Театр • 27 Қазан, 2017

Париждегі балет бишісі – Дана Мұса

805 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Әсілі, «Париж – әрдайым сенімен бірге жүретін мейрам» деген Хемингуэйдің сөзінің жаны бар секілді. Осы күндері мәдениеттің культіне айналған Париждегі думанды өмірге күнде ортақтаспасақ та, ақпарат алмасу неғұрлым оңтайланған тұста қалт жібермей қарап отыратынымыз белгілі. Жуырда аталған шаһарда «Этнобалет: Әйелдердің 7 архетипі» атты фотокөрмесі өтіп жатқанын көзіміз шалып қалды. Экспозицияға қойылған фототуындылар мазмұн ерекшелігінен бөлек, соны атауымен елең еткізгені. Авторын іздестіре келе Дана Мұса есімді қазақ қызы екенінен хабардар болдық. Дана бізге көргенді де, көрмегенді де ынтықтырып тұратын Франция астанасының тынысы мен өзінің шығармашылығы туралы әңгімелеп берді. 

Париждегі балет бишісі – Дана Мұса

Фото Дана Мұсаның жеке архивінен алынды

Дана Мұса

Photos : Alexandra Banti
Model : Dana Mussa (Dancer/Choreographer)

Қазір Дана жетекшілік ететін «Этнобалет» қауымдастығы – Ор­талық Азия көшпенді мәдениеті мен классикалық би бағытында жұмыс істейтін Франциядағы жалғыз орталық. Орталықта балет спектакльдері қойылады, түрлі видео түсірілімдер жүзеге асы­рылады. Сонымен бірге жер­гілікті тұрғындарға этно­ба­лет негізі бойынша ақылы негізде сабақ үйретіледі. Са­баққа қатысушылар екі топқа жік­теледі. Бірінде қарапайым биге қызығушылар болса, екінші топ нағыз кәсіби бишілерден жасақталған.

– Оқып жүргенімде ұстаз­дарым мен достарыма этно ба­ғы­тында жұмыс істегім ке­ле­тінін айтқанымда, бірден қолдап, қызығушылық танытты. 2013 жылы «Этнобалет» қауым­дастығын құрып, үш жыл бұрын этнобалеттің аты мен концепциясын өз атыма патенттеп алдым, – дейді ол.

Классикалық па қа­дамымен номадтық дала та­биғатын үндестірген этнобалет стилі Дананың өз жанынан шы­ғарған тың идеяларының жемісі деп айтуға болады. 

– Парижде оқып жүргенімде ой мен мазмұнды музыкалық-хореографиялық бейне арқылы ашуда үнемі дала еркіндігі же­тіспей тұратын. Балеттің ежелден қалыптасқан дәстүрлі формаларын көшпенділердің рухты философиясымен тоғыстырдым. Тағы бір маңызды нәрсе этно­балет жеті әйел архетипін база ре­тінде алады. Жалпы, этно­балет әйел еркіндігі мен өр­лі­гінің, сана бостандығын ны­ғайту тұжырымдамасы. Балет тех­никасы от, су, аспан, жер сынды символдық мәнге ие, - деген ол, бұл символдардың мә­дениетте баршаға ортақ екенін айтады. Ал фотоэкспозицияға қойылған «Аңшы», «Шабандоз», «Амазонка», «Шаман», «Пір», «Пат­шайым», «Ұмай ана» атты жеті архетипті әйелдің рухани өсу жолындағы эволюциялық даму тұжырымдамасы деп түсіндірді.

Психологияда әйел болмысын толықтыратын архетип теориясын әркім өзінше жіктейді. Дана Мұса бұл жетілікті еркіндік пен азаттық идеясына негізделген ықылым замандардағы мифтік дәуір оқиғаларына негіздей отырып жасап шыққанын айтады.

– Бұл арада философиядан гөрі тарих басым. Әйел архетипі деп олардың әлемді қабылдауы мен өмірлік көзқарасын, өмір сүру салтын анықтап қана қоймай, жөн сілтейтін бағдарлама деп айтуға болады. Еркіндік мәселесі байырғы түркілік дүниетаным мен наным-сенімдерде де кез­деседі, – дейді Дана.

Дана Атырау қаласында дү­ниеге келген. Кейін отбасылық жағдайына байланысты Ақтауға көшіп, мектепті сонда бітірген. Өзінің айтуынша, шағын қалада кәсіби балет би мектебі болмаған, ал Алматыға жіберуге анасы қарсылық танытыпты. 

– Қаладағы дәстүрлі би үйір­­месіне кішкентай кезімнен қатыстым. Балет бишісі болсам деген арманым маған бір сәтке де тыныштық бермейтін. 13 жасымда қайтсем де биші боламын деп түбегейлі шешім қабылдадым, – деп еске алған ол өмірде дұрыс арман мен мақсат қоя білу өте маңызды нәрсе екенін айтады. Оқушы кезінде би өнерімен қатар, тарих пәніне ерекше құштар болып, талай жарыстарда жүлделі орындар алып жүрген.

Дана Мұса

Tour Eiffel : Thierry Leroy 

Өрімдей қызды Парижге жетелеген «өнерді өмірім» деп таңдаған батыл ше­шімі мен үлкен дайындығы болатын. Осылайша 2010 жылы Париждегі EICAR халықаралық кино мектебіне бейнелеу өнері маман­дығына оқуға түседі. Па­риж­дегі жаңа таныстықтар талапшыл қызды өзгеше әлемге же­теледі. Өзі Париж ұлттық кон­серваториясының профессоры Ива Касатиден тәлім алғанын тағдырдың сыйы деп ерекше атайды. 

– Талапшыл ұстаз класси­ка­лық би стилінің қыр-сырын алдыма жайып салды. Француз балетінің еш жерде жазылмаған фольклорлық негізі мен кербез болмысын түсіндіріп берді. Қазір жасы 80-нен асқан балет майталманы зейнет демалысында. Маэс­троның соңғы шәкірті мен болдым, – дейді. Одан бөлек, ұлттық би орталығында (CND), Париж университетінің би факультетінде білімін терең­деткен ол Андрей Клемм, Атилио Лабис, Фредерик Лаза­релли сынды танымал би мамандарының алдын көргенін мақтанышпен айтады.

Дана Мұса бүгінге дейін сту­дент­терімен бірлесіп бір акті­лі «Амазонка», «Құртқа», «Ша­бан­доз» «Жеті әйел», «Ұр­пақ» ат­ты спектакльдерді қой­ған. Оның ендігі мақсаты – «Этно­балет» қауымдастығының бес жыл­дығына орай «Номад» атты көлемді балет қойылымын сахналау. Биші-хореограф этнобалет жо­басынан бөлек, түрлі аралас жанрда жұмыс істеп, өзін байқап көрген.

– Соңғы екі жылдағы есте қалар­лық жұмыстарымды айтар болсам, ритм-н-блюз жанрында ән салып жүрген Achille’s Family тобының «Гармония» клипіне түстім. Биылғы Париж сән апталығында шоу бағдарламаға, 2016 жылы «Ақ түн» (Nuit Blanche) аталатын заманауи дәс­түрлі өнер фестивалінде, TMC телеарнасындағы би бағдар­ламасында хореографиялық үйлестіру жұмыстарын атқардым, – дейді Дана.

 

Дананың әңгімесінен байқа­ғанымыздай, Францияда ғана емес, бүкіл Еуропада би мәдениеті жоғары деңгейде дамыған. Адам­дар биді түсініп, сүйіп қана көр­мейді, сол үшін уақыты мен ақша­сын да аяусыз жұмсайды. Үлкен опера театрларының ғана емес, жекелеген шағын театр­­лардың өз аудиториясы қа­лып­­тасқан. Дананың тың бастамасын жергілікті халық үлкен қызығушылықпен қабыл алған көрінеді. 

– Жоғары талғамды санала­тын классикалық өнерді эли­талық топтан бөлек, бүкіл ха­лық­­тың түсі­ніп тамашалауы мен үшін өте маңызды. Би қоз­ға­лысы арқылы оның мә­нер­лілігін арттыру мақсатында оқу­шыларыма әр сабақ сайын көш­пенді халықтың жауынгерлік өр рухы мен қаһармандығы туралы әңгімелеп беремін. Франция – балеттің отаны. Олай дейтін себе­біміз, алғашқы балет мектебі осы Францияда ашылған, – дейді ол.

Дана Мұса өзінің этнобалет тобымен бірге қараша айы­ның соңында Парижде өтетін «Әйелдерді қорғау күні: Тұр­мыс­тық зорлық-зомбылыққа қар­­сылық» атты фестивальде өнер көрсетпек. Әңгіме соңында фран­циялықтарды таңырқатып жүрген Дананың өнеріне өріс тілеп, жылы қоштастық. Оның сыры беймәлім дүние алдындағы үрей мен сұлулық үйлесімділігі туралы батыл қадамдарына қарай отырып, алда талай биіктерді бағындыратынын аңғарғандай болдық.

Ая ӨМІРТАЙ,
«Егемен Қазақстан»