Қазақстан • 13 Қараша, 2017

«Байқоңырдағы» жердің бір бөлігі Қазақстанға қайтарылды

389 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ресей Үкіметі Қазақстаннан жалға алған Ақай және Төретам кенттерінің маңындағы 11,6 мың га жерді қайтарды, деп хабарлайды Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми сайты.

«Байқоңырдағы» жердің бір бөлігі Қазақстанға қайтарылды

Челябинскіде өткен Ресей мен Қазақстан өңіраралық ынтымақтастығының ХIV форумында «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының ғарыш қызметі жөніндегі бас директордың бірінші орынбасары Александр Иванов пен ҚР ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов 1994 жылдың 10 желтоқсанындағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру келісіміне өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

Құжатқа сәйкес Ақай және Төретам кенттерінің маңындағы 11,6 мың гектар Ресей тарапынан жалға алудан шығарылды және ол жерде әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымды одан әрі дамыту үшін Қызылорда облысына берілді.

Сондай-ақ, РФ денсаулық сақтау миинстрі Вероника Скворцова мен ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов 2009 жылдың 17 қарашасындағы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясы Үкіметі арасындағы ««Байқоңыр» ғарыш айлағын Ресей Федерациясы жалға алу жағдайында «Байқоңыр» ғарыш айлағы қызметкерлеріне, Байқоңыр қаласының және Төретам, Ақай ауылдарының тұрғындарына медициналық қызмет көрсету» келісіміне өзгеріс енгізу туралы хаттамаға қол қойды.

Хаттамада «Байқоңыр» кешенінде, Ақай және Төретам кенттерінде тұратын және жұмыс істейтін қазақстандықтарға медициналық қызмет көрсету жүйесін жетілдіру көзделеді.

Қол қойылған құжаттар «Байқоңыр» ғарыш айлағы туралы бұрыннан бар екі жақты нормативтік-құқықтық базаны толықтырады, әрі Қазақстан мен Ресей ынтымақтастығын дамытуда маңызды рөл атқарады.