30 Қазан, 2017

Артық жұмыс – адамның ақысын жеу

1782 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мемлекеттік органдарда қызмет ететін таныстарымыздың жұмыстан кеш қайтатынын сырттай жақсы білеміз. Бұған олардың да еті үйреніп кеткен, қоғам да мұны үйреншікті құбылыс ретінде қабылдайды. 

Артық жұмыс – адамның ақысын жеу

Алайда мәселеге тереңірек үңілер бол­сақ, дәл осы жерде жұмысына жіп­сіз байланған немесе амалдың жоқ­ты­ғынан уақытынан асырып еңбек ететін азаматтар құқығының аяққа тапталып жатқаны ащы шындық. 

Бір жағынан қарағанда, мемлекеттік қызметшінің уақытпен санаспай жұмыс істегені кез келген басшының жанына майдай жағатыны рас. Алайда заң тұрғысынан келгенде, егер де ақысы төленбесе – мұныңыз адамның ақысын жеу, еңбегін қанау.

Таяуда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жұмыс уақытынан тыс еңбек етуге қарсы рейд ұйымдастырды. Ша­ра­ның қадамы қаншалықты ізгі бол­ғанымен, олардың бұл ісін мемле­кеттік мекемелерде отырған лауазым­ды тұлғалардың аса құптай қойма­ғаны байқалады. Дегенмен Мемле­кет­тік қызмет істері және сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік топ мүшелері алған беттен қайтпайтын рай танытып отыр. Мысалы, олар рейд барысында мемлекеттік органдар орналасқан ғимараттарға бөгетсіз кіру үшін жоғарыдан саяси шешім шығарылса жөн болар еді деп санайды. «Сонда мұндай заң бұзушылықтарды көптеп анықтап, мәселенің түйінін тез арада тарқатуға болушы еді», деген пікір айтады олар. Ал жалпы агенттік ұсынған деректер бойынша, 2017 жылдың тоғыз айы ішінде жұмыстан тыс еңбек еткен мемлекеттік қызметшіге демалыс күндерін беру немесе өтемақы төлеу бойынша заң талаптарын орындамаудың 306 фактісі анықталыпты. Осы істер бойынша 335 лауазымды тұлға жауапқа тартылған. 

Жалпы, аталған агенттіктің департамент директоры Равиль Төлебаевтың айтуынша, заң бойынша қызметкерлер басшыларының арнайы бұйрығы болғанда ғана жұмыс уақытынан тыс қызмет орнында қала алады. Оның өзінде оларға екі сағаттан артық жұмыс істетуге заң бойынша ешкімнің құқы жоқ. Сәйкесінше, оған қосымша ақы төленуі керек немесе ол уақыт демалыс күндерін беру арқылы өтелуі тиіс. 

Қазақстан Республикасы Мем­ле­кеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гінің тағы бір дерегіне қарағанда, мемлекеттік органдар арасында Білім және ғылым министрлігі мен Әлеуметтік қорғау министрлігінде уақытынан тыс жұмыс істеу фактілері жиі ұшырасады екен. Яғни бұл ведомстволардағы қыз­меткерлер жұмыс орындарында шамамен алғанда екі сағаттан астам уақыт артық отыратын көрінеді. Тіпті түннің бір уағына дейін қызметтік бөлмелерінің шамдарын жарқыратып, жұмыс істейтіндері де анықталған.

Сайып келгенде, бұл қызмет­кер­лердің жұмыс уақыты бітсе де үйге қайт­пай, ел жатқанша еңбек етуі олардың «өкімет пен партияға» берілгендігінен емес. Көбіне олар өздерінің үстінде тұр­ған басшыларының талап етуімен осын­дай қадамға баруға мәжбүр болады. Біле-білсек, мұның өзі әлгі басшы­лардың жұмысты дұрыс ұйымдастыра алмауынан да болуы мүмкін.

Мемлекеттік мекемелерде, әсіресе әкімдіктерде тек қана бойдақтар мен басы бос азаматтар жұмыс істемейді. Олардың арасында да үйлі-баранды қызметкерлер бар. Сол тұрғыдан келгенде құдайдың құтты күні жұмыстан кеш оралып, балалары ұйықтап жатқанында маңдайын ғана иіскеуге шамасы келетін мемлекеттік қызметшілердің айтар мұңы көп деген ойдамыз. Бірақ олар мұны жария ете алмайды. Басшыларынан қаймығады. Ұнамаса, қолайыңа жақпаса, басекеңдердің басқа жұмыс тауып ал деуі әбден ықтимал. 

Ал енді мемлекеттік қызметшінің алдында не жұмыс, я болмаса отбасы деген таңдау тұрса – бұл да қоғамның бүйіріне шаншудай қадалған мәселе. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік органдарда көбіне отбасын құрмаған азаматтар еңбек етеді. Талантты, білімді, тәрбиелі жастар асыл уақытының басым бөлігін артық жұмысқа жегіліп, кеңседе өткізсе, бұдан жеке өмірлері қайтіп жапа шекпесін? Ал үйінде жас баласы бар мемлекеттік қызметшілерге тіпті қиын.  

Шынтуайтына келгенде, жұмыс уақытынан тыс ықтиярсыз отырудың заңға қайшы екендігі өз алдына, бұл жағдаяттың отбасындағы ахуал мен бала тәрбиесіне, тіпті жеке өмір мен демография мәселесіне де кері әсерін тигізуі  әбден мүмкін. Ал зайырлы һәм құқықтық мемлекетте адамның жеке басынан өткен зор байлық жоқ. Осы тұрғыдан келгенде, жоғарыда біз әңгіме қылған арнайы рейдтік шараның құқықтық әлеуеті қанша жерден әлсіздеу болғанымен, әйтеуір бір шарапатын тигізері сөзсіз. 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»