Қазақстан • 01 Қараша, 2017

Дене тәрбиесі ерік-жігерді тәрбиелейді

1951 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Бүгінде қазақстандық қоғамда дене тәрбиесіне деген көзқарас түбірімен өзгеріп келеді. Бұл сабақ республика мектептерінде жаңа әдістемелер мен технологиялар арқылы оқытыла бастады. Республика мектептеріндегі дене тәрбиесі пәнін өткізу ісіне жаңа технологиялар енгізілмесе, ешуақытта толыққанды тұлға тәрбиелей алмаймыз.

Дене тәрбиесі ерік-жігерді тәрбиелейді

Бірінші кезекте дене тәрбиесі жүйесінің қалыптасуы мен іргелі дамуының басты заңдылықтарын зерделеп алған жөн. Содан соң оның атқаратын қызметі мен құрылымын тани түсуге мүмкіндік ашылады. Бұл бүгінгі ұрпақтың дене тәрбиесін қамтамасыз етуіне қажетті басты факторлар. 

Дене тәрбиесі ұғымының ауқымы мен арнасы өте кең. Біз оны тек денешынықтыру сабағы деп түсінсек қателесеміз. Керісінше, бұл – сабақтан да, мектептен де тыс денсаулықты нығайтуға байланысты шаралар жүйесі. Еліміздегі білім беру саласына жүктелген қазіргі басты міндеттердің бірі – жеке тұлға тәрбиелеу десек, бұған дене тәрбиесі жүйесі зор үлес қоса алады. Әрі мұндағы оқыту тәсілі жас ұрпақтың денсаулығын нығайту ісімен қоса жүргізіледі. Осы арқылы болашақ тұлға бойындағы биологиялық-психологиялық қажеттіліктерді жан-жақты жетілдіруге болады. Әрі мұның өзі белсенді азаматтық ұстаным мен ізгі қатынастарды дамытудың алғашқы баспалдағы іспеттес. 

Дене тәрбиесіндегі жаңа технологиялар мен озық тә­жірибе дегеніміз құрғақ, жалаң ұғым емес. Бұл ұлттық жә­не жалпыадамзаттық құндылық қағидаларымен са­бақтастырыла қаралмаса, күткендегідей нәтиже бере алмайды. Қазіргі педогогика ғылымының алдында тұрған бас­ты міндеттердің бірі де – осы. Түптеп келгенде мұ­ның мәнісі дене тәрбиесін бүгінгі заман талабына сәй­кес­тендіру деген сөз болып шығады. Әр адамның өмірі – өзі өмір сүрген ортаның жемісі. Сол ортадағы дене мә­дениеті – адамгершілік қарым-қатынастарды дамы­ту­дың бір бағыты.

Дене тәрбиесі жас жеткіншіктерге сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінің ажырамас бір бөлігі. Сондай-ақ ол жеке тұлғаның жан-жақты әрі қуатты болып өсуінің бір кепілі. Осы арқылы өндірістік және шығармашылық еңбекке төзімді, ерік-жігері мол адам қалыптастыруға әбден болады. Отансүйгіштік пен патриотизмге баулу ісіне де дене тәрбиесінің тигізетін пайдалы әсері жоғары. Болашақ ұрпақ денсаулығының мықты болуы және саламатты өмір салтын ұстануға бағдар алуы біздерге, республика мектептеріндегі денешынықтыру пәні мұғалімдеріне де байланысты. 

Біз оларға жеке басымыз арқылы үлгі-өнеге көрсете білсек, көп нәрседен ұтамыз. Осы орайда әріптестеріміздің теориялық және тәжірибелік әзірлігінің деңгейі терең болғанын қалаймыз. Дене тәрбиесіне де кешенді көзқарас қажет. Бұл бағытта мектеп оқушыларының жасы мен жыныстық ерекшеліктері ескерусіз қалмағаны жөн. Бұл – дене тәрбиесінің жазылмаған заңдылығы. Педагогика саласында оқу үдерісінің үздіксіздігі деген ұғым бар. Бұдан денешынықтыру пәні мұғалімдері де тыс қала алмайды. Аталған үздіксіздік үш басты қағидаға арқа сүйейді. Мұның алғашқы бөлігінде оқу-тәрбие үдерісі жыл бойындағы әрі көп жылғы санатқа ие болуға тиіс. Екіншіден, бірінен кейін бірі өткізілетін сабақ барысының жүйелілігі мен бірізділігін сақтаудың тиімді тұстары мол.

Яғни оқушының бойында алдыңғы сабақтардың әсерінен пайда болған жағымды өзгерістер келесі сабақтарда одан әрі жетіліп, беки түссе мұғалімнің алға қойған мақ­сатының орындалғаны. Үшіншіден, үздіксіздік деген сөз дем алмау деген түсінікті білдірмейді. Керісінше, демалыс жұмыс қабілетін қалпына келтіру мен оны одан әрі кө­теруге жеткілікті болуға тиісті. 

Дене тәрбиесіне де кешенді көзқарас кажеттілігі дене жүктемелерінің мөлшеріне де қатысты. Яғни оны бірте-бірте сатылап жоғары деңгейге көтеру талаптары қойылса оқушыға ешқандай салмақ түсірмейді. Ол оны жеңіл өткереді. Осы әдіспен оқыту көлемі мен қарқындылығын үздіксіз көтеру жолы ұсталынса – жететін жетістіктер де мол болады. 

Дене тәрбиесі сабағы тек жаттығуларды орындаумен шектелмейді. Аталған пән жас жеткіншіктерді еңбексүйгіштік пен қажырлылыққа, жігерлілікке және батылдық пен батырлыққа бағыттай алады. Бұл – дене тәрбиесі адамның тәніне ғана емес, сонымен бірге ішкі жан дүниесі мен рухына да өрелі өзгерістер әкеле алатын айрықша пән.

Бүгінде еліміздегі педагогика ғылымының белді өкіл­дері дене тәрбиесі жеке тұлғаның психофизиологиясын өзге­ртетіні әрі өзін-өзі реттеуге жол ашатыны жөніндегі тұ­жырымдарға көбірек ден қояды. Осы дәйекте шындық бар секілді. Түйіп айтқанда, дене қабілеті мен рухани құндылықтардың өзара үйлесімі ғана жеке тұлғаны қа­лыптастыруға жол аша алатыны аян.

 

 

Мамай МУРАДОВ,
Қаратоғай орта мектебінің

денешынықтыру пәнінің мұғалімі

Ақтөбе облысы,
Мәртөк ауданы