Аймақтар • 13 Қараша, 2017

Сарайшықтан дәрілік майларға арналған ерекше қыш ыдыс табылды

1109 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ортағасырлық Сарайшық қаласының орнына жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде дәрілік майларға арналған ерекше қыш ыдыс – альбарелло табылды. 

Сарайшықтан дәрілік майларға арналған ерекше қыш ыдыс табылды

«Мұндай ыдыстар әдетте Қырым аумағында италиялық технология бойынша жасалатын. Альбарелло цилиндр пішінді, түбі сақиналы тұғырлы келген, айрықша кең мойынды. Оюлы композициямен сырланған тік тілік сызықтардан жасалған төрт жолақтан тұрады, арасына көлденең бөлінген екі трапеция түріндегі белгіні штрихтап орнатқан. Жоғары жағында төртжапырақты гүлді фриз жүргізілген. Иық бөлігінде тік сызықтармен секторларға бөлінген, 20 трапециядан тұратын белдеу орналасқан. Мойны шырша тәріздес өрнекпен әшекейленіпті», - дейді облыстық тарихи-өлкетану музейінің басшысы Рашида Харипова.

Сарайшықта қыш бұйымдар дайындайтын орталық болған. Бұл ыдыс Қырым асып келмей-ақ, жергілікті шеберлердің қолынан шығуы да мүмкін. Көне шаһар орнынан пул мен дирхем түріндегі нумизматикалық материалдар да табылды. Биылғы қазба жұмыстары кезінде 21 үлгіде соғылған 75 тиын топырақ астынан аршылып алынды. Олардың арасында 1310 жылдары Сарай қаласында Өзбек ханның тұсында соғылған тиындар да бар.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан».

АТЫРАУ.