Күрес • 14 Қараша, 2017

Чемпиондар шеберлік сабағын өткізді

909 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматының «Халық Арена» спорт кешенінде күрес түрлерінен Олимпиада және Әлем чемпионатының жүлдегерлерінің қатысуымен шеберлік сабағы өтті. Шараны Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы, ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы, Алматы қаласы №15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұйымдастырды.

Чемпиондар шеберлік сабағын өткізді

Еркін күрестен Атланта олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров, грек-рим күресінен Бейжің олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, еркін күрестен Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Эльмира Сыздықова, грек-рим күресінен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Демеу Жадраев, Азия чемпионы Ербол Қоңыратов, еркін күрестен 1976 жылғы Монреаль олимпиадасының күміс жүлдегері Александр Иванов 200-ге тарта балғын балуандарға күрестің айла-тәсілдерін түсіндірді. Шараны ұйымдастырға ұйтқы болған №15 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Дастан Қанатхановтың айтуынша, мұндай шеберлік сабағын өткізудегі мақсат жас балуандардың шеберлігін шыңдай түседі.

- Қазіргі таңда Алматыдағы «Халық Арена», «Алматы Арена»,  «Достық» спорт кешендерінде жас балуандардың күреспен шұғылдануына керемет жағдай жасалған. Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы мен ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының қолдауының арқасында жас балуандарымыз аталған спорт кешендерінде тегін жаттығады. Бүгінгі өткізіп отырған спорттық шарада жас балуандарымыз Олимпиада мен әлем чемпионатының жүлдегерлерінен күрестің айла-тәсілін үйреніп, шеберліктерін шыңдай түсетініне сенімім зор. Болашақта олар да ағалары сияқты ел намысын абыроймен қорғап, көк туымызды көкте желбірететіні сөзсіз, - деді Д.Қанатханов.

Шеберлік сабағының ашылу салтанатында жас балуандар атақты балуандармен қатар тұрып, Қазақстан Республикасының әнұранын тыңдады. Артынша, кезек-кезегімен кілемге шығып, әр балуан өздерінің сүйікті әдіс-тәсілдерінің қыр-сырын көрсетті.

Спорттық шараның соңында жас балуандар атақты балуандардан қолтаңба алып, естелік суретке түсті.

Бұдан кейін ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының төрешілер корпусы және бапкерлер штабының жұмысы жөніндегі вице-президенті Ерлан Сәдуақасұлы Қожасбай шеберлік сабағына қатысқан балуандарды «Меркурий Медет» спорттық-сауықтыру кешенінде орналасқан Күрес Академиясына бастап барды. Ол жерде балуандар Академияның тыныс-тіршілігімен танысты. Еркін күрестен Атланта олимпиадасының қола жүлдегері Мәулен Мамыров Академия қабырғасында тәлім алып жатқан жас балуандарға батасын беріп, ақжол тіледі.

Еркебұлан Алдаберген