Аймақтар • 27 Қазан, 2017

ОҚО-дағы жылыжай кешені жарты жылда 4 мың тонна өнім жинады

419 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Еліміздегі ең ірі жылыжай кешені осы жылдың жарты жылында 4 мың тоннаға жуық өнім алды, деп хабарлады ОҚО әкімінің баспасөз қызметі. 

ОҚО-дағы жылыжай кешені жарты жылда 4 мың тонна өнім жинады

Гектарына 300-350 центнерден өнім алып отырған «Аделя» жылыжайы 16 гектар жерге қызынақ пен қияр егіп, жылына екі рет өнім алып отыр. Ордабасы ауданы, Бадам ауылында орналасқан жылыжай қожалығының жұмысымен БАҚ өкілдері мен блогерлер ауқымы кең жұмыстың қыр-сырымен танысып қайтты.

Жылыжайда француз компаниясының заманауи қондырғылары орнатылған. Мұнда жылытудан бастап тамшылатып суаруға дейінгі барлық процесс компьютермен бақыланады.

Кәсіпкердің айтуынша, мұндағы өсірілетін көкөністер экологиялық таза өнім. Оларды өсіруде қолданылатын технология су мен тыңайтқыштарды және басқа да ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Ал жобаның өзі еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндігі мол. Жиналған өнімнің басым бөлігі Ресейге экспортталса, қалғаны Қазақстанның Алматы, Астана қалаларына жіберіледі.

Индустриаландыру картасы аясында іске асқан бұл жобаны «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамы қаржыландырған. Аталмыш ұйым 2011 жылы 440 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие берсе, 2013 жылы 2,2 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлген.

Жалпы облыс аумағындағы жылыжайдың жалпы көлемі 900 гектардан асады. Бұл - Қазақстандағы жылыжай шаруашылығының шамамен 80 пайызын құрап отыр.