Кино • 29 Қазан, 2017

Жапон фильміндегі жатпланеталықтар «қырғыз» ба, әлде «киллгис» па?

551 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жапон фильміндегі «қырғыз» атты жат планеталық басқыншылардың атауын қырғызстандықтар ерекше таңданыспен қабыл алды. 

Жапон фильміндегі жатпланеталықтар «қырғыз» ба, әлде «киллгис» па?

Фильмдегі бөгде планеталық басқыншының бірі

Фильмдегі өзге ғаламшар иелері ағылшын тілді ресурстарда Kyrgyz, орыс тілді басылымдарда «Киргиз» деп аталып, жазылып жатыр. Ондағы мәліметтерде 10 қарашада Жапонияда Brave Storm («Өжет дауыл») атты прокатқа шығатын фантастикалық фильм сюжеті адамдар мен «қырғыз» атты бөгде ғаламшар тұрғындары арасындағы күрес туралы өрбитіндігі айтылған.

The Hollywood Reporter фильмнің көптеген батыстық блокбастерді еске салатындығын әрі жапон поп-мәдениетінің элементтері кездесетіндігін айтты. Порталда жарияланған мақалада «2050 жыл. Қырғыз атты бөгдеғаламшар иесі (kyrgyz) жер тұрғындарын жойып жібереді. Соңғы тірі қалған біреуі жаулардың роботын қолға түсіріп, сол арқылы қырғыздар орнатқан ақырзаманға қарсы темірдей әскер сапын жасақтау үшін өткенге сапар шегеді», - делінген.

Фейсбук қолданушыларының бірі «Қырғыздардың әрқашан ерекше адамдар екенін мен білгенмін», деп пікір қалдырса, келесі бір қолданушы «Қырғыздар әзілдей алады, біз өзімізге күле аламыз» дейді. Енді бір интернет қолданушысы «Фильмдегі монстрдың әдепкі қырғыз шенеунігінен айырмасы жоқ», деп елдегі әкімшілік өктемдікке негізделген басқару жүйесін меңзеп, әзілге балаған. Сонымен бірге көршілес Қазақстанның мәдениетін мазаққа айналдырған «Борат» фильмін еске түсірген. Әлеуметтік желі қолданушылары мен көптеген ақпараттық басылымдар «қырғыз» атауын иеленген бөгде ғаламшарлықтар туралы фильм жарыққа шықпақ деп жарыса талқылап жатқанда, фильм режиссерінің Туиттердегі мына жазбасы қызу әңгімені су сепкендей өшірді.

 

Someone misunderstood the spelling.
RT @AyperiS: Kyrgyz citizens laugh off film's 'Kyrgyz' alien bad guys pic.twitter.com/TtylczwXvc

— 岡部 淳也 (@JunyaOkabe) October 27, 2017

«Картинадағы басты антагонистер Kyrgyz емес, Killgis атауына ие. Орфографияны дұрыс түсінбегендер бар», деп хабарлады фильм режиссері Джуни Окабе өзінің Туиттер парақшасында. Оның айтуынша, Killgis атауы 1971 жылғы балаларға арналған бағдарлама авторлары құрған өзге планеталық кейіпкердің атауы.

 

The alien, KILLGIS, who appeared in the 1971 broadcasting child program "Silver mask" is a coined word made by the original creator. https://t.co/8vxLjMgwj0

— 岡部 淳也 (@JunyaOkabe) October 27, 2017

 

«キルギス» жазылатын Killgis бен Kyrgyz сөздері жапонша – киргису деп дыбысталады. Дұрысында бөгде ғаламшарлықтарды Kyrgyz емес, Killgis деп атаған», деп жазады Kloop.kg редакциясы.

Brave Storm фильмі уақытқа сапар шегу, қоршаған ортаны жалмау, өзге ғаламшар иелерінің басып кіру сияқты ғылыми-фантастика жанрының барлық элементін жинақтаған. Фильмдегі бір сәтте жау шебіндегі барлаушы олар басып алмаған күнде де, жердегі зорлық-зомбылықтың кесірен күндердің күнінде адамдар өздерінің түбіне жететіндігі айтылып қалады.

Фильм режиссері Джуни Окабе, бұл – режисердің дебюттік жұмысы. Фильмге жапондық танымал жұлдыздар – Хисаши Йошизава, Сюнсукэ Дайто, Тихиро Ямамото, Шу Ватанабе, Юки Мацузаки түскен. Картина бюджеті 20 млн АҚШ доллары, ұзақтығы – 84 минут.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»