Қазақстан • 07 Қараша, 2017

Алакөлде жүздің бе?

306 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

– Алакөлде жүздің бе?

– Жоқ! Дубай, Анталиядан артыла алмай жүрмін-ау...

 – Демек, тек жыл аралатып Парсы шығанағының, Жерорта теңізінің, ана жолы Тәж-Махалға аңсап барғаныңда Араб теңізінің суына жүзгеніңді қана­ғат етесің, сірә! Таста оларды! Тарт Алакөлге! Өкінбейсің!

Алакөлде жүздің бе?

Өз көлдеріміз бойынша да сынақ алар ма екен деп қыпылықтағамын. Сұрай қалса, Каспийде атүсті, Балқаш­та кәдімгідей екі мәрте апталап толқы­нына жауырын тосқанымды мақтан тұ­тып, ал Бурабайдың Шор­тан­дысы мен Айнакөліне бауыр басып кеткендігімді, алайда Жасыбай мен Қапшағайға да құмарым барын тізбе­леп қойғанмын... Ол дым демеді. Қа­бағынан бір түрлі реніш сездім...

Дос көңілін қалдырғымыз келмей, осы жазда Алакөлге бәрін тастап, тарт­тық та кеттік... Өкінбедік! Тәнті боп қайт­тық!..

Әбден тозған, ажары сынық «АН-24» ұша­ғы Астанадан Үржар ауданына екі сағаттан сәл асқанда жеткізді. Ала­көлге дейін 120 шақырым екен. Күтіп алатындары жоқтарға таксилері тізіліп тұр. Көлге үш шақырымдай жетпей, қолатқа жайылған Қабанбай ауылына кіре бергенімізде, жүргізуші оның сыртқы жонынан осы заманғы әуежай салынатынын сүйіншілеп қойды. Қашан? Қауесет болмаса, жарапты.

Барған бетте бәрін жиып қойып, көлге күмп-күмп қойып кеттік. Суы жап-жасыл, жеп-жеңіл, жұмсақ, дене­мізден минералды ваннадан шық­қан­дағыдай күлімсі иіс шығады. Оның да сыры ертесіне Алакөлден 23 шақырым жердегі бұрынғы Барлық-Арасан емдеу-сауықтыру ғимаратының ор­нын­да қалған үйшікте ыстық ванна қабылдағанда ашылды. Ғалым, саяхатшы Г.Путимцев былайша естелік қалдырыпты. Адамдар жер астынан шығып жатқан суға шомылып жүріп, мынаны аңғарған. Судың өзі алғашқы кезде өте ыстық сияқты сезіледі. Ал содан кейін тек жанға жайлы жылылық байқалады. Судан күкірт иісі аңқып тұр екен. Олар 15 минөттен соң қатты әлсіреп, судан әзер шыққандығын және әбден малшынып терлегенін айтыпты... Осы күкірт сутекті су-ваннасын қабыл­дауға күн сайын адамдар ағылып келіп жатады. Буын, жүрек-қан тамырлары, т.б. ауруларға таптырмайтын ем екен. Табиғаттың тылсымын қара­ңызшы, осы күкірт сутекті су жер жүлгелеп көз тауып Алакөлдің асты­мен жалғасып, әлгіндей емдік қасиеттерімен көл шипасын еселей түссе керек. Мұны естіген соң тағат қала ма, судан шыққың келмейді.

Көлмен жапсарлас қамыс-қоға­лы­лау басқа бір шетіндегі қара батпақ қызығын айтсам, дегбіріңіз қалмасы анық. Адамдар таяз су астындағы қара сазға алдымен тізерлеп, сосын белімен кіріге үйелейді. Кәдімгі Мойылдының бал­шығына малынғандай боп түре­геледі де қос алақанымен көсіп алған әлгі батпақты күллі денесіне майлап жағып, жағаға шығып жиырма ми­нөт­тей күнге қыздырынады. Дене терісі тырысып, ақжемденіп кебе бас­та­ғанда суға күмп береді. Ал керек болса. Ем-домнан несі кем. Бір қызы­ғы алапесінен, қышымасынан, бөртпесінен, тізе ісігінен, т.б. сырқа­тынан арылып қалғандармен де тілдескенбіз.

Биылғы маусымда Шығыс Қазақ­с­­тан облысының әкімі Д.Ахметов Ала­көлге екі рет келіп, туризмнің қолайлы өңірінің дамуына қатысты халықпен ақылдасып, нақты іс-шаралар қабылдапты. Нақты жүзеге асқаны – орталық демалыс кешенінің жоғары талапқа сай жаңғыртылуы еді. Құдды, түрік жағажайларында жүргендей сезінесің. Сондай-ақ Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері де келіп, бұқаралық туризмнің жай-жапсарымен танысып, өз тарапынан біраз игі істерге мұрындық болды. Құптарлық қадам, әрине.

Дегенмен демалыс базалары ор­нық­қан жағалаудың кей тұсын толқын шая бастағаны алаңдатпай қоймайды. Кәдімгідей ұңғып, опырып, құрғақ жерге жылжып келеді. Тіпті 6-7 туристік базаны шайып кеткен. Бұрын тіршілік қызған мекенжайлардың су астында қалуы қатты сескендіреді. Бәрі толқын тежегіштердің салынбауынан орын алған күпірлік. Оның алтауын құймақ болыпты мемлекет қаржысына, қазір біреуі ғана тұрғызылған. Мұндай нем­кеттілік жалғаса берсе, сәтте дауыл құтырынып шыға келетін бұл аймақта Алакөл толқынының алапат арынын басу оңайлыққа соқпайды. Яғни көл толқын тежегіштің жетіспеуінен өз кемерін мүжіп, жағаны мол за­қым­дайды. Жолындағыны жұтып жібереді...

Алакөлге жетудегі жол машақаты саябырлай түсіпті. Астана мен Ал­ма­тыдан мұнда Үрімші пойызымен Жалаңашкөл бекетінен түсіп, 60 ша­қырымдағы көлге келе қояды. Бұл жол да жаңғыртылмақ. Ал алматылықтар үшін қосымша бір ыңғайлылық ұшақпен Үшаралға жетуге болады.

Қыста Алакөл мұзға оранып, ма­ңайындағы базалар қараусыз қалады. Әлі күнге дейін қарауыл жүйесі орнық­тырылмаған. Туризмді сыйлайтын елде бүйтпейді. Билік ойланар...

...Кететін күні таң алакеуімде жер сілкінді. Ұйқылы-ояулы күйде толқын әлдиі ме десем... Жарты минөттей тер­бетіп тұрды. Жә, несіне шошимыз, жаз маусымы жетсе, өз суымыз – Алакөлге асығармыз! Іргеміздегі інжу ғой. Алысқа арбаланып қайтеміз... Досым-ау, естимісің!.. Ақылшым, сол!

Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері