Қазақстан • 13 Қараша, 2017

Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана клубының отырысы өтіп жатыр

372 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Назарбаев орталығында Астана клубының үшінші отырысы өз жұмысын бастады.

Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Астана клубының отырысы өтіп жатыр

"Үлкен Еуразия - 2027" текетірес пен серіктестік" атты халықаралық пікірталас алаңы екі күнге созылады. Жиынға 27 елден 60-тан астам саяси қайраткерлер, беделді ғалымдар мен бірқатар дамыған елдің "ақыл-ой орталықтарының" сарапшылары келді. Олардың қатарында Түркияның бұрынғы президенті Абдолла Гүл, Словенияның бұрынғы басшысы Данило Тюрк және Чехияның экс- президенті Вацлав Клаус бар. Бір айта кетерлігі, жиынға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысуда. 

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының атқарушы директоры Қанат Жұмабаевтың айтуынша, Астана клубы ауқымындағы Еуразияның үлкен түйіткілді мәселелері мен оның келешегі жөнінде сарапшылық талқылаулар, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әрдайым насихаттайтын ашықтық пен тең қарым-қатынас ұстанымына негізделген жаһандық саяси диалогты нығайтуға қосылған сүбелі үлес болып саналады. Клуб мүшелері алдағы онжылдықта құрлықтың даму бағдарын айқындайтын негізгі үрдістерді талқылайды.

Астана клубының үшінші отырысының басты тақырыбы - «Үлкен Еуразия» трансформациясы: алдағы онжылдықта еуразиялық кеңістікті қалыптастыратын геосаяси, аймақтық, экономикалық және технологиялық трендтер. Астана клубының отырыстары «Chatham house» ережесі бойынша өткізіледі. Биылғы жылы оның белді саясаткерлер мен сарапшылардан тұратын қатысушылары жаһандық үрдістер мен Еуразияға ықпал етіп жатқан ең өзекті мәселелер бойынша шешімдер іздемек.

Астана клубы ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының жетекші халықаралық ғылыми орталықтар Қытай қазіргі заманғы халықаралық қатынастар академиясы, Германия сыртқы саясат кеңесі, Ресей халықаралық істер кеңесі және Халықаралық бейбітшілік үшін Карнеги қорымен бірлесіп құрған халықаралық пікірталас алаңы саналады.

Абай Асанкелдіұлы,

"Егемен Қазақстан"