Футбол • 15 Қараша, 2017

Мерейің үстем болсын, Мери!

323 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елордаға екеуміз қатар келіппіз. Ол – «Астанаға» бас бапкер болып бекіді. Біз Алматыдағы қосыннан бас кеңсеге көштік. Алғашқы кез­десуіміз есте жоқ.

Мерейің үстем болсын, Мери!

Алайда Бол­га­риядан бір топ маман келгенін ес­тіген соң, жұмысын көргіміз кел­ді. Жақын арада мүмкін болма­ды. «Астана» түсінігі біртүрлі, тәр­тібі қатал команда екен. Рас, сәл кейінірек, ашық жаттығуына қа­тыстық. Өзі оқшау тұрды. Кісі жа­тыр­қайтын секілді. Көмекшілерін сөзге тарттық. Болгарияның футбол мектебі туралы айттық. Аты аңызға айналған ойыншыларын еске түсірдік. Сол кезде Пермьде мә­тел шыққан. «Болгарсыз «Амкар» «Амкар» емес», деген. Соны айтып, күлістік. Ивелин Поповты мақтадық. Сосын... 

Сосын қызық болды. Тасқамал қорғаушы Цветанов туралы айта бастадық. Қасымдағылар күледі. Әлем чемпионатында төртінші орын алған Болгария құрамасының сапындағы қорғаушы еді ғой. Сол жақтағы көмекші сылқ-сылқ етеді. Екінші біреуі сыбыр етті. «Егер Цанко туралы айтып тұрсаңыз, ол осы ғой», – деп Цанко Цветанов. Бол­гарияның бірнеше дүркін чемпионы дәл қасымызда тұр екен. Түрін ұмыттық. Әлде өзгерген. Есім-сойы түстелгеннен кейін ғана шы­ра­мыттық. Стойлов туралы Цанкодан сұрадық. «Талап қоя білетін, табанды бапкер. «Астананы» биікке алып шығады әлі». Тілшілерге берілген уақыт аяқталды да, сыртқа беттеуге тура келді. Бірақ Стойловты тану сабағы жалғаса берді.

Мери. Немесе, Станимир Стой­лов. Тілшілік ғұмырдағы біз назар аударған бапкердің бірі осы кісі. Футболға деген көзқарасымыз ортақ болғанымен, пікір қайшылығы орын алып, келіспей қалатынымыз бар. Ол өз кеудесінің биігінен бізге көз тастайды. Біз осы бір спорт түрін өнер санағаннан кейін, командасын зерттейміз. Бірде Стойлов мыс­қыл­дады: «Екеуміз екі бөлек матч көр­ген секілдіміз». Жоқ, Мери! Біз­дер бір ғана ойынды қара­дық. Сіз алаң жиегіндегі бапкер орын­та­ғынан. Біздер пресс-ложада. Және екеу­міз де ойынға маман ретінде үңіл­дік. Бапкер – сіз, біз – спорт тіл­шісі едік. Сіз менен көбірек біле­сіз: өз командаңызды, қойылған мақ­сат, ұстанған тактикаңызды. Біз, кө­бірек үңілеміз: сізге, сіз ар­қы­лы командаңыздың ойын өрнегін тануға. Иә, командаңыздың іс-қи­мылы арқылы сіздің жаттық­ты­рушылық қабілетіңізге бойлаймыз. Есіңізде шығар. Есіңізде ғой! «Астана» «Маккабиді» қабылдаған күн. Патрик Твумаси мен Жуниор Кабананга қос-қостан гол соғатын кез ше? Матч соңынан кейінгі бас­пасөз мәслихатында біздің тараптан қойылған сұрақ есіңізде ме? Былай дедік. «Сіз, Станимир Стойлов, біз таныған мықты бапкер қа­тарындасыз. Дәл қазір сізге жететін жат­тықтырушы жоқ десе де болады, біз­дің елде. Сізге деген құрметім де ерекше. Енді сұраққа көшейін. Кеше футболдың омақасқанын көрдім, мен. Әзербайжанда. «Қарабах» пен «Атлетико» осы бір керемет ойынды тұншықтырды. Бүгін сол тұншығу жалғасқан секілді. Ойынның алпысыншы минутынан кейін. Рас, «Астана» ұстанған тактика сол, бәлкім. Оны танып тұрмыз. Бірақ біз мақтаған маман ретінде айтыңызшы, әлгі соңғы жарты сағатқа қандай анықтама беруге болады?».

Шын мәнінде жауап жоқ болатын. Өз қолын өзі кесетін кісі кездесе ме, қазір? Тіпті ол тым шыншыл әрі талапшыл бапкер болса да. Жа­уа­бы мынау: «Мен сізді түсінген жоқпын. Егер «Маккаби» ойнамай тұрып алса, менің шаруам қанша. Төрт голдан кейін шабуылдау бізге қажет емес еді». Елге қажет еді ғой. Жан­күйерлерге. Футбол мамандарына. Керек десеңіз, жылнамаға. Құ­лаққа ұрған танадай тұрып қалған «Мак­кабиді» әбден «сабауға» бола­тын еді. Голды тау етіп, үйіп. Мы­салы, Мауриньо. Жұрт білетін Жозе ше? Шәкірттеріне тапсырманы төгіп береді екен. Ойын кезінде. Үнемі ша­буыл­да жүру. Қорғанысты шеге­леп тастау. Сосын мейлінше гол соғу. «Жүзге жеткізсең де, жүз бірін­ші голды талап ететін бапкер, ол», деседі шәкірттері. 

Дмитрий Аленичевтің айтқаны бар. «Егер біздер балабақшамен жолдастық кездесу өткізсек те барынша күш салып ойнауымызды талап ететін шығар. Қателік жібермей, мүмкіндікті түгел пайдаланып, доп санын мыңнан асыруды тапсырады». Дұрыс. Өйткені ол кәсіби бапкер. Сондықтан да тізгінін ұстаған командасы кемелденіп шыға келеді.

Станимир Жозе емес. Ол – Стой­лов! Стойловтың өз ұстанымы бар. Мүмкін, Станимир де сондай түсі­нікте, бірақ көсіле алмайды. Қолы қысқа. Жозе секілді жиырмадан астам үздік ойыншысы жоқ. Мүмкін емес-ау. Шындық. «Астананың» құ­рамын қараңызшы. Маусым жүгін ар­қалаған 13-14 футболшы. Шымыр екен. Шыдады. Жарақат алғандары қан­шама! Қатарға тез қосылып отыр­ды. Өйткені бапкер үшін отқа түсуге дайын еді. Станимирмен тіл та­бысуға тырысты, олар. Стойлов ойын­шыларға жалтақтаған жоқ. Де­мек, қитұрқыдан ада. Футболшы ал­дында ары таза. Фокси Кетевоама деген ойыншы болды. Жылдар бұ­рын. «Астананы» алға жетеле­ген жігіттердің бірі еді. Кенет «нау­қас­танып» қалды. «Жұлдызды» ауру. «Жұқпалы» деп ойлады ма, Ста­нимир Фоксиден бас тартты. Са­лыстыру үшін, сол кездегі Фокси, «Реалға» Криштиану қаншалықты қажет болса, «Астанаға» сонша­лық­ты керек еді. Бас бапкер басын шай­қап отырып алды. Шешім қа­был­данды, «Астана» Кетевоамасыз күн көріп келеді. Енді бірде Тву­маси тай­раңдай қалды. Ойын өтеді, ол жоқ. Келесі кездесуде де негізгі құ­рамнан тыс қалды. Баспасөз мәс­ли­хатының бірінде сауал тастадық. «Станимир, мырза! «Астана» мықты ойыншыларға зәру команда. Біз та­ны­ған мықты Патрик еді. Ол қазір алаң­ның шетінде көбірек жүреді. Матч­қа араласа алмай. Не­ге одан жерідік?». «Сіз футболды көп түсіне бермейтін секілдісіз». «Қай­та, сол футболыңызбен тыныс­тай­тындардың бірі едік. Оң қанаттан тап беретін, екпінді ойыншыны, екі аяғымен бірдей тебетін мерген футболшыны запаста, иә, иә, қапаста ұстағаныңыз қалай?». «Қапас дейсіз бе. Твумаси футболға тыңқия тойып алған десем ше?» «Онда бір-бірімізді түсіне бастағанымыз». Қысқа диалог осылай өрілді. Станимир біздің де футболдан хабарымыз бар екенін аң­ғарса керек. Алдымен сұрақтан сытылып шығуға тырысты. Сосын торды мықтап құрғанымызды ескерді. 

Тағы бірде. «Астана» чемпион­дыққа жақындады. Ойыншылар тағы тапшы. Кезекті қарсыласын келіс­тіріп ұтып жатты. Шаршағандарын алмастыратын футболшы жоқ. Қо­салқы құрамда кілең жастар. Матч­тан кейін сұрадық. «Станимир-оу, есеп жақсы еді, анау жастарды шың­дап алуға болмады ма?». «Олар ер­тең мықты ойыншы болатынына сенімдімін. Бірақ әзір шикілеу. Әйт­песе менің миыма кірмеді дейсің бе?». Тексеріп, көрді. Сәл кейін. Ел ку­богы жолындағы жарыста. Талды­қор­ғанда, «Жетісуға» қарсы салды. Быт-шыт болып ұтылды. Келгеннен соң, кезекті матчтан кейін көзімен бізді іздеді. Табыла кеттік. Сосын айтты. «Олар пісіп, жетілсе баяғыда салатын едік қой, футбол майданына. Түсінбеймін. Түк түсінбеймін. Өмір бойы мүмкіндік іздей ме? Неге пайдаланбады, осыны ұқпаймын». Біз оны түсініп отырдық. Бапкердің жан-дүниесін. Жетектеп жүретін тазы еске түсті. Түлкі алмайтын. Есім-сойларын түстеудің қажеті аз. Ке­рек еткендер тарихтан тауып алады. Матч протоколына үңіл­се жеткілікті. Станимир сәл-сәл қажыған. Немесе әлгі ойыншыларға деген сенімі әлсіреген. Әйтпесе олар­ды да шынықтыратын еді. Олар­ды да дейтініміз, талайдың ба­ғын ашқан бапкер ғой. Келіспейсіз бе? Кешіріңіз. Стойловқа дейінгі Серік­жан Мұжықовтың ойын өрне­гін саралаңыз. Немесе Жуниор Каба­нанганы. Иә, иә. Қазір ғой, Жу­ниор тепкен доп голға айналады, кеудесімен тоқтатқаны қандай керемет! Рас, кейде ұрымтал тұстағы әріптесін көрмей қалады. Өзі адам баласын биікке ұмтылдыратын сенім екен ғой. Стойлов Жуниорға сенді. Сәттілікке де байланысты. Конго Демократиялық Республикасы Аф­рика кубогын сарапқа салатын бо­лып, жан-жақтағы жібі түзу ойыншыларын ел туының астына жинады. Шеберліктерін байқап көру үшін. Жуниор да барды. Бірақ негізгі құрамнан сырт қалды. Енді Астанаға қайтайын дегенде құрама бапкерлері кері шақырады. Бір ойыншы жарақат алған екен. Соның орнын басу үшін. Кұрлық Кубогы жолындағы жарысқа қатысады. Гол соғады. Мәртебесі өседі. Құр­метке бөленеді. Қазақстанға келгеннен кейін футболға басқаша кіріседі. Қазір «Астананың» белді шабуылшысы. Былайша айтқанда Стойлов ашқан таланттың бірі. Дидар Жалмұқанға таңдау түскенде ішіміз жылыған. Бірақ қасында көп ұстамады. Жалға берді. Жақтырды, жақтырмады, ол жағын өзі біледі. Иван Маевскийді шақырды. Орта­лық жартылай қорғаушы бапкер үмі­тін ақтады. Трансферде мүлт кет­пейтінін аңғарып отырмыз. Ақи­қа­ты мынау, егер дәл осы құрам өзге жат­тықтырушының қолында бол­ғанда өзгелерден бір бас ұзап шы­ғуы неғайбылдау дүние. Тіпті топ жару да екіталай. Бірнеше ойын­шысы жан-жаққа тарады ғой. Үш-төртеуі «То­былда» жүрді. Жапырып, ойнады ма? Жоқ! Екі-үшеуі «Ордабасы» барды. Станимир шеберлігі шабандау, ойыны ақсау алдында тұр­ған жі­гіттермен топ жарып жүр. Неге? Себеп көп. Соның ішіндегі маңыз­дысы – ол ойыншылармен бір тілде сөйлеседі. Жарыс тілінде, намыс тілінде. Командасын қайрай алады. 

«Астана» допты жақсы ұстайды, қос қанаттан тықсырады, ортадан атой салады, осының бәрі оқуы жақсы команданың ойын өрнегі. Футболдағы әрбір матч – қойылым. Сценарий жазылады, орындаушылар таңдалады. Ең бастысы, орындаушылар қоюшының тапсырмасын тыңғылықты орындауы шарт. Сонда ойын жүреді. Станимир ойын қоя алады. Біз білетін Бесков секілді. Ел таныған Романцев сияқты. 

Өкінішке қарай Стойлов шә­кірт­­терін қалай қайрайтыны бізге беймәлім. Мәлім болғаны, ойыншы­лары алаңға атылып шығады. Қар­сыластарын бірден қыспаққа алады. Қандай деңгейдегі команда кез­дессе де. Қорықпайды. Стойлов солай үйреткен. Қаймығу жоқ. Со­сын қайғыру жоқ. Мүмкіндікті мүлт жібергендер жер тепкілеп, жата кет­пейді. Қайта жылдам қорға­ныс­қа көмекке келеді. Сосын қайта ша­­буылды өрістетеді. Алаңды қа­лай көреді! Бұл енді тактикалық дә­ріс­тердің жемісі. Бердыев сағаттар бойы тактикадан дәріс оқиды екен. Карло Анчелотти тіпті ойыншыларды қолдарынан жетектеп жүріп, өз ұстанымын жеткізетін көрінеді. Ста­нимирдің тәсілі бізге белгісіз. Бірақ командасы жақсы ойнайды. Демек, ойын-өрнегі қойылған. Был­тыр «Астана» қатарынан үшінші рет чемпион атанды. Марапаттау рәсі­мі алдында бас бапкерді іздедік. Сұхбат алу керек. Станимир сұр­ла­нып алыпты. Кісікиік. Мик­рафон тосып едік. Тыржиды. Жақ­тыр­мағаны. «Жиналыңдар, бәрің, сосын көреміз», деді. Кеудеден еш­кім итеріп көрмеген. Мәскеуде, Ва­лерий Лобановский де. Иракта, Па­вел Садырин де. Тыз ете қалды. Ба­сымыз ба, жүрегіміз бе. Күлдік. Стойлов – батыр, Стойлов – жеңім­паз. Бірақ қарапайым емес. Басы­нан сөз асырмайтыны баспасөз мәсли­хат­тарында байқалатын. Бүгін тіпті екіленіпті. Чемпиондықтың буы болар. Сұхбат алынды, эфирге берілді. Қолданыстағы сұрақтар, жаттанды жауаптар... 

Мери енді төрт дүркін чемпион. Қазақстан біріншілігінде. Баспасөз мәслихатына берілген бөлменің есігін еріне ашты. Өң жоқ. Тап бір соғыстан жеңіліп қайтқан қолдың сардары секілді. Сараң сөйледі. «Бір жылғы жоспардың жемісін көрдік. Яғни біз таңдаған жол дұрыс екен. Айтып жүрдік қой. Дұрыс шешімдер қабылдаппыз. Маусым сәтті өтті. Ең­бек зая кетпеді. Жігіттерге мың алғыс. Дәрігері дейсіз бе, маман­дар­дың бәріне рахмет. Бәрі де мақ­тау­ға лайық. Құрметке де. Сосын сыйа­қыға да лайықты. Өкінішке қарай сыйақы алу мұң болып тұр. Тіпті был­тырдан қалған қарыздар бар. Ойын­шылар «қыңқ» еткен жоқ. Жа­сыл алаңда қайрат көрсетті. Ма­ған әлі келісім-шарт жайлы «Ас­тана­дан» ұсыныс түскен жоқ. Шақы­ра­тындар көп. Бір тоқтамға келмедім».

Айтылған сөздердің ұзын-ыр­ғасы осы. Ойланып қалдық. Төрт дүр­кін чемпионның айдарынан жел есіп, езуінен күлкі төгілу­ші еді ғой. Ол ойлы көздерін әрі-бері ауда­рып, астыңғы ерінді үстін­гінің үстіне қойып, тұман кешті. «Ер­тісті» баптаған Веретновтің айт­қаны бар еді. «Біздерді жұмыстан шы­ғар­майды, алып тастайды. Сондықтан да тағдырымыз өзгеше». Алғыспен кеткен бапкер аз. 

Мери мықты. Болгарияда да бап­таған командасын биікке шы­ғарды. «Астананың» атын тарих тасына сан мәрте қашады. Еуро­паның ең үздік коман­даларының ады­мын аштырмаған команда жаттық­тырушысы сырттай сыйлас жұм­бақ жан ретінде біздің жады­мызда қалады. Екеуміз екі түрлі тү­сі­­ніктегі адамдар болсақ та фут­бол­ға деген көзқарасымыз ұқсас сияқты. Мерейің үстем болсын, Мери! 

Амангелді СЕЙІТХАНОВ,
журналист