Театр • 08 Қараша, 2017

Жәния Әубәкірова: Асулармен арпалысу – бұл менің саналы таңдауым

840 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Қазақстанның халық әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ректоры Жәния Әубәкірова «Егемен Қазақстанға» арнайы сұхбат берді.

Жәния Әубәкірова: Асулармен арпалысу – бұл менің саналы таңдауым

– Жәния Яхияқызы, білуімізше, сіз жақында Еуропаға турне жасап қайттыңыз. Бірнеше жыл бұ­рын студенттеріңізбен Берлиндегі Кон­церт-хауст, әйгілі Карнеги-Холл мен Кеннеди-орталық секілді әлемнің ең белгілі сахналарында өнер көрсетіп қайтқан едіңіздер. Бірнеше елді қамтыған биылғы сапар сырын білсек бола ма?

– Сіз атаған залдарды 2009 жылы бағындырып қойғанымыз рас. Содан бері біздің ұжымымыз үлкен шоу-бағ­дар­ламамен Қазақстанның барлық айма­ғын, Астана мен Алматыны айтпа­ған­­да, Германия, Ресей, Оңтүстік Корея­, Швейцария, Қытайда жыл сайын өнер көрсетіп келеді. Мыса­лы, биыл ЭКСПО қонақтарының алдын­да кон­церт берсек, дәл қазір кон­сер­­вато­рия­ның Хоры Мажарстанға гаст­рольге дайын­далып жатыр. Дәстүрлі музыканттар құрамы осы қараша айында Макаодағы Халықаралық фестивальға жол тартады, ал жас педагогтар мен сту­денттердің шығармашылық тобы Үнді­стандағы Қазақстан елшілігінің шақы­руымен Делиге концерт қоюға атта­нады. Біздің консерваториядағы жұмы­сымыз күн сайын осылай буыр­қанып жүріп жатады.

Ал турнеге келсек, биылғы жыл мен үшін қатардағы көп жылдың бірі емес, шығармашылық қызметімнің мерейлі жылы. «Қалай атап өтсем болады?» деп көп ойландым. Өйткені өткен-кеткенге бажайлап қарасам, өмірде біріне-бірі кереғар, ортақ байланысы аз әртүрлі іспен көп айналысуыма тура келіпті. Консерваторияның күнделікті тірлігі, әр түрлі жобалармен шұғылдану, көптеген халықаралық байқаулар, ректорлық қызметімнің әкімшілік ауқымды қыры – ұзақ жылдардан бері екпінмен жасап келе жатқан дағдылы шаруадан бөлек жеке шығармашылығым үшін маңызды, басқаша бір нәрсе жасағым келді. Жеке концертімді өткізгеннен бері де бес жыл уақыт өтіп кетіпті, ал осынша уа­қыт әртүрлі оркестрмен, камералық музы­ка­мен түрлі концерттерде ғана өнер көрсетіппін.

Осылайша, шығар­ма­шылығым тағы бір асуға көтеріл­ген атаулы жылы мен ең басты маман­ды­ғымды – концерттік пианистка екенімді есіме алып, өзіме, өнеріме оралуды жөн көрдім. Қазақстанда, Еуропада, Азияда, Үндістанда бірнеше концерт беру туралы идеям жартылай болса да орындалды, қалған бөлігін, бұйырса, осы күзде жалғастырамын деп отырмын. Осы уақыт аралығында мен еліміздің барлық қалаларының концерттік залдарында тұрған, қақпағын ашса, сыңғырлаған саз төгіліп сала беретін ғажайып рояльдарында ойнап, өнерімді қадір тұтқан көрерменнің қошеметі мен ықыласына бөлендім. Еуропаның бұрын табаным тиіп көрмеген қалаларында болып, музыканың қасиетін сезетін ғажап көрермендерді кездестірдім. Алған әсерім тілмен айтып жеткізгісіз.

– Кәсіби пианист қана емессіз, педа­­гог­сыз, әкімшілік-басқару қыз­ме­ті­ңіз тағы бар. Сіз басқаратын кон­­­­сер­­ваторияда қазақ өнерінің дүл­дүл­дері, халық әртістері жұмыс істей­ді, тіпті шәкірттеріңіздің ішінде де халықаралық конкурстардан жүл­де алып, өзін жұлдыз сезініп үл­гер­гендері бар. Кілең атақтыларды басқару, олар­мен жұмыс істеу де бір өнер болар?

– Әрине, жұлдыздармен жұмыс істеу жеңіл деп айта алмаймын. Расында да, олардың көпшілігі еліміздің өнер кеңістігі мен музыканттар әлемінде толықтай мойындалған мықтылар. Олардың өнері халықтың игілігі болып есептеледі, сондықтан қоғам алдында жинаған азды-көпті абыройын төмендетпей, өкпелетіп алмай, жұмыс талап ету үшін үлкен өмірлік тәжірибе ғана емес, өнегелі адами қасиеттер мен сыпайы мінезбен үйлесім тапқан үлкен мәдениет керек. Бәріне белгілі, шығармашылық адамдары лауазымның салмағы мен беделін мойындай бер­мейді, олар үшін музыканттың кәсіби беделі анағұрлым маңызды. Менің бас­қаруымдағы жылдарда қандай да бір қоғам назарын аударған қарама-қайшылықтар немесе келіспеушілік болған емес, тіпті ұжым ішінде көзқарас қайшылығы, түсінбестік туа қалса, оның өзі өте сирек орын алған екен. Дәл осы сыйластық пен өзара демеу, қолдау үшін ұжымыма рахмет айтамын. 

– Сіз Қазақстанның классикалық музыка мектебіне көптеген жаңа әлем­дік бағыттар, соны стиль алып келген адамсыз. Ал өзіңіз шетел сахнасына шыққанда, олар да сізден өзгеше, жаңа нәрсе күте ме?

– Классикалық музыканы сүйетіндер, бұл жағынан өте консервативті болып келеді, ал екінші жағынан, әрине, белгілі шығармалардың жаңаша орындалғанын күтіп отырады. Тәжірибелі музыканттар өз шығармашылығында дәстүрдің қалың-қалың қатпарларын біріктіре отырып, әлемдік шедеврлерді орындауда өзіндік қолтаңба іздейді. 

– Сіз «кез келген саладағы класси­ка тек қана биік деңгейде орында­луымен құнды, онда орта деңгей деген бол­мауы керек» дегенді жиі айтады екен­сіз. Теледидардағы концерт­тері­ңіз­ден байқайтынымыз, залда жүз па­йыз классиканың табынушылары отыр­ғанына сенімді адамдай шабыт­та­нып ойнап жатасыз. Бірақ музы­каңызды түсінбейтіндермен бетпе-бет келгенде, қандай ойда боласыз және айналаңызда ондай адамдар көп пе?

– Мен үшін музыкант ретіндегі қызметімнің маңызды бір саласы «ағартушылық» екенін сәт сайын қайталап отырамын. Концерттерімде мен ойнайтын музыка адамдардың бәріне түсінікті болса екен деген ниетпен әр шығарманы орындау алдында қысқаша тарихына тоқталып, ауызша әңгімелеп беремін.

Бұл шығарманың қалай туғанын, оның не айтқысы келетінін, нәзік қырларын түсіндіремін. Бірақ, әттең, бұл үнемі рояльда ойнап жүрген практик-пиа­нистің әңгімесі ғана ғой... Әрине, тың­дау­шыларымның менен өздеріне қызық­ты шығарманың сырын, музыка әлеміне сүңгітіп, еріксіз жетелеп әкететін нақтылы бір мысалдарды естігісі келетінін түсі­немін. Бұл тәсіл мені аудиториямен жақын­датып қана қоймай, шығарманы өзімнің де тереңірек түсінуім үшін жақсырақ ойнауға көмек­тесетін ғаламат жол екенін енді ғана сезініп жүрмін. Мысалы, мен Еуропа ауди­ториясында өнер көрсетсем, ол жер­дегі көрерменнің алдында кіріспе сөз айтудың қажеті жоқ.

Ал Қазақстан залдарындағы ахуал өзгешелеу. Сахнаға шыққанда екіге жарылатын сияқтымын. Бірақ қандай сахнаға шықсаң да талап ортақ – музыка адамдардың бәріне түсі­нікті болуы керек. Бәлкім, сен орын­даған музыка әдемі болуы мүмкін, бірақ ол түсініксіз болса, көңілсіз әсер қалдырады. Кейде былай да болады: сен әлдебір атақты композитордың салмақты шығармасын жаныңды салып ойнап жатасың. Өзіңше кәсіби тұрғыда, дұрыс, керемет, сапалы орындап жатырмын деп ойлайсың, бірақ неге екені белгісіз, көрермен есінеп, зеріккен сыңай таны­тып, өте самарқау қабылдайды. Ал сен болсаң, бұл жабырқаңқы сәтті залда отырған көрерменге қарағанда өткірлеу және ауырлау сезінесің. Дегенмен мен концерттеріме келетін тыңдарманның талғамының биік екеніне сенемін, сол себепті шығарманың ішіне жасырылған бүкіл сұлулықты аудиторияның қабыл­дамағанымен келіскім келмейді.

– Фортепианоның құпиясын то­лық­тай аштым деп ойлайсыз ба?

– Бұлай деп тоқмейілсіп сөйлеуге бірде-бір музыканттың жүрегі дауалай қоймас, тіпті олай деуге хақысы жоқ деп ойлаймын. Кең залдың ішін күңгір­летіп ұлы шығармаларды ойнап жатқан музы­кант күнделікті тұрмыстың қар­ба­л­асынан қол үзіп, тіршіліктің әбі­гері­нен алысқа ұзап кетеді. Бұл біреуге қияли әңгіме сияқты естілуі мүмкін, бірақ дәл осы сәтпен бетпе-бет келген музыканттың басындағы жағдай, шынында да, басқа. Бұл жан азапталатын сәт.

Шынтуайтына келсек, біз, өнер адамдары, өте қызық халықпыз, осынша азапқа өзімізді ерікті түрде саламыз және соған ерікті түрде шыдаймыз. Арпалысып, азапқа түсу, толқу, күмәндану, жанды жегідей жейтін ішкі сын, техникалық қиындықтарды жеңу, уақыттың жетпеуі... Классик-музыканттардың көпшілігі бұл биіктік­терді бағындырудың қиын екенін, тіпті кейде шамасы жетпейтінін түсінеді. Бұл мінез бе, әлде басқа себебі бар ма, білмеймін, бірақ әрқашан қолжетпес биіктерді ғана бағындыруды ойладым. Қиындыққа қарсы жүру, асулармен арпалысу – бұл менің саналы түрде жасаған таңдауым. Ең бастысы, сол арпа­лы­сым нәтижесіз болған жоқ, тал­пы­нысым, құлшынысым табысқа жет­кізді. Бұл тұрғыда мені нәтиже емес, сол нәти­жеге жеткізетін үдеріс жолы ынтық­тырады. Өнер жолы деген осы, бір белесті бағындырсаң, алдыңнан тағы бірі қол бұлғап шақырып тұрады. 

– 23 жылдан бері «Жәния Әубә­кірованың авторлық мектебі» жұмыс істеп келеді. Бұл мектептен Алматы, Бер­лин, Калифорния, тағы басқа шетел­дік консерваторияларда білімін жал­ғастырып кеткен талантты ұл-қыздар көп түлеп ұшқан екен. Сіздің мектебіңізге қабылдану қиын ба, не ерекшелігі бар, сол туралы да әңгімелей отырсаңыз...

– Біздің мектебімізге түсу тіпті де қиын емес, ең қиыны – соншама көп жүктемені көтеріп, шыдап, әрі қарай жалғастырып оқып кету.  Менің мектебім біздің еліміздегі жаңа типті мектептердің қатарына жатады. Алғаш жұмысын ұйымдастыру да оңай болған жоқ. Мектепті құру тарихын еске алып отырып оның қандай қиындықтары болғанын айтайын десем, кезінде арқаға батқан сол ауыртпалықтардың бірі де есіме түспей тұр. Есіме тек мектептің ең жарқын сәттері, қуанышты көңіл күй мен педагогтардың жаңашыл қадамдары ғана оралады.

Біз ұжымымызбен әртүрлі олим­пиадалардан, конкурстардан жетіс­тік­пен оралған оқушыларымыздың жеңі­сін мақтан тұтып жүргенімізге, міне, биыл 24 жыл болыпты. Ал мек­тепті ашып жатқан кездегі ең алғашқы қиын­­дық­тар, асханамызға пеш іздегені­міз, демеу­­шілерімізден бірінші рет бала­лар­ды тасымалдайтын көлікті сыйға алға­ны­мыз, ең бірінші тақталар мен пар­­та­ларды, компьютерлерді сатып алған­­­дағы қуанышымыз ешқа­шан ұмы­тыл­майды. Мектеп табалды­рығын енді аттаған балаларды шығарма­шы­лық­қа баулып, қажырлы еңбек етіп келе жат­қан жас әрі талантты педагогтік ұжым қандай құрметке де лайық. Осы жылдар аралығында кешегі кеңестік оқу жүйесінің ең жақсы дәстүрі мен заманауи әлемдік бағыттардың тәжірибесін әдемі үйлестіре алдық – біз баланы жеке тұлға және кәсіби маман ретінде дайындаудың өзіндік жолын қалыптастыра алдық. 

Кейде сырт адамдардан біздің оқушы­ларымыздың ерекше екенін, ал мұндай таланттардың басқа мектептерде жоқ екенін естігенде, көңіліміз көкке екі-ақ елі жетпей қалады. Өз мектебім болған соң мақтап жатқам жоқ, бірақ біздің ата-аналарымыз әлі екінші баласын өмірге әкелмей жатып, оларды осы мектепке орналастыруға келісіп жатады. Оқу жылы көзді ашып-жұмғанша өтеді де кете­ді, ал біз түлектеріміздің әлемнің ең таң­даулы оқу орындарында білім алып, адам­ға пайдалы қызмет салаларында та­быс­ты еңбек етіп жүргендеріне қуанамыз. 

 – Классика – қымбат өнер. Барлық мағынасында. Өзіңіздің күнделікті өмі­ріңіз, жалпы өмір сүру салтыңыз қым­бат тұра ма? 

– Күнделікті өмірде – менің тұтыну­шылық қабілетім өте қарапайым, брэнд-трэнд деп соңына түсіп қумаймын, жарқ-жұрқ еткен аса қымбат дүниелерді мүлде қажетсінбеймін. Ал жай ғана Жәния­дан гастрольдік сапарға шығатын пиани­ст­каға айналған кезде, о-о-о, талап-тіле­гім табан астында өзгеріп те, өсіп те шы­ға келеді. Ол қандай талаптар? Ең алды­мен мен өнер көрсететін залдың акус­ти­касының жақсы болуына аса мән бере­мін және рояль міндетті түрде сапа­лы болуы тиіс. Сондай-ақ турне ұйым­дас­тыру үшін, концертті түсіру үшін, ком­панияның промоушні үшін қаржы қажет болады. Өнер қайрат­кері­нің сұ­ран­ысы артық көрінуі де мүм­кін, себебі биік өнерді тыңдарманның нәзік тал­ғамымен қабыстырып, одан да жоға­­рыға көтергің келеді. Содан соң мәде­ни үдеріс дегеннің өзі ешқашан тоқта­май­ды, керісінше, жаңалана түседі және ол өте көп адами, кәсіби, тұлғалық, ең ақы­рын­да, материалдық ресурсты қажет етеді. 

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»