жатыр. Сочиде жақсы өнер көрсеттік, десе де, біздің әлеуетіміз одан да мықты. Спортшыларымыз Кореяда өтетін ақ Олимпиадада ел үмітін ақтайды деп сенемін. 

Еліміз соңғы он жыл­­да әлемнің жетекші спорт дер­жаваларының отыздығына енгенін атап өткім келеді. Ендігі мақсат – 2030 жылы жиырмалыққа және 2050 жылы ондыққа ену. 
 

 

Сәкен МҰСАЙБЕКОВ, 
Мәдениет және спорт вице-министрі