Қазақстан • 07 Қараша, 2017

Алматыда Алаш қозғалысына арналған республикалық конференция өтеді

346 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

13 желтоқсан күні Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Алаш мұрасы және Қазақстан қоғамындағы рухани жаңғыру: сабақтастық мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді, деп хабарлайды оқу орнының Медиа орталығы.

Алматыда Алаш қозғалысына арналған республикалық конференция өтеді

1917 жылғы Алаш қозғалысының 100 жыл толуына және Қазақстан Республикасы тәуелсіздігі мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған алқалы жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, еліміздегі жоғары оқу орындарының қызметкерлері, танымал тарихшылар мен белгілі ғалым-зерттеушілер қатыспақ.

Конференцияның алға қойып отырған негізгі мақсаты – жаһандану жағдайындағы қоғамның рухани жаңғыру мәселесі мен Алаш мұрасы сабақтастығын айқындау және ұлт-азаттық қозғалысын ғылыми тұрғыдан нақтылау.

Кеңес жұмысы «Алаш Орда және қазақ мемлекеттілігі мәселелері», «Алаш қайраткерлерінің шығармашылық мұрасының ұрпақ тәрбиесіндегі рөлі» және «Рухани жаңғыру жағдайында гуманитарлық білім беру ісін жетілдіру» атты  бағыттар бойынша жүргізіледі.

Жиын барысында Алаш қозғалысы тарихынан сыр шертетін кітап көрмесі ұйымдастырылып, келіп түскен материалдар негізінде арнайы жинақ шығарылмақ.

– Алаш қозғалысы – ел мұратын саясат пен руханият тұрғысынан айқындап, қазақтың мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілдік мүддесінің үзілмеген алтын арқауы. Алаш қозғалысы сияқты төл тарихымыздағы аса ірі оқиғаға қатысты мәселелердің барлығына шынайы, толымды әрі нақты баға берілуі қажет. Алаш Орданың ғибраты, қайраткерлеріміздің жүріп өткен жолы –тәуелсіз ел болған қазақ халқына тағылым болуы тиіс. Ұлт зиялыларының егемендік жолындағы күресінің салмағы мен бағасын ұғынған сайын біз бүгінгі күннің мән-мағынасын терең сезіне түсеміз. Бұл ең алдымен өскелең ұрпақ үшін, қазақ елінің өміршеңдігі үшін аса қажетті һәм міндетті қасиетті қадам болмақ, – дейді шара ұйымдастырушылары.