Бизнес • 09 Қараша, 2017

Көше саудасы кәсіпкерлерге қолайлы ма?

481 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Жақында ел басылымы Астананың төріндегі қымызхана туралы жазды. Шымкенттік азамат кәдімгі тоғыз қанат киіз үйде ұлттық сусын сатып, қонақтарының ризашылығын алып жүр екен. Керемет! 

Көше саудасы кәсіпкерлерге қолайлы ма?

Алайда бұл – бас шаһардағы жалғыз қымызхана. Кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға, келесі көктемде осындай нысандардың санын көбейтсек, қала ішіндегі ақшаңқан киіз үйлер ажарымызды ашып әрі берекемізді арттырар еді.

Айтпағымыз да осыған ұқсас, қазіргі таңда Астана көшелерінде қоңыр түсті павильондарды көп көріп жүрміз. Фастфуд өнімдерін, самсаның түр-түрін, көкөніс, жеміс-жидек сатады. Гүл саудасын қыздырып, техникалық, тұрмыстық қызмет көрсететіндер де бар. Қала әкімдігінің қолдауымен жүзеге асып жатқан «1000 орын – көше саудасы» жобасы аясында қолға алынған бұл жұмысты нәтижесіз деуге ауыз бармайды, әрине. Шағын кәсіпкерліктің шаруасын ілгерілетуге бағытталған бірден-бір іргелі шара. Тек осындай іргелі шараны орайын тауып қазақы нақышпен қиюластырып жіберсек, құба-құп болар ма еді. Мәселен, қоңыр түсті павильондардың сәулет нобайын ою-өрнектерімізбен безендірсек. Фастфуд, самса өнімдерімен қатар, бауырсақ, қаттама нан, талқан, тары, жент, майсөк, айран, қымыз, қымыран іспетті тағамдарымызды пұлдап жатсақ, несі айып еді?! Ал сапалы өнім сатып алушысыз қалмайтынына күмән кем. 

Осы мақаланы әзірлеу барысында «1000 орын – көше саудасы» жобасымен айналысатын мекеме өкілдерімен ха­бар­ласқанбыз. «Astana» әлеуметтік-кәсіп­керлік корпорациясы» ұлттық ком­паниясы көше саудасын жүргізуге арнал­ған павильондарды орналастыру жоба­сының жетекшісі Сәкен Әділбеков сауал­дарымызға егжей-тегжейлі жауап берді. 

«Елорда әкімдігі былтырдан бері халық арасында «1000 орын – көше сауда­сы» аталып кеткен бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Бұл жүйе Еуропа ел­дерінде де, іргеміздегі Қытайда да, басқа да дамыған мемлекеттердің көпші­лігінде бар. Жалпы, жабайы сауда – аудандық әкімдіктердің ерте көктем­нен қара күзге дейінгі проблемасы. Өйт­кені жұрт ішінде заңсыз жолдармен көшеде сауда жасайтындар көп. Бұл – соның заңдастырылған нұсқасы. Бастапқыда мұндай сауда жүйесі Кә­сіпкерлік және өнеркәсіп басқар­масы мен аудандық әкімдіктердің ұйым­дастыруымен болған. Бірақ оның да кемшіліктері аз емес еді. Сауда орындары тек қысқа мерзімге арналған­дықтан арнайы павильондар орнатылмады, электр жүйесі тартылмады, санитарлық талаптар сақталмады, басқа да олқылықтар орын алды», дейді ол. 

Компания өкілінің айтуынша, кейін қалалық әкімдік пен мәслихат бірлесіп ұзақ мерзімді көше саудасын қолға алып, заңдастырған. Жер заңнамасына сәйкес, жерді бес жылдан жоғары мерзімге жалға алу ұзақ мерзім болып саналады. Осылайша «Astana» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына жер жеті жылға арендаға беріледі. Содан кейін ниет білдірген кәсіпкерлерге бизнесін жасау үшін конкурс арқылы субарендаға ұсынылады. 

Осы жерде бір нәрсені ескерген жөн. Жаңа ережеге сәйкес, кәсіпкер қай сауда түрімен айналысатынын, павильон қай нүктеде орналасқанын қалайтынын өзі көрсетіп, корпорацияға өтініш береді. Құжаттар қала әкімдігі мен Сәулет және қала құрылысы басқармасында мақұлданған соң, жер учаскесі «Astana» ӘКК-ке беріледі. Яғни кәсіпкер таңдаған жерге сәйкес тиісті органдардан келісімдерді алу, Жер басқармасынан рұқсат алу, жерге қатысты құжаттар топтамасын әзірлеу тәрізді сансыз жұмыстар – корпорацияның құзырындағы шаруа. Содан кейін мақсатты жер конкурсқа шығарылады. 

«Кейбір кәсіпкер осы тұста, «ол жерді мен ұсындым, енді жер менікі» деп ойлауы мүмкін. Бұл дұрыс емес, иесі төрт түрлі конкурс арқылы анықталады: тікелей, конкурс, аукцион және желілік. Ал конкурстың шарттары мен талаптары «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Астана қаласы әкімдігінің және біздің ресми сайтымызда орналастырылған. Жерді жеті жылға иеленген жалға алушы павильонын талапқа сай тұрғызып, тиісті коммуналдық мекемелермен келісімшарт жасасып, жалға алған жер телімінің көлеміне қарай жылдық ақысын төлеп, кәсібін дөңгелете береді», дейді Сәкен Әділбеков. 

Енді мәселемізге ойыссақ. Әкімдік пен кәсіпкердің арасындағы алтын көпір секілді корпорация өкілінің сөзіне қарағанда, павильон сәулетінің нобайын заңды түрде ресімдеп, өзгертуге болады. Яғни ою-өрнегімізді павильон сыртына бедерлеуге шектеу жоқ. Сол сияқты ұлттық тағамдарымызды саудалауға ниеттенген кәсіпкердің де қолын ешкім қақпайды. Жоба жетекшісінің сөзі мынау: «Жалға алушы Қазақстанда жасалған өнімдердің қай-қайсысын сатса да қарсылық болмайды. Тек жобаның нысандық мақсаты және санитарлық, гигиеналық талаптар заңдық тұрғыдан сақталуы керек. Ондай кәсіпкер табылып жатса, қолдауға әзірміз».

Мамандар берген мәліметке сүйенсек, Астана қаласы бойынша бүгінге дейін 462 көше саудасы орны берілген. Оның ішінде Есілдің жағалауында, «Нұрлы жол» жасыл желек-сулы бульварында орналасқан 88-і – маусымдық. Жоғарыда аталған сайттарда кәсіп жасау үшін берілетін 100-ге жуық жер телімдерінің кезекті тізімі жарияланыпты. Тек үміткер 15 қарашаға дейін өзіне қажет жерді таңдап, құжаттар тізбесін өткізуі қажет. Іске сәт, біз білдірген бұйымтайды ескерсе екен бизнесмендер. 

Асхат Райқұл,

"Егемен Қазақстан"
 

Соңғы жаңалықтар