Аймақтар • 31 Қазан, 2017

Ақмола облысында 260 шетелдіктің заңсыз тұрып жатқаны анықталды

205 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Елімізде заңсыз тұрып жатқан шетелдіктер әлі де азаймай тұр. Сөзіміздің дәлелі ретінде, жақында ғана өткен «Мигрант» жедел-алдын алу арнайы операциясы барысында 260 шетелдіктің Ақмола облысында ешқандай рұқсат құжаттарынсыз тұрып жатқандығының анықталғанын айтуға болады. Өздерін еркін сезінген олар тіпті соттың шығарған үкімін орындауды да назардан шығара бастағандай.  

Ақмола облысында 260 шетелдіктің заңсыз тұрып жатқаны анықталды

Сөзіміз дәлелді болу үшін үсті­міздегі жылдың 2 қазанында жүргі­зілген арнайы операциясы барысында 24 жастағы Өзбекстан азаматы қолға түскендігін мысалға келтіре кетейік. Полиция қызметкерлері оның Қостанай облысы Ұзынкөл аудандық сотының еліміз аумағынан шығару туралы шешімін орындамай, бір жылдан бері полиция қызметкерлерінен бой тасалап келгендігін анықтады. 2016 жылдың қарашасында Қазақстан аума­ғынан шығуы тиіс әлгі шетелдік аза­мат елімізде заңсыз тұрып келіп­ті. Оны Целиноград ауданы Қосшы поселкесінде қолға түсіру мүмкін болыпты. Қазір заңсыз тұрып келген шетелдік азаматтың үстінен ҚК 393-ші бабы (елден шығару шешімін орындамау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Енді Өзбекстан азаматына 300 айлық есептік көрсеткіш көле­мін­де айыппұл салынып, Қазақ­стан Республикасы аумағынан шы­ға­рылатын болады. Тағы бір фак­тіні келтіре кеткен жөн. Полиция қыз­мет­керлері тұрғылықты жеріне тұрақ­ты тіркелген Қырғызстан азама­ты­ның құжаттары қолдан жаса­тып алғандығын ашып берді. ҚК 394-бабы 1-тармағы бойынша (заңсыз миграция ұйымдастыру) қо­зғалғ­ан қылмыстық іс шеңберінде полиция аталған фактіні жан жақты саралауда.

Осылайша өңірде «Неле­гал-2017», «Мигрант» және өзге де ар­найы операциялар өткізіліп, заң­сыз тұрып жатқан шетелдіктерді анықтау жалғасып келеді. Оның барысында арнайы рейдтер жасалып, жедел-іздестіру шаралары өткізілуде. Күшейтілген режімде тек миграциялық полиция ғана емес, сонымен бірге өзге де құрылымдардың қызметкерлері жұмылдырылуда. Мәселен, «Мигрант» арнайы операциясы барысында 400 тарта құқық қорғаушы құрылыс нысандарын, базар айналасы мен өзге де сауда нүктелерін қадағалады. Тіпті күн сайын 100 жедел топ жұмыс істеді десе де болады. Соның барысында жо­ға­рыда атап өткеніміздей, тек екі тәулік ішінде 474 миграциялық заң­ды бұзу фактісі тіркелген. Соның ішінде тұрғылықты жеріне тұрақты тіркелмеген және жеке куәлігі жоқ 160 қазақстандық азамат және шет­ел­діктерді жұмысқа шақыртып алып арнайы тіркетпеген 40 азамат жауап­кершілікке тартылып отыр.

Шетелдік жұмыс күшін заңсыз пай­далану ісі бойынша 11 жұмыс беру­ші үстінен хаттама толтырылып, шетелдіктерді еліміз аумағынан шығару туралы 8 сот актісі күшіне енді. Бұдан басқа, миграциялық зағды­лықты сақтамағаны үшін 260 шетел­дік жауапкершілікке тартылса, соны­мен бірге 55 шетелдіктің елі­міз аумағында тұру мерзімі қысқартылды.

 Сондай-ақ полиция қызметкерлері 4 алимент төлемеушіні және қарызы бар 3 азаматтың қай жерде жасырынып келгендіктерін анықтаған. Қалай дегенмен де арнайы операциялар өзінің тиімділігін дәлелдеп берді. Сондықтан да бұндай жедел-іздес­тіру және жедел-алдын алу опера­циялары жиі өткізіліп тұратын болады. Бұл өз кезегінде өңірдегі кри­миногендік жағдайдың тұрақты болуына және қылмыстың алдын алуға өзіндік оң ықпалын тигізетіні айтпаса да түсінікті.

Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»

Ақмола облысы