Әлем • 04 Қараша, 2017

Қырғызстанның жаңа президентінің алдында қандай міндеттер тұр?

235 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жақында Қырғызстанда жаңадан сайланған президент Сооронбай Жээнбеков ресми түрде билікті өз қолына алады. 

Қырғызстанның жаңа президентінің алдында қандай міндеттер тұр?

Қазіргі таңда Қырғызстанда саяси билікті инаугурацияны күтпей-ақ жаңа президентке тапсыру керек деген пікірлер айтылып жатыр. Сарапшылардың айтуынша, бұл мемлекеттегі ішкі жəне сыртқы саясат мəселелерін қазірден бастап шешуге сеп болмақ. Дегенмен, инаугурацияның қашан өтетініне қарамастан, Сооронбай Жээнбековке бұрынғы президенттен əлі шешімін таппаған бірнеше мəселе қалады. Қырғызстанның тұрақты даму жолына түсіп, экономикалық жетістіктерге жетуі үшін жаңадан сайланған президент келесі 5 проблеманы шешуі керек:

1. Мемлекеттік қарыз өсімін тоқтату

Соңғы 5 жылда Қырғызстанның мемлекеттік қарызы 32 пайызға, нақтырақ айтсақ, 1 млрд долларға өсіп, 4,1 млрд долларды құраған. Қырғызстанның ұлттық статистика комитетінің мəліметтеріне сүйенсек, Қырғызстан қарыздың 40 пайызын Қытайдан алады екен. Сарапшылардың айтуынша, мұндай мөлшердегі қарыз Қырғызстанның Қытайға экономикалық тəуелділігін арттырады.

Қырғызстан - Орталық Азия бойынша ЖІӨ-ге шаққандағы мемлекеттік қарызы ең көп мемлекет (62%). Тəжікстанда бұл көрсеткіш 45% болса, Түрікменстанда 25%, Қазақстанда 20%, Өзбекстанда 15%-ды құрайды. 

Мемлекеттің сыртқы қарызы артқан сайын беделі түсіп қана қоймай, инвесторлар да азаяды. Халықаралық сарапшылар 2018-2023 жылдар аралығында Қырғызстан қарызды төлеу барысында ірі қатерлерге тап болуы мүмкін деп болжап отыр.

2. Кəсіпорындардың несиесі мен қарызын азайту

Соңғы 5 жылда Қырғызстанда жұмыс істеп тұрған өнеркəсіп орындарының қарызы 5 есе өскен. Уақытында төленбеген қарыздардың болуы кəсіпорындар жағдайының жақсы еместігін көрсетеді. Негізінен, кəсіпорындар қарызды белгіленген уақыттан кейін үш айдың ішінде төлей алмаса, банкрот саналуы керек. Бірақ Қырғызстан экономиканы арттырамыз деп өнеркəсіп орындарының қарызын уақытында төлемегенін көруге болады.

3. Банк секторының шығынын азайту

Өнеркəсіп орындарының несиені уақытында төлемеуі мен мемлекеттің сыртқы қарызының артуы Қырғызстанның қаржы секторына да əсер етті. Соңғы 5 жылда Қырғызстан банктерінің шығыны 40 пайызға артты. 2011 жылы екінші деңгейлі 23 банктің екеуі залал шексе, қазір  мемлекеттегі əрбір үшінші банк залал шегіп жатыр. 

4. Өңдеу өнеркəсібін дамыту бағдарламаларын қайта жасау

Қырғызстан тəуелсіздігін алған кезде мемлекеттегі зауыт-фабрикалардың көбі банкротқа ұшырағандықтан, бұл бағдарлама Қырғызстан үшін өте маңызды. Өңдеу өнеркəсібін дамытудың 2013-2015 жылдарға арналған бағдарлама міндеттерінің қатарында инвесторлар тарту, экспортты арттыру, қырғыз өнімдерінің бəсекеге қабілеттілігін арттыру секілді бөлімдер болған. Бірақ бағдарламада көрсетілген міндеттердің кейбірі тек 2013 жылы  орындалған. Ал 2014, 2015 жылдары мүлдем орындалмаған, тіпті, кейбір көрсеткіштер төмендеп кеткен. Бағдарлама бойынша 33 іс-шара өткізу жоспарланғанымен, оның тек 22-сі жүзеге асырылған. 

Аталған бағдарлама орнына 2017-2020 жылдарға арналған индустрияландыру бағдарламасы жасалуы керек болғанымен, мұндай бағдарлама əлі қабылданбаған. 

5. Бақыланбайтын экономика көлемін азайту

Қырғызстанда бақыланбайтын экономика көрсеткіші өте жоғары. Ресми статистикаға сенсек, жасырын экономика ЖІӨ-нің 20 пайызын құрайды. 2012 жылы Дүниежүзілік банк Қырғызстанда зерттеу жүргізіп, мемлекеттегі жасырын экономика ЖІӨ-нің 38 пайызын құрайтынын анықтады. "Бірақ іс жүзінде бұл көрсеткіш 60 пайыз болуы мүмкін", дейді мамандар. Сарапшылардың айтуынша, жасырын экономика кесірінен мемлекет жыл сайын 70 млрд сом салықтан айырылады.

Дайындаған Гүлнұр Қуанышбекқызы,

"Егемен Қазақстан"