Қазақстан • 09 Қараша, 2017

Данэлия Төле­шова «Голос. Дiти» шоуында 10 секундта төрешілерді өзіне қаратты

206 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өнер айдынының бүгінгі жағымды жаңа­лығы – алматылық Данэлия Төле­шованың Украинада өтіп жатқан «Голос. Дiти» шоуындағы жетістігі дер едік. 

Данэлия Төле­шова «Голос. Дiти» шоуында 10 секундта төрешілерді өзіне қаратты

Данэлия даусының ерек­шелі­­гі­мен бұған дейін де 2015 жы­лы «Аялаған Астана» ұлттық ірік­теу сынында бас жүлдені жеңіп алып, халық­аралық «Жаңа толқын» балалар байқауына жолдама алған бола­тын. Сол жолы Қазақстан атынан ән шыр­­­қаған кіш­кентай әнші Халық­ара­лық телеви­зия­лық байқауда «Көрер­мен көзайымы» жүлдесімен оралғаны есте. 

Елдің назарына екі жыл бұрын іліккен Данэлия сегіз жасында Игорь Крутой, Филипп Киркоров, Сергей Лазерев сынды қазы­лар алқасының қошеметіне бөленіп, әй­гілі әншілердің әрқайсысы оған 11 ұпайдан баға беріп, мырзалық танытқан болатын. 

Енді биыл 10 жасқа толған Төлешоваға «Голос. Дiти» шоуының әншіні көрмей бағалау кезеңінде қазылар алқасының барлық мүшесі бірдей бұрылуға санаулы секундтар ғана жеткілікті болды. Он жастағы Төлешова 10 секундта төрешілерді өзіне қаратты.

Орайы келіп тұрғанда, украиналық шоудың төртінші маусымына Дима Монатик, «Время и Стекло» тобы мен Наталья Могилевская сынды танымал әншілер тәлімгер болғанын айта кетелік. Байқаудың алдыңғы кезеңдері­нен сәтті өткен қазақстандық балақай бай­қау­­дың «соқыр тыңдау» турында Дэми Лова­то­н­ың «Stone Cold» әнін орындады. Бай­қау төре­шілерін әннің алғашқы нота­лары­мен-ақ баурап алған балдырғанның орын­дауын­дағы бұл әннің композициясы ересек музыкант­тардың өзіне бағына бермейтін күрделілігі бар. 

Данэлияның даусының тұнықтығына тәнті болған Наталья Могилевская «Голос. Дiти» байқауында бұрын-соңды бұл әнді осын­шалықты шеберлікпен орындаған бал­дыр­ғанның болмағандығын атады. Жары­ста қазылар алқасының мүшелері түгел Данэлияға тәлімгер болуға ықылас та­ныт­­­са-дағы, талантты жерлесіміз Дима Мона­­­тик­тің командасында әрі қарайғы әнші­­­лік бағын сынауға шешім қабылдады. 

Осылайша он жастағы алматылық балғын ук­­раи­н­алық шоудың жұлдызына айналып тұр. 

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ