13 Қараша, 2017

Дінаралық келісімнің қазақстандық тәжірибесі

506 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекетіміз адам құқық­тарын сақтау бойынша БҰҰ-ның осы саладағы іргелі пактілері­мен қатар, 40-тан астам халық­ара­лық келісімшарттарға қосыл­ған. Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­стан өркениетаралық сұхбат­ты қалыптастыруға және оны қол­дауға, сондай-ақ ғаламдық деңгей­де дінаралық қатынастардағы төзім­ділікті нығайтуға қатысты бірқатар халықаралық бастамалар көтерді. 

Сондай бастамалардың бірі және бірегейі, 2003 жылдан бері Астанада жүйелі түрде өтіп келе жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері бүгінгі таңда әлемдік өрке­ниеттер арасындағы бейбіт сұхбатты дамы­туға, Қазақстанның дін және ұлт­аралық қарым-қатынастарды нығай­ту бағытындағы жинақтаған бай тәжі­рибесін кеңінен насихаттауға зор мүмкіндіктер беруде. 

Елордада бес дүркін әлемдік дінара­лық форумның жоғары дәрежеде өтуі, халықаралық қоғамдастықта жаңаша дәстүрді қалыптастырып, Қазақстанды әлемдік аренада сындарлы өркениет пен мәдениетаралық сұхбаттың бастаушысы ретінде танытты. 

Бүгінгі таңда дінаралық келісім мен сұхбаттың қазақстандық үлгісі жөнінде нақты деректермен кеңінен әңгімелеуге болады. Қазіргі кезде халықаралық аренада осындай бренд қалыптасып, ол кеңінен қолданылуда. Еліміздің Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) мен Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына (ИЫҰ) және БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы, біздің мемлекетіміздің конфессияаралық келісім мен діни төзімділік мәселесінде жинақтаған бай тәжірибесі мен қол жеткізген жетістіктерінің заңды нәтижесі. 

Біз жоғарыда аталған беделді халық­ара­лық ұйымдарға төрағалық ету барысында осы саладағы жинақталған тәжіри­бемізді кеңінен қолданып, меке­ме­­лердің қызметіне жаңа қарқын беріп, біраздан бері шешімін таппай келе жатқан мәселелер күн тәртібіне шыға­рылып, кейбірінің түбегейлі шешілуіне ықпал еткеніміз баршаға белгілі.

2010 жылы ЕҚЫҰ-да төрағалық ету барысында Қазақстан ұйым қызметінің негізгі қауіпсіздік және гуманитарлық бағыттары бойынша мүше елдер арасындағы байланыстарды кеңейтуге тырысса, 2011 жылы ИЫҰ-ға төрағалығы барысында ЕҚЫҰ-дағы төрағалық тәж­і­рибесін кеңінен пайдалана отырып, әлемдегі жетекші екі ұйымның мүше мемлекеттері арасындағы ынты­мақ­тас­тықты нығайтып, оларды заман талабына сай жаңа сатыға көтеруге нақты іс-қимылдар жасады.

Әлемдік және дәстүрлі діндер көш­бас­шыларының V съезіне БҰҰ-ның сол кездегі Бас хатшысы Пан Ги Мун мен бірқатар мемлекет басшыларының және әлемнің 42 елінен 80-нен астам делегацияның қатысуы, өз кезегінде форумның әлемдік өзекті мәселе­лерді талқылаудағы мыңыздылы­ғын көрсетсе, екінші жағынан оны халықаралық ұйымдар мен жаһан мемлекеттерінің толықтай мойындауы деп білеміз. Съездің ізгілікті идеялары әлемдік қоғамдастықта, діни, сондай-ақ саяси топтарда кең қолдау тауып отыр. Олар әлемге дінаралық қатынастар туралы ғасырлар бойы қалыптасқан қасаң қағидаларды еңсеруге, ХХІ ғасырда жаһандық толеранттылық пен өзара түсіністіктің іс-қимыл таныта алатын формуласын жасауға мүмкіндік береді.

Еліміздің географиялық тұрғыда үш ұлы өркениеттер тоғысуында орналасуы мен мемлекетіміздің халық­тың полиэтностық және поликонфессия­лық құрамын ескере отырып нәтижелі жүргізіліп келе жатқан салмақты да, салиқалы саясаты, алдағы уақыттарда одан әрі қарай ғаламдық интегратор ретінде бастамалар көтеріп, нақты іс-қимылдар жасауына мүмкіндіктер берері сөзсіз. Қазақстанның 2017-2018 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлануы, мемлекетіміздің әлемдік қауымдастықпен қарым-қаты­насының логикалық жалғасуы болып табылады. Ұйым қызметінде бүгінгі таңда әлемде орын алған діни астар­дағы қарама-қайшылықтар мен қақ­ты­­ғыстарды шешуде, еліміздің бай тәжі­рибесі кеңінен қолданылуда. 

Келер жылға жоспарланған Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының VІ съезі Қазақ­станның әлемдік қоғам­дастық­тағы маңызды қадамдарының бірі болмақ.

Нұрлан СЕЙДІН,

саясаттанушы