Қазақстан • 07 Қараша, 2017

Астанада «Жаңа әліпби – жаңғыру жолы» атты дөңгелек үстел өтті

477 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Астана қаласындағы «Назарбаев орталығында» Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қорының ұйымдастыруымен «Жаңа әліпби – жаңғыру жолы» атты дөңгелек үстел болып өтті.

Астанада «Жаңа әліпби – жаңғыру жолы» атты дөңгелек үстел өтті

Фото: Орынбай БАЛМҰРАТ, «Егемен Қазақстан»

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойған күннен бастап, ең алдымен ел арасында саяси реформаны насихаттау, түсіндіру, кейбір тұстарда пікір алмасу, ой бөлісу шаралары жүріп жатыр. Соның бір жалғасы – жоғарыдағы басқосу.

Аталмыш жиынның мақсат-міндеті жайлы таныстырған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының атқарушы директорының орынбасары Сұлтан Айтжанов: «Дәл қазір қазақ қоғамының назарын айырықша аударып отырған дүние – латын әліпбиі. Осы тұрғыдан алғанда көпшілік арасында туындап жүрген кейбір сұрақтарды ортақ талқыға салып, дөңгелек үстелдің сыйлы қонақтары Парламент Мәжілісі депутаттарының, сонымен қатар талқылауға қатысты сала мамандары мен қоғам белсенділері, блогер-журналистердің ой-пікірін білмекпіз», деді.

«Қабылданған латын әліпбиге қатысты әрқилы пікірлер айтылып жатыр. Салыстырмалы түрде зерттеп көрсек, бұқара дәйекшелі әріптердің көптігіне және шет тілдерден енген атаулардың жазылу тәртібіне қатысты қиындық туындауы мүмкін деген ойлар айтуда. Бұндай сауалдардың туындауы  заңды. Өйткені, латынға көшу дегеніміз – тек әліпби ауыстырумен шектелмейді. Бұл үлкен реформа. Әрине, кез келген реформа қиындықсыз іске аса қоймайды. Сол себепті, латынға көшу барысында, біздер дыбыс-әріп-емле үштігін ғылыми тұрғыдан ұштастыра білуіміз қажет», деді Сұлтан Мұратұлы.

Расында дәл қазір Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті мен Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы Елбасы Жарлығы қабылданғаннан кейін де қоғамда айтылып жатқан пікірлерді сараптап отыр екен. Бұлардың қортындысына құлақ түрсек, қазіргі қолданыстағы алфавитті латын әліпбиіне ауыстыруға көпшілік қарсы емес, соның ішінде жастар жағы жаппай қолдап отыр. Бірақ дәйекше арқылы берілген тоғыз әріп-таңбаларды жазу мен олардың электронды комьпютерлік жүйеге сәйкессіздігі аздап алаңдаушылық туғызуда екен. 

Бірақ бұл мәселе соншалық күрделі құбылыс емес, дейді сала мамандары, Мемлекет басшысы қабылдаған құжаттық нормаға сәйкес алдағы күндері Қазақстан Республикасының Үкіметі жанынан «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия» құрылса, кейбір әріп-таңбаларға Ұлттық комиссия өзіне берілген құқықтық шеңбер аясында әрекет етуіне мүмкіндік бар көрінеді.

Сонымен қатар Жарлықта атап өтілген екінші бір маңызды дүние –  «Қазақ тілі әліпбиінің 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшуін қамтамасыз ету» жайлы да нәтижелі жұмыстар ұйымдастырылып жатыр екен. Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Мелдеш хабарлағандай, келесі аптаның ортасында латынға көшу жөніндегі Ұлттық комиссияның құрамы бекітіледі. Дәл қазір Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Ерболат Досаевтың жетекшілігімен жұмыс тобы құрылып, оған барлық министрліктердің атсалысуымен Мемлекет басшысының тапсыруы бойынша: латынға көшудің кезеңдік бағдарлама-жобасы жасалуда. Атап айтқанда, бірінші кезең – 2018-2020 жылдар аралығы: нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру, екінші кезең – 2021-2023 жылдар аралығы: инфраструктураны іске қосу, үшінші кезең – 2024-2025 жылдар аралығы: ұйымдастыру жұмыстарын тиянақтау. Жоғарыдағы барлық жұмысты үйлестіру міндеті – Мәдениет және спорт министрлігіне жүктеліпті...

Басқосу барысында аталмыш рухани реформаның маңызы туралы пікір білдірген Парламент Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповских жаңа әліпби болашақта барлық қазақстандықтарды «бір – тіл, бір – әріпке» тоғыстыратын идеологиялық тетікке айналуын тілесе, оның әріптесі Бақытбек Смағұл бұл әліпби азаттыққа қол созған қазақ халқының арман-мұраты екенін, осындай ұлы іске жол салып берген Елбасының саясатын қолдап әкету бүгінгі ұрпақтың ұлы міндеті дегенге тоқталды.

Мемлекеттік тілді дамыту қорының директоры Азат Шауеев соңғы жылдары өзі басқарып отырған қордың қасынан басқа ұлт өкілдеріне қазақ тілін үйрету үшін «SOYLE.kz» атты веб-сайт ашып, онлайн курс өткізіп келе жатқанын атап өтті. Аталмыш онлайн курсқа қазақ тілін үйрену үшін әлемнің түкпір-түкпірінен 70 мың адам тіркеліпті. Осындағы тіл үйренушілер тарапынан ең көп туындайтын сұрақ «тіл үйрену сабағын латын әліпбиімен жүргізу» екен. Осыған мүмкіндік ашылды – дейді Азат Садметұлы, тіпті алдағы күндері бұлар жаңа әліпбиді негіздей отырып, тіл үйретудің тың белесін бағындырмақшы.

Сөзімізді қортындыласақ, қазақ қоғамы орынсыз дау-дамайға ұрынбай, салиқалы сабырмен латын әліпбиіне көшіп алса ұтары ұшан-теңіз. Тек бір ғана мысал, тәжірибелі журналист Сүлеймен Мәмет өзі куә болғандай қазақ қызының әп-әдемі «Мөлдір» деген есімін 17 түрлі нұсқамен жазып жүр екенбіз. Өтірік десеңіз Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тізіміне аты ілініп, газет бетіне жарияланған түлектердің есімін оқып көріңіз, көзіңіз жетеді. «Латын әрпіне көшсек, ең болмаса қазақтың есім-аттары бірізділікке түсер болар еді» дейді, журналист ағамыз.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»