Әлем • 01 Қараша, 2017

Венада ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің кезекті отырысы өтті

206 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Венада ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің кезекті отырысы өтті. Жиында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының президенті Кристин Муттоненнің, Еуразия экономикалық комиссиясының (ЕЭК) төрағасы Тигран Саргсянның және ЕҚЫҰ Қауіпсіздік, Экономика және экология, сондай-ақ Адами өлшем жөніндегі комитеттер төрағаларының баяндамалары тыңдалды.

Венада ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің кезекті отырысы өтті

ЕЭК төрағасы тұңғыш рет ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңес мүшелерінің алдында жасаған баяндамасын Еуразиялық интеграцияның іргесін қалаушы Қазақстан Президенті Н.Назарбаев болғанын атап өтумен бастады. Комиссия төрағасы қаты­су­шыларға Еуразиялық экономикалық одақ­тың (ЕАЭО) қызметі мен басымдықтары тура­л­ы жан-жақты ақпарат ұсынды және осы күн­ге дейін ұйым шеңберінде жүзеге асырыл­ған жұмыстарды атап өтті.

Ұйымның Жібек жо­лы экономикалық белдеуі аясындағы ынты­мақ­тас­тығы мен аталған екі жобаның сауда-эко­но­ми­калық қатынастарда бір-бірін толық­тыр­ға­нын жеткізді. Сонымен бірге қазіргі таңда­ғы ко­мис­сияның біріккен энергетика және қар­жы на­рығын құру бойынша жұмысына назар аударды және Еуропалық одақ елдерімен атал­ған салада ынтымақтастық орнатуға шақыр­ды. Т.Саргсян ЕАЭО-ның ЕҚЫҰ-мен де ынты­мақ­­тастығын нығайтуға мүдделі болғанын мәлімдеді.

Еліміздің ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі Қайрат Сарыбай Қазақстанның ЕАЭО-дағы басымдықтары мен ұйымға 2016 жылғы төрағалығында «Экономикалық дипломатия» мәселелеріне ерекше мән бергенін, сонымен бірге жуырда Сочиде өткен Жоғарғы Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы барысында ұйымның негізгі басымдығына айналған, Елбасының ЕАЭО шеңберінде «цифрлық форматқа» көшуге арналған ұсынысының қабылдануына назар аударды және аталған мәселе бойынша ЕҚЫҰ мен ЕАЭО арасындағы синергияның маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар елші ЕҚЫҰ ПА басшысы К.Муттоненнің жұмысын жоғары бағалады және Қазақстанға нәтижелі іссапарлар жасағанына назар аударды. Төрайымның маусым айында ЭКСПО-2017 көрмесінде ЕҚЫҰ стендінің ашылуына қатысуына, Астанада өткен ЕҚЫҰ Экономика және экологиялық форумының екінші жиналысында баяндама жасауына, тамызда «Жаңа ядролық қауіп-қатерге қарсы іс-қимыл» тақырыбына арналған Пагуош конференциясына қатысуына алғысын білдіре отыра, Қазақстанда Парламент Сенаты және Мәжіліс төрағалары, Сыртқы істер министрі мен жоғары деңгейде бірқатар Үкімет өкілдерімен кездесу ұйымдастырылуы ЕҚЫҰ ПА-ға деген Қазақстанның ықыласын көрсететінін мәлімдеді.

ЕҚЫҰ Экономика және экология комитеті­нің төраға­сы – Қазақстан Республикасының ЕҚЫҰ-дағы Тұрақты өкілі Қ.Сарыбай 10 ай бойы ат­қарыл­ған комитет жұмысы туралы есеп бер­ді. Комитетке Қазақстан төрағалығы барысында транспорт, көші-қон, жақсы басқару, сы­бай­лас жемқорлықпен күрес, инвестициялық кли­мат, сауда, өзара байланыстық, жаңармалы энер­гетика, тұрақты даму іспеттес мәселелер көтеріл­генін және нәтижесінде ЕҚЫҰ министр­лер кеңесінің қарауына экономика және қорша­ған орта бойынша шешім жобалары енгі­зіле­тінін жеткізді.

Қазақстан делегациясының комитеттегі жұ­мы­сына Еуропалық одақ, АҚШ, Әзербай­жан, Вати­кан, Грузия, Қырғызстан, Ресей, Түркия, Украина делегациялары жоғары баға берді.

 

Дайындаған

Жолдыбай БАЗАР,

«Егемен Қазақстан»