Қазақстан • 13 Қараша, 2017

Нью-Йорк көшесіндегі «шоумен»

534 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ғарыштың бір үзігі алдыңыздағы картон қағазға тамып кеткендей әсер қалдыратын бұл өнер түрі – спрей пейнт деп аталады. Фантастикалық, болмаса сюрреалистік пейзаждарымен салған жерден көзге ұратын суреттер тақырыбы соңғы жылдары танымал бола бастады. Нью-Йорк көшесінде бейнелеу өнерінің дәл осы түрімен табыс тауып жүргендердің бірі – Асхат Ақылбаев. Ол бізге Нью-Йорктегі бастан кешірген қызықтары туралы қысқаша баяндап берген еді.

Нью-Йорк көшесіндегі «шоумен»

Асхат – Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Балалық шағы 1929 жылы іргесі қаланған, бүгінде тоғыз жолдың торабына айналған Ақтоғай станциясында өтті.

 «Әке-шешем Алматыға көшіп, ауылда ата-әжемнің қолында өстім. Балалық шақ десе көз алдыма еңселі үйіміз елестейді. Кезінде балабақша болған ауыл ғимараты жекешелендіру кезінде атамның еншісіне тиген. Ауылдың ортасынан үнемі пойыздар өтіп жататын. Ең бірінші көрген туристерім қытайлар мен ресейліктер еді. Футбол ойнап келе сала вокзалға жүгіремін. Өткен-кеткен жолаушылармен сөйлесіп қалғым келіп, елегізіп жүретінмін. Бәлкім, алғашқы тәжірибем осы Ақтоғайдан басталған болар», дейді ол.

Бастауыш сыныпты бітірген соң Асхат Алматыдағы әке-шешесінің қасына ауысады. Ахмет Байтұрсынұлы атындағы №139 мектеп-гимназиясын бітірген соң М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясында көлік техникасы және технологиялары мамандығын алады. Студент алмасу бағдарламасы арқылы Нью-Йоркке барып келген Асхатты «ешқашан ұйықтамайтын қаланың» тынымсыз қозғалысы магниттей тартты да тұрды.

«Әуелгіде оқуға тапсырмақшы болғанмын, алайда құжат жинау кезінде кедергілер болып, ойым іске аспады. Ақыры Лонг-Айлендтің батысындағы Бруклин әкімшілік аумағынан пәтер жалдадым. Үйге жақын маңайда орналасқан пирог дүкеніне кассир болып жұмысқа орналастым. Көктемге қарай дүкен жабылып қалып, жұмыс іздеуге тура келді. Нью-Йорктің тарихи орталығы саналатын Манхэттенді күні-түні шарлап, түйіндеме тараттым. Тіл білмеген соң қалаған жұмысыңа орналасу қиынға соғады екен», дейді Асхат.

Ақыры жұмыс таба алмаған соң кешкісін көше жағалап келе жатқан ол қызық жайтқа тап болады. Қолы қолына жұқпай сурет салып жатқан бейтанысқа таңырқаған бір топ қауым ерекше қолпаштау көрсетіп, дуылдасып тұр екен. Асхаттың «көше» шоуымен алғашқы таныстығы осылай басталыпты.  

«Карлос есімді аргентиналық бір картинаны бес-ақ минутта салып, жиналғандарға үлестіріп жатты. Сыртынан қызықтап тұрған мен одан үйретуін өтіндім. Шамасы менің ынтама қарап бәсекеден қорықса керек, шәкірті болғанымды жақтыра қоймады», деп күлді.

Ақыры табысты кәсіп екенін аңғарған Асхат бір айдан кейін асай-мүсейін көтеріп Мадам Тюссо музейіне қарама-қарсы орынға жайғасады.  «Кәсіби түрде болмаса да, арасында сурет салатыным бар. Спрей-пейнт техникасын интернеттен қарап жүріп, аз уақытта меңгеріп алдым. Бұл кезде 23 жаста болатынмын», деп еске алған ол, қызықтың көкесі енді басталғанын айтты.

«Сол жердің бұрынғы тұрғындары менің жұмыс істеуіме үзілді-кесілді қарсы болды. Бәсеке жүрген жерде талас-тартыстың, төбелестің болуы заңды да. Оның үстіне бір жыл құжаттарым дұрыс болмай, полицейлер қайта-қайта мазалай берді», деген ол ыңғайлы орын іздеп ұзақ жүргенін айтады. Ақыры бірінші авенюдағы Макдональдстың қасынан орын табылып, ісін жалғастырудың сәті түскен.

Көзді ашып-жұмғанша табиғат пен архитектураның үйлесімі қатар орын тепкен ғажайып картинаның тууы шынымен таңқаларлық дүние. Мұнда сурет салу техникасы жылдамдық пен жұмбаққа құрылады. Орта есеппен бір картинаның құны 20-30 АҚШ доллары болады. Ал Асхат күніне 30-40 картинаға дейін салады. Ерте көктем мен қара күздің аралығы – жұмыстың нағыз қызатын шағы. Өйткені осы маусымда шетелдік туристер қалаға жан-жақтан құйылады. Оның айтуынша, көшеде өтіп бара жатқан адамдарды баурап алу үшін нағыз шоу көрсете білу – басты талап. Еуропалықтар мен америкалықтар өнердің бағасын түсінуге дайын тұратын шыншыл халық. Расымен жақсы дүние болса, әрқашан қолдауға әзір. Осы жағынан маған көп көмек болып, өзіме деген ішкі сенімім арта түсті, дейді ол.

Асхаттың тосын мінезі көп үлкен қалада жүргеніне биыл міне, алтыншы жыл. Бөтен қалаға бейімделіп кету де оңайға түспеген. Не нәрсені де ынта-шынтасымен, тындырымды істейтін Асхаттың жұмысына қызыққандар әркез түрлі ұсыныс та жасайтын көрінеді. Мысалы, жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істейтін Рэбэка есімді француз әйелдің тапсырысымен жалдамалы пәтерлердің қабырғасына үлкен көлемдегі картиналар салып береді. Неғұрлым аяқтан тұрып кету үшін жатпай-тұрмай жұмыс істеген ол, кез келген қиындықты еңсеріп кету үшін моральдық-психологиялық тұрғыда жоғары дайындықпен келгенін айтады.

«Әрине, Америка мен Қазақстанды салыстыру оңтайлы нұсқа емес. Дегенмен, мұнда таңдау еркіндігі көбірек. Бастан-аяқ мүлдем өзгеше картина. Күнделікті метродағы көрініс біреу – басқа қалаға топ ете қалған өзге мемлекеттің адамдары. Бір күні қызығушылықпен әдейі санап көрдім, жалпы саны 30-ға жуықтайды екен. Міне, күн осыдан басталады», деген Асхаттың сөзінен адам болмысының әмбебап сипаттамасы саналатын еркіндікті анық көрдік. Ал еркіндік дегеніміз біреудің үстемдігінсіз өмір сүру, жан қалауыңды іске асыру, еркін ойлау, ерікті адам болу емес пе?! Өмірге құштар жігіттің әңгімесінен ырғақ, түс, фактура, мінез, форма сынды жарқын ансамбль құра білген әлдебір әйгілі суретішінің өзін іздеу жолындағы аласапыран болмысының ұшқыны жылт ете түскендей. Кейіпкеріміздің Вангог бола қоймасы анық, десе де «Өз-өзіңді тану қиын, өзіңді қалыптастыру да оңай емес» деген ұлы суретшінің сөзімен әңгімемізді түйіндегіміз келеді.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Суреттер жеке мұрағаттан алынды