Әлем • 02 Қараша, 2017

АҚШ билігі грин картадан бас тарта ма?

892 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

АҚШ Президенті Дональд Трамп Нью-Йорктегі оқиғадан кейін грин-карта визалық лотереясын тоқтататынын айтты. 

АҚШ билігі грин картадан бас тарта ма?

"Біз бүгін Нью-Йорктегі қанды оқиғадан қаза тапқандарды жоқтап отырмыз. Бұл жан түршігерлік террористік әрекет болды", деді Дональд Трамп Ақ үйдегі жиында. "Бүгін мен Конгреске грин карта бағдарламасынан бас тарту бойынша жұмыстарды қолға алуды тапсырамын", деді ол. Президенттің айтуынша, бағдарламаның мемлекет үшін қауіпті адамдарды да кіргізетінін ескеру керек.

"Бұл мәселенің шешімі оңай. Біз иммигранттардың еңбегі мен қызметіне қарайтын боламыз. Біздің мемлекетімізге көмектескісі келетін, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін адамдарды ғана кіргізу керек. Ал лоторея ондай адамдарды таңдайтынына ешкім кепілдік бере алмайды", деді АҚШ Президенті. Сонымен қатар ол бір адамның отбасын ерте келуіне, мұндай тізбекті иммиграцияға қарсы екенін жеткізді. Оның айтуынша, мемлекетке кіргізетін адамдарды таңдағанда олардың жеке қасиеттеріне басымдық беру керек. 

Естеріңізге сала кетсек, 29 жастағы Сайфулло Сайпов Нью-Джерсидегі Home Depot дүкенінен шағын жүк көлігін жалға алып, велосипед жолындағы адамдарды басып өткен болатын. Қолында қаруы бар күдікті "Аллаху акбар" деп айғайлаған. Құқық қорғау орган өкілдері де жүк көлігінің қасында арабша жазылған қағаз болғанын растады. 

New York Times Сайпов АҚШ-қа грин карта арқылы 2010 жылы кіргенін айтты. Бірақ билік бұл ақпаратты әлі растаған жоқ. 

Green Card лотореясы деген не?

Green Card деп аталып кеткен лоторея бағдарламасы көбіне австриялықтардың АҚШ-қа жұмыс істеуіне мүмкіндік береді. Жыл сайын АҚШ-қа иммиграция деңгейі төмен мемлекет азаматтарына 55 мың виза беріледі. Карта алуға үміткерлер сотталмаған, орта мектепті бітірген, сұранысы жоғары салада жұмыс істеген адам болуы керек. Компьютер лоторея жеңімпаздарын кездейсоқ әдіспен анықтайды. Бір айта кетерлігі, жыл сайын бағдарламаға 14 млн адам өтініш береді. АҚШ-та оқуға, тұруға немесе жұмыс істеуге мүмкіндік беретін виза алған адам өзімен бірге отбасын да ертуге мүмкіндік алады.

Diversity Immigrant Visa бағдарламасына АҚШ-тың мемлекеттік департаменті жауап береді.

Грин карта лотореясы бағдарламасы 1990 жылы қабылданып, 1995 жылы күшіне енді. Бұл бағдарлама екі партия тарапынан да қолдауға ие болып, сол кездегі Президент үлкен Буштың қол қоюымен жүзеге асырыла бастады. 

Бұл бағдарламаны жасау жұмысына бұрынғы конгресмен, қазіргі демокарт көшбасшыларының бірі Чак Шумер белсенді араласты.

Green Card арқылы кірген иммигранттар көрсеткіші 

2017 жылы АҚШ-қа грин карта бойынша кірген иммигранттардың алғашқы бестігінде Конго, Эфиопия, Иран, Ресей, Өзбекстан азаматтары тұр. 

ТМД елдері грин карта лотореясына 1995 жылдан бері қатысады. Вашингтондағы Катон институтының мәліметтеріне сенсек, 2003-2012 жылдар аралығында грин карта бойынша 16500 қазақстандық виза алған. Қазақстан - Орталық Азия бойынша АҚШ-қа грин карта арқылы виза алатын Өзбекстаннан кейінгі екінші мемлекет. АҚШ-тың мемлекеттік департаментінің мәліметінде соңғы он жылда визаға өтініш беруге Украина, Гана, Марокоо мен Кения азаматтарының саны кемігені айтылған. 

Трамптың не ойлағаны бар?

Трамп өз туиттерінің бірінде грин карта бағдарламасын қатты сынап, оны Шумердің "туындысы" деп атады. Ал Чау Шумер 2013 жылы грин карта лотореясын жою туралы заң жобасы авторларының бірі екенін де айта кету керек. Ол кезде заңды сенат қабылдағанымен, өкілдер палатасында республикалықтар қарсылық танытты. 

Дегенмен, Трамп Нью-Йорктегі оқиғадан кейін демократ сенатор Чак Шумерді айыптаумен келеді. Ал Шумер Президент оқиғаны тым саясиландырып жібергенін жазып, Ақ үй терроризмге қарсы федералды бюджетті қысқартып жатқанын айтты. 

"Мен иммиграция Америкаға керек деп ойлаймын. Трамп оқиғаны саясиландырмай, мәселенің нақты шешімін тапқаны жөн. Мысалы, соңғы бюджетте ол терроризмге қарсы күреске бөлінетін ақшаны қысқарту туралы айтты. Сол ойынан бас тартқаны жөн болар еді", деді ол. 

Green Card терроризмге жол ашады деу қаншалықты қисынды?

2002 жылы Египеттен келген иммигрант Хеш Мохамед Али Хайт Лос Анджелес әуежайында екі адамды атып өлтірді. 2004 жылы Мемлекеттік департаменттің бас инспекторы грин картаның ұлттық қауіпсіздік үшін әлсіз жүйе екенін айтты. Бірақ 2007 жылы АҚШ үкіметі оған ешқандай дәлел таппады. 

"Біз грин карта арқылы келген иммигранттардың терроризмге қатысқаны туралы мәлімет таппадық", делінген мемлекет билігінің баяндамасында. 

2011 жылы да Конгрестің зерттеу қызметі бағдарламаны қайта қарап, терроризмге байланысты ешқандай жаңа деректер анықтай алмады. 

Вашингтон еш өзгеріс енгізбейтінін айтты

АҚШ-тың мемлекеттік департаменті Вашингтон виза лотореясы бағдарламасына ешқандай өзгеріс енгізбейтінін айтты. "Қазіргі таңда бұл бағдарламаға ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Заң бойынша белгіленген талаптар сол қалпы қалады", деп мәлімдеді департамент өкілдері. 

Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"