Аймақтар • 13 Қараша, 2017

Алматыда тұңғыш рет Қытай көрмесі өтуде

325 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейі мен Art Market галереясы «Фарфор өнеріндегі  Жібек жолы жайлы Бейжің аңызы» атты Қытай заманауи бейнелеу өнерінің көрмесін өткізді. Көрмеде көршілес елдің таным-тарихынан сыр шертетін құнды жәдігерлер мен туындылар қойылған.


Алматыда тұңғыш рет Қытай көрмесі өтуде

Орталық музейдің соңғы он бес жыл ішінде жүргізген кешенді шараларының бірі – әлемнің түрлі елдерімен мәдениет саласында халықаралық байланысты насихаттау. Музейде Қазақстанда тіркелген шет мемлекет Елшіліктері және консулдықтарымен бірлесе түрлі тақырыптық көрмелер, іс-шаралар ұйымдастырып тұру дәстүрге айналған. Солардың бірі – көрермендер назарына ұсынылып отырған «Фарфор өнеріндегі Жібек жолы жайлы Бейжің аңызы» деп аталған Қытай заманауи  бейнелеу өнері көрмесі.

Мыңдаған жылдар бойы қытай халқы фарфор бұйымдарын өз мемлекетінің атынан достасқан елдеріне, дипломаттарға табыстап, белгілі адамдарға құнды кәде ретінде сыйға тартып келеді.  Осындай байланыстар арқылы Қытайдың өзге елдермен қарым-қатынасы нығайып, түрлі ұлттардың достығы тереңдеп, қытай мәдениеті әлемге таралды. Мұның өзіндік себебі бар. Ежелден-ақ әлемге танымал болған Қытай фарфоры қытайдың дәстүрлі мәдениетінің  бір бөлігі саналған. Араб тілінен аударғанда «фарфорлы зат» сөзінің мәні «қытайлық», «Қытайдан» деген ұғымды білдірсе керек.

– Бұл көшпелі көрме жұмысындағы жәдігерлер мен бұйымдардың барлығы Бейжің қаласынан әкелінген. Бейжің қытай елінің астанасы ғана емес, Ұлы Жібек жолының бастауы, өнер мен мәдениеттің шоғырланған ошағы. Мұндағы туындылар халқымыздың сурет өнерінің ерекшеліктерін,  ел астанасындағы айтулы ғимараттардың терең тарихын танытады. Тағдырдың өзі шектесе өмір сүріп, көршілік байланыста болуды жазған қазақ пен қытай халқының сонау көне замандар қойнауынан бастау алатын тарихи достық қарым-қатынасы бүгінде қарқынды дамып келеді. Бұл бастаманың Қазақстаннан бастау алуы да іргелес жатқан екі елдің арасындағы татулық пен достықты білдіреді, – дейді Алматыға арнайы келген Қытай суретшілер қауымдастығының мүшесі, танымал суретші Чэн Маочан.

Көрмеде Қытай суретшілер қауымдастығының мүшесі, Art Market кескіндеме институтының вице-президенті Ма Хайфан, Қытай суретшілер қауымдастығы кеңесінің басқарма төрағасы Ли Чынсю, Бейжің кескіндеме академиясы суретшілер комитетінің орынбасары Чжуан Сяолей бастаған танымал қылқалам иелерінің туындылары қойылған.  «Көрменің басты мақсаты – қазақстандықтарды ежелгі қытай халқының мәдениеті, өркениеті, сәндік-қолданбалы өнері сынды құнды мұраларымен таныстыру» дейді ұйымдастырушылар.

Еске салсақ, Қытай елінің көшпелі көрме жұмысы Азия елдеріне алғаш шығарылып отырған көрінеді. Бұл жобаның  біздің елімізден басталғаны көңіл қуантады. Ұлы Жібек жолы шектес елдердің өзара қарым-қатынасының дамуына жол ашатын көшпелі көрме Алматы жұртшылығының назарына ұсынылғаннан кейін  көршілес Өзбекстан мен Қырғызстан елдеріне жол тартпақ.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ