Қазақстан • 31 Қазан, 2017

Латын әліпбиі жайлы зиялы қауым өкілдерінің пікірі

1353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстанның латын әліпбиіне көшетініне орай бір топ зиялы қауым өкілінің қолдау пікірлерін жариялап отырмыз.

Латын әліпбиі жайлы зиялы қауым өкілдерінің пікірі

Сәбит ОРАЗБАЕВ,
Қазақстанның халық әртісі

Ең басынан бастап латын әліпбиіне өтуді қолдадым. Алайда бір үрей болды, бұл процесс көпке созылып кетпей ме деген. Бүгін алдағы уақытта біз жұмыс істеп, білім алатын әліпбидің нұсқасын бекітті дегенде өте қатты қуандым. Көпке созбай, жұмысты жинақылықпен жүргізгендеріне ризамын.

Әлем елдерінің 70%-ы латын әліпбиін қолданып, жетістікке жетіп жатыр. Біз неге көштен қалуымыз керек. Негізінде менің және басқа да замандастарымның туу туралы куәлігі, алғашқы оқыған кітаптары латын әліпбиінде жазылған болатын. Сондықтан аға буын өкілдеріне де латын қарпімен жазып, оқу қиындық тудырмас.

 

Шөмішбай САРИЕВ,
ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Бұл тақырыпқа байланысты біздің ұжымда, яғни М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтында митинг ұйымдастырылды. Институт директоры Уәлихан Қалижанұлы сөз сөйледі, мен өлең оқыдым, тағы бірнеше ғалымдар, соның ішінде Еркін Ғалымов деген жас ғалым пікірімен бөлісті. Латын қарпіне көшу – бұл жаңа құбылыс, жаңа бір дәуірдің басталғандығы. Біз латын қарпін бұрын да қолданғанбыз, бірақ сол кездегі империяның күштеуімен кириллицаға өттік. Енді, міне, тәуелсіздігіміздің тұсында әлемдік тілмен үндесуімізді қолдаймыз. Бұл қазақ халқының өз үні, өз дауысы, өз дыбысы бар екендігін білдіреді. Латын әліпбиі – бұл ғасырлар бойы қалыптасқан, өмірлік тәжірибесі бар әліпби. Сондықтан Елбасының бұл бастамасын ақын ретінде, азамат ретінде қолдаймын.

 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры

Біз Елбасының қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру нұсқасына қол қойғанынан кейін, бір күннің ішінде митинг өткізіп, қолдау білдірдік. Мен бұған дейін де, 20 қазан күні «Ұлт әліпбиі» деген тақырыпта «Егемен Қазақстан» газетіне мақала жариялаған болатынмын. Біз, М. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Елбасының бұл бастамасын ұжым болып қолдаймыз.

 

Ислам БАЙРАМУКОВ,
Олимпия ойындарының күміс жүлдегері

Елбасының бүгінгі латын қарпіндегі жаңа әліпбиді бекіту туралы Жарлығын, ондағы Үкіметке берілген тапсырмамен танысып, қуанып қалдым. Жалпы бұл өзгерісті толығымен қолдаймын. Елімізге керек нәрсе деп санаймын және бұл бастама келешек ұрпақ үшін өте маңызды. Тарихты зерттеу үшін, ғылым мен көркемөнерді дамыту мақсатында көп көмек болатыны анық. Сонымен қатар білім алуда да жеңілдіктер болады деп ойлаймын. Мысалы Әзербайжан, Түркия елдері еш қиындықсыз осыған өтті. Шетелден келген қонақтарға да латын әліпбиінде жазылған көшелерді, мекенжайларды оқу, олармен пікір алмасу өте оңай болады.

АЛМАТЫ