Әлем • 11 Қараша, 2017

Қытайда төте жазудан латын графикасына көшу ұсынылды

977 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қазақ тілі әліпбиінің латын графикасына көшірілуіне Қытай лингвистері қызу қолдау білдіріп, шыңжаңдық қазақтар мен ұйғырларға да латын графикасына көшуді ұсынып жатыр. Бұл туралы «Жібек жолының жаңа көкжиегі» сайтына сілтеме жасай отырып «ҚазАқпарат» хабарлады.

Қытайда төте жазудан латын графикасына көшу ұсынылды

Басылым қытайшадан қазақ тіліне аудару ісінің маманы, көп жылдар бойы ҚХР Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік басқармасының жанындағы аударма бюросында еңбек еткен аудармашы Ши Чжунсяоның (Shi Zhongxiao) пікірін келтіреді. «Оның пікірінше, латынға көшу қазақ тіліне қазіргі ғылыми-техникалық даму шарттарына икемделуіне мүмкіндік туғызады, Қазақстанның жаһандық кеңістікке мейлінше тереңірек интеграциялануына жағдай жасап, ағылшын тілін меңгеруді, Интернетті пайдалануды жеңілдетеді», - деп жазады мақала авторы.

Ши Чжунсяо қазақ тіліне аудару ісімен 1962 жылдан бері айналысып келеді, осы кезең барысында «Қазақ әліпбиі транслитерациясының ережелері», «Қазақ халық әндерінің өлең құрылысына қысқаша талдау және олардың жолма-жол аударылуы», т.б. көптеген ғылыми еңбектерді жазды.

«Қазақ тілі өте бейнелі тіл. Тіпті ауызекі сөйлеу тілінде де кестелі сөздердің молдығы, бай сөздік қоры қазақтардың өмір салтымен ғасырлар бойы қалыптасып келген жайт», - дейді ол. Ши Чжунсяо жас кезінде шыңжаңдық малшы шаруалардың ауылдарына барғанды, айтыс тыңдағанды құлағының құрышын қандыруды ұнататын. Қазақ тілі оны сол кезде-ақ ерекше әуезділігімен баурап әкетті.

Мақалада латын жазуы негізіндегі қытай иероглифтерінің айтылу жүйесін - «пиньинь» (pinyin) жасау тарихына қысқаша шолу жасалады.

1965 жылы Қытайда қазақ тілін де латын жазуына көшіру туралы мәселе қозғалған, тіпті латын графикасы енгізілген де болатын. Алайда кейіннен, 1982 жылы ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының халық үкіметі қазақ тілін араб графикасы негізіндегі төте жазуға қайта көшіріп, латын графикасын тек фонетикалық таңбалар күйінде қалдырды.

Шыңжаң сауда-экономикалық училищесінің аға оқытушысы Назархат Мижит төте жазуына қарағанда латын графикасында жазуға үйрету әлдеқайда оңай екенін айтады.

«Араб жазуындағы әліпбиде әріптер жеке тұрғанда, сөз басында, сөз ортасында және сөз соңында - 4 түрлі формада жазылады. Бұл жазуға үйретуді қиындатып жібереді. Қазақстанда латын графикасына көшу бастамасының көтерілуі Қытайдағы ұйғыр және қазақ әліпбилері үшін нағыз қуанышты жаңалық болды», - дейді ол.

«Жібек жолының жаңа көкжиегі» басылымы Шыңжаңның танымал «Таң» қазақ әдеби журналының бас редакторы Мақсат Нұрғазының да пікірін келтіреді. «Төте жазу Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің құрамдас бөлігі болғанмен, Интернет дәуірінде оның заманмен ілесуі қиынға соғады, ал латын жазуының бұл ретте артықшылықтары көп. Оның үстіне қазақ тілі Шыңжаңдағы басқа ұлт өкілдері арасында да танымалдылыққа ие, ал жастар ұялы телефондарында негізінен латын графикасын қолданады. Қазақ тілі әліпбиі латынға көшсе, оны үйрену айтарлықтай жеңілдейтін еді», - дейді ол.

Ши Чжунсяоның айтуынша, Қытайда қазақ тілінің ақпараттандырылуы 30 жылдан бері жалғасып келеді. Ақпараттық технологияларды араб графикасына негізделген қазақ әліпбиімен жасау кезінде қиындық туындамағанмен, таңбалар жүйесін дыбыстық қабылдауда қиындық туындайды. «Қазақ тілінің 8 дауысты дыбысы 4 пернемен жазылады, бұл жағдай оларды шатастырып алмас үшін мұқият болуды талап етеді», - дейді қытай филологы.