Тарих • 08 Қараша, 2017

Шәміл Әбілтай: «Сарыар­қа» күйі рухани төлқұжатымызға айналды

795 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ахаң (Ахмет Жұбанов) Ленинградтан консерватория бітіріп келісімен, Үкімет арқылы республикамыздың түкпір-түкпірінен халық таланттарын жинастырып, Алматыда өтетін бүкілқазақстандық өнер слетіне шақыртты.

Шәміл Әбілтай: «Сарыар­қа» күйі рухани төлқұжатымызға айналды

Солардың іріктелгендерінің негізінде 1934 жылы Құрманғазы оркестрін құрды. Тұңғыш ректоры өзі болған Құрманғазы атындағы консерватория да Ахаңның перзенті. 1946 жылы Қаныш Сәтбаев Қазақ КСР-інің Ғылым академиясын ашқанда, Ахаң академик болып сайланды. «Ғасырлар пернесі», «Замана бұлбұлдары» атты теңдесі жоқ қос монографиялық еңбегі үшін «Өнертану ғылымдарының докторы» атанды. Мұхтар Әуезов Абай әлемін ашса, Ахмет Жұбанов Құрманғазы құдыретін танытты. Осыған қарап Ахаң қазақ халқының музыка мәдениетінің негізін салған сарабдал сардары екенін айқын аңғарамыз. Ендеше егемен еліміздің оқу-ағарту жүйесі, өз бағдарламасына пән ретінде оқытатын академик жұбановтану ілімін енгізсе, нұр үстіне нұр болар еді. 

Құрманғазының «Сарыар­қа» күйі ұлтымыздың рухани төлқұжатына айналды. Кезінде Ахаңның дирижерлігімен орындалған нұсқасының кинотаспасы мемлекеттік мұрағат қорында сақтаулы. Сол құнды­лықты арагідік теледидардан көріп қалғанда, қазақ болып туғаныңа мақтанасың. 

Құрманғазы оркестрінің тізгі­нін Ахаң сүйікті шәкірті Шам­ғон Қажығалиевке сеніп тапсырды. Бухаресте өткен жастар мен студенттердің бүкіл дүние­жүзі­лік фестивалінде «Сарыарқа» Ахаң­ның үлгісімен орындалып, оркестр алтын медаль алды.

Алпысыншы жылдардың бас кезінде «Симфониялық оркестр дирижері боламын»  деп Шамғон Ленинград консерваториясына оқуға кетті. Ойдағыдай бітірген соң, Шәкең елге оралып, бұрынғы қызметіне кірісті. Міне, «Сарыарқаның» реформаға ұшырау науқаны осы тұстан басталды. Тыңдаған құлаққа түрпідей тиетін шектен шыққан шапшаңдық. Міндетке айналған бұл стереотип ұзақ мерзімге созылды.

«Ел болып ер туғызбай тұра ал­майды» демекші, Құрман­ғазы оркестрінің қазіргі бас ди­ри­жері Мағжан ақынның отты жырындай жалындап жанып тұрған, 31 жастағы Арман Жүй­дебаевтың суреткерлік фе­но­­мені сол таптаурын, күйсү­йер қауым­ды әбден мезі қыл­ған, ке­лең­сіз канонға түбе­гейлі тө­теп бере білді. Өр­шіл өзен өзі­нің байырғы таби­ғи ар­на­сы­­мен аға­тын болды. Сөй­тіп «Са­ры­­­арқа» өз арнасына түсті. «Күш ата­сын танымас» деген, міне, осы.

10 қазан шын мәнін­де тарихи күн болды. Құрман­ғазы оркестрінің іргетасын Ахаң­мен бірге қаласқан, домбырашылар тобының тұңғыш концертмейст­ері болған, Қазақ­станның халық әртісі, дүлдүл күйші Қали Жан­тілеуовтің 115 жылдығына орай тағзым концерті өткен күн. Сонымен қатар «Сарыарқаның» қайта түлеген күні болды. 

Жарықтық Қалес (Жан­ті­леуовті Ахаң осылай атайтын) еш­кімге ұқсамайтын қазына кеу­де күйші еді. Оркестр музыкант­ты өзгеге құлақ түре білуге тәр­бие­лей­тін сындарлы орта. Осын­дай  бір-бірімен жіпсіз жым­дасқан нөпір­лі жиынмен Қалес, өзінің мүйізі қарағайдай, айбынды күй серкесі екенін сақтай жүре, керемет үндестік тауып, кейінгі күйшілерге табандылық үлгісін көрсетті. 

Қазақ дирижерлік өнерінің алыптары Фуат Мансуров, Шам­ғон Қажығалиев, Нұрғиса Тілен­диев, Қали Жантілеуовтен күй үй­реніп, оның туа біткен пе­да­го­гикалық тәсіліне тәнті болды.

Елбасының «Рухани жаңғы­руында» көрсетілген «Ұлттық кодты» тілін тауып, тиімді аша білген, көп уақытқа дейін ән, күйсүйер әлеуметтің есінен шық­пай­тын кемелді концерт болды.

Шәміл ӘБІЛТАЙ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, күйші-композитор