Білім • 15 Қараша, 2017

100 оқу­лық: Ғылыми еңбектерді аударуды жүзеге асыру қажет

781 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақалада «Жа­ңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 оқу­лық» жоба­сын қолға алу мәсе­лесі орын­ды көтерілген. Осы орайда ғылыми еңбектерді аударудың да мәні зор екенін айтқым келеді.

100 оқу­лық: Ғылыми еңбектерді аударуды жүзеге асыру қажет

Осы заманғы білім берудің стандарттары 3-5 жыл сайын оқулықтардың жаңартылып отыруын талап етеді. Бірақ, мұндай құбылыс ғылыми еңбектерге тән емес, соның ішінде гуманитарлық бағыттағы іргелі академиялық зерттеулердің құндылығы тіптен уақытқа тәуелсіз. Олар ғасырдан ғасырға озып, өміршең келеді. Сол себепті оқулықтармен қатар әлемдік деңгейдегі ғылыми еңбектерді де мемлекеттік тілге аударуды қоса жүзеге асыру қажет деп санаймыз. 

Рухани жаңғыруда іргелі гуманитарлық туындылардың салмағы ерекше екендігі дау тудырмайды. Дей тұрғанмен мемлекеттік тілдің толыққанды ғылым тіліне айналып, ұлттың интеллектуалды әлеуетін көтеретін күшке ұласуы үшін – жаратылыс­тану ғылымында жарық көрген әлемдік академиялық туындыларды да аудару шаралары қабат жүруі керек. Себебі ғылымы өрге жүзген елдерде, оған тартылып отырған гуманитарлық және қоғамдық ғылым саласындағы мамандардың үлесі бар болғаны 5-6% -дан аспайды. Сондықтан рухани жаңғыруға қосатын өзге ғылым салаларының (жаратылыстану, техникалық, медицина, ауылшаруашылық) үлесі қомақты екендігін естен шығармауымыз керек.

Рухани жаңғырудың негізгі мәселесі ретінде «Мемлекеттік тіл – ғылым тілі. Қазақ тіліндегі 100 ғылыми еңбек» деп аталатын жобамен әрбір ғылым саласына қарасты жекелеген мамандықтар бойынша аударма жұмыстарын жүргізуді қолға алуды ұсынамыз. Академиялық іргелі ғылыми еңбектердің қазақ тілінде сөйлеуі – мемлекеттік бюджеттен жұмсалған қаржыны ақтап қана қоймайды, ол сонымен бірге ұзақ жылдар бойы ұлттың интеллектуалды қорына қызмет жасап, тиімділігін еселей түседі. 

Іргелі, сондай-ақ қолданбалы ғылым саласындағы еңбектерді мемлекеттік тілге аудару жұмы­сын Ұлттық аударма бюро­сына немесе Білім және ғылым ми­нис­трлігінің өзіне тікелей тап­сыруға болады. Ғылыми ау­дарма қызметіне жұмылдыры­ла­тын­дарды шартты түрде екі топқа бөліп қарастырып отырмыз. Бұлай бөлудің негізіне ау­дарма жұмысына ақы төлеу өлшемі алынады:

Бірінші топқа – ақы төлен­бей­тін ғылыми-аударма қыз­меті жатқызылады. Бұл са­нат­қа мемлекеттік тапсырыс бо­­­йынша білім алып жат­қан PhD докторанттарды жұ­мыл­ды­­руға болады. Себебі олар­­­дың оқуы, шәкіртақысы және екі жыл қатарынан шетелде тағылымдамадан өтуі мем­ле­кеттік бюджет есебінен қар­жы­лан­дырылады. Сондықтан бөлінген мем­лекет қаржысының аясында оның тиімділігін арттыру – PhD докторантура инс­титуты­ның зерттеушілік тағай­ынына сай келеді деп есеп­тейміз. 2016-2017 оқу жылына мемле­кеттік тапсырыс бойынша 585 орын бөлінген болса, биылғы 2017-2018 оқу жылына 1280 орын беріліп отыр. 

Екінші топқа – ақы төленетін ғылыми-аудармашылық қызмет жатады. Оларды 3 санатқа бөліп қарастырамыз: 1) Мемлекеттік және жеке ЖОО-ның оқы­ту­шылық-профессорлық құ­ра­мы. 2015 жылғы мәлімет бойынша 38 087 адам осы санатта жұмыс істеп жатқан және оның 51,4% ғылыми дәрежеге ие;

2) Мемлекеттік, сондай-ақ мемлекеттік емес ғылыми-зерт­теушілік мекемелердің ғылыми қызметкерлері. Кейінгі жылдардағы мәлі­мет бойынша елімізде 392 ғылыми мекеме қызмет жасап отыр. Олардың ҒЗИ ныса­нындағысы – 245, ЖОО-лар құрамындағысы – 89, өзгелері – 58. Аталған мекемелерде 18 930 маман-зерттеуші нақты ғылыми ізденістермен жұмыс істеуде;

3) Ақылы негізде PhD докторантурада білім алушылар. 

Енді әрбір топқа жататын ғы­лы­ми аударма қызметінің маз­мұ­нына жеке-жеке тоқталып кетелік. 

Бірінші топқа жататын PhD докторантурада білім алушылар ғылыми және педагогикалық кадрлар жасақтауда 2006 жылдан бастап негізгі рөлді атқарып келеді. Ғылыми дәреже алудың бекітілген тәртібіне сай PhD докторанттар ғылыми зерттеудің нәтижелерін нөлдік емес импакт-фактормен белгіленетін шетелдік баспаларда (Thomson Reuter немесе Scopus) жариялауы тиіс. 2015 жылғы статистика бойынша PhD докторантура бағдарламасын аяқтаған 533 түлектің тек 175-і ғана (32,8%) диссертацияларын мерзімінде қорғауға шығара алған. Мұндай төмен көрсеткіштің басты себебі – шетелдік басылымға жария­лаудың күрделілігі, ақылылығы, уақытты ұстайтындығы, басы­лымның редакторлық қызметінің ескертпелерімен жұмыс жасау және т.б. толып жатқан сұрақ­тардың болуы. Шетелдік баспаға мақаласы дер кезінде жария­ланбағандықтан PhD докто­ранттардың көпшілігі дайын тұрған диссертациялық жұмы­сын мерзімінде қорғауға шығара алмай, қолдары байланып отырған жағдай бар. Бұдан бір жағы PhD докторантура институтының тиімділік көрсеткіштері төмендесе, екінші жағынан жоғары білікті маманды қажет ететін отандық еңбек нарығында есесін жіберуде.

Сондықтан 2011 жылы 31 нау­рызда БҒМ №127 бұйрығымен бекітілген «Ғылыми дәрежелерді тағайындау ережелерінің» 6-тармағының тиісті бөлігіне келесідей толықтыру енгізуді ұсынамыз: «Сондай-ақ, шетелдік іргелі және қолданбалы ғылым саласында жарық көрген академиялық еңбекті мемлекеттік тілге аударған тұлғалар үшін рецензияланатын халықаралық ғылыми журналдардағы жарияланымдар талап етілмейді».

Мұндай шешім, бірінші кезекте PhD докторантура инс­ти­тутының тиімділігін арттырып қана қоймайды, ол сонымен бір­ге бітірушілердің мерзімінде қор­ғауға шығуына мүмкіндік берген болар еді. 

Екіншіден, PhD докторантта демократиялық таңдау мүм­кіндігі қалыптасады. Шетелдік рецензия­ланатын басылымға жариялау немесе тақырыбына қатысты шетелдік академиялық ғылыми еңбекті мемлекеттік тілге аудару мәселесін өз қалауы бойынша анықтайды. 

Үшіншіден, мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің – ғылым тілі ретіндегі мәртебесі нығайып, интеллектуалды әлеуеті артады. Ғылыми ұғымдар мен түсініктердің аппараты, категориялар жүйесі қазақ тілінде сөйлеу арқылы отандық ғылыми ойдың баюына қомақты үлес қосады. Бұл дегеніміз, жыл сайын орта есеппен кемінде 50% бітіруші шетелдік академиялық ғылыми еңбекті қазақ тіліне аударады деген сөз. Сөйтіп берілген орын санына қарай жыл сайынғы аударылатын ғылыми еңбектердің саны да еселеп, артып отырады. Мәселен, соңғы мәліметтерді ескерер болсақ (2016-2017 жылдары – 585 орын, 2017-2018 жылдары 1280 орын бөлінген), мұндай бастама жылына кемінде әлемдік деңгейдегі 300-700 ғылыми туындының тұрақты түрде қазақ тіліне аударылып отыруына жол ашқан болар еді. Айта кетуіміз қажет, аударылған ғылыми еңбек толықтай мемлекет есебінен жарияланатындықтан интернет желісінде тегін тарату мақсатында Білім және ғылым министрлігінің мерзімсіз пайдаланылуында болуы тиіс.

Төртіншіден, диссертациялық зерттеумен байланысты ғылыми еңбекті қазақ тіліне аудару арқылы PhD докторанттарымыз да отандық ғылымды дамытуға сүбелі үлес қосады, уақытын ұтымды пайдаланады, зерттеушілік қабілетін ашып, ғылыми құзыретін кеңейтеді, қазақ тілді ғылыми ойдың стильдері қалыптасады және ең бастысы, көптеген қазақ жастарының бойында бар ұлт алдындағы азаматтық парызын орындауға деген ынтасы жолға түсіп, ұмтылыстарына қолайлы жағдай жасалады. 

Айтылған мәселелерді қоғам өміріне енгізу үшін мынандай нақты шаралар атқарылуы қажет деп ойлаймыз:

1. Әрбір ғылым шифры бойынша 100 іргелі және қолданбалы ғылыми еңбектердің тізімін әзірлеу. Мұндай тізім кемінде жылына бір рет толық­ты­рылып отырылуды қажет етеді. Бұл ретте ЖОО жанын­дағы Ғылыми кеңестерге тіке­лей тапсырма беру арқылы жұмысты үйлестіруге болады. Кафед­ралардың ұсыныстары негі­зінде ЖОО-ның Ғылыми кеңес­тері Білім және ғылым минис­трлігіне өз тізімдерін бере алады. Заманауи рейтингтер бойын­ша тізімнің басында тұрған 100 ғылыми еңбекті компьютер арқылы таңдап алуға да болады. Сондай-ақ, PhD докторант үшін ғылыми жетекшісінің келісімімен тізімге енбеген, алайда зерттеу тақырыбы үшін маңызды деп есептелетін ғылыми туындыны арнайы хат арқылы құзырлы органды хабардар ете отырып, бекіттіріп алуына жол ашық һәм еркін болуы тиіс. 

2. БжҒМ жанынан Ғылыми аударманы үйлестіру орталығын құру. Оның міндетіне кемінде 2 түрлі мәселені үйлестіріп отыру қызметі жатады деп есептейміз: 

1) интернет желісінен портал ашу арқылы әрбір PhD докторантқа берілген аударма жұмысының электронды есебін жүргізу және бақылауда ұстау;
 2) аударылған еңбектердің интернет желісінде тегін пайдалануға орналастырылуын ұйымдастыру мен авторлық құқық мәселесін шешу.

Екінші топқа жататын ЖОО-ның оқытушылық-профессорлық құрамы (бұдан әрі – ОҚП) мен ғылыми-зерттеушілік меке­ме­лердің ғылыми қызметкерлері ғылыми аударма жұмысын ақы­лы негізде жүзеге асыратын негізгі контингентті құрайды. Бұ­лардың басты ерекшелігі сол, аударылуға жататын шетелдік ғылыми туындыны өз қалаулары бойынша таңдай алады. Себебі, мамандардың атқарып келе жатқан ғылыми-зерттеушілік, сондай-ақ педагогикалық тәжі­рибесі қандай ғылыми туын­дыға қажеттіліктің бар не жоқ екендігін дәл біліп, дөп түсуі­не мүмкіндік береді десек ар­тық айтқандық болмайды. Сон­дықтан да ғылыми-аударма­шылық бастамаларға тек қол­дау көрсетіп, бар болғаны шығармашылық қызметтің еркін дамуына қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Бұл орайда, Ұлттық аударма бюросына немесе Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылуы мүмкін Ғылыми аударманы үйлестіру орталығына өздері жұмыс істеп отырған мекеменің атынан тапсырыс беру арқылы ғылыми аудармамен ақылы негізде айналыса беруіне шынайы жағдай жасалуы тиіс.

Бүгінгі таңда ғылыми кадр­ларды әзірлеуде тек қана мем­лекеттік тапсырысқа негіз­делген жүйе өзіміз көріп отыр­ғандай кадр тапшылығын қалыптастырып отыр. ОҚП-ның ғылыми дәрежелік көрсеткіші күрт төмендеп кетті. Мәселен, бір ғана философия мамандығына мемлекеттік тапсырыс бойынша 2016-2017 оқу жылына бар-жоғы 3 орын берілген. Ғылымның өнертапқыштық әлеуетін арттырамын деген мемлекет үшін бұл жағдай теңізге тамған тамшыдай ғана әсер қалдырудан ары аспайды. Өзге ғылым салаларының да жағдайы осы деңгейде. Алайда PhD докторанттарды әзірлеуге қатысты биылғы жылдың мемлекеттік тапсырысы екі есеге өсуі көңіл қуантарлық. Біртіндеп болса да ілгерілеушілік бар екендігін байқаймыз. 

Сол себепті соңғы кездері ақылы негізде оқытылатын PhD докторантура қызметі қайта жандана бастады. Бұл жағдай өз қаржысына оқып жатқан PhD докторанттарға ғылыми аударма қызметін ақылы негізде жүзеге асыруға мүмкіндік береді деп есептейміз. Алайда оның сапасы мен көлеміне қойылатын талаптар нақты айқындалып, бақылау ережелері пысықталғаны жөн. 

ОҚП мен ғылыми қызметкер­лердің ғылыми-аудармашылық жұмысы келесідей жағымды сипаттарға ие:

Ең әуелі, өз саласының маманы ретінде дамуына, зерттеушілік қызығушылығын арттыруға, кә­сі­билігі мен құзыреттілігін жетіл­діре түсуге мүмкіндік алады.

Екіншіден, мұндай мүмкіндік ғылыми аударма жұмысы үшін белгіленген тариф бойынша мемлекет есебінен қаржылан­дырылып, қосымша табыс көзіне ие болады. Бұл өз кезегінде қазақ тілді ғалымның әлеуметтік мәртебесіне оң әсерін тигізбей қоймайды.

Үшіншіден, отандық ғы­лым­ның ағымдағы сұранысына ең қажетті деген еңбектердің аударылуына және бастысы өз кәсібінің мамандарымен сапалы аудармалардың жарық көруіне жол ашады.

Төртіншіден, ЖОО-лар жанында ғылымды дамыту сая­сатына оң ықпалын тигізіп, университеттердің, ОҚП-ның рейтингтері өсе түседі. Сондай-ақ жеке ЖОО-лары мен ғылыми мекемелердің де жалпыұлттық ғылыми аударма қызметіне бір кісідей белсене қатысуына мүмкіндік ашып, ғылымды қолдаудың қосымша қаржы көздерін табуға жағдай жасайды. 

Мемлекеттік тілге шетелдік іргелі және қолданбалы ғылы­ми еңбектерді аудару қызметі кемінде 3 түрлі шаралар кеш­е­нінен тұруы қажет: материал­дық ынталандыру; идео­логиялық-моральдық қолдау; ұйымдас­тырушылық-құқықтық қызмет.

Қорыта келгенде, мемле­кеттік тілді ғылым тіліне айнал­дыруға қатысты нақты ұсыныс­тарымыздың бір парасы осы. Құзырлы мекемелер мен ғылыми қауымдастық біздің көз­қа­расымызды қолдап, жетілдіре түседі деген үміт бар.

Қазыбек ДАУТАЛИЕВ, 
заң ғылымдарының 
кандидаты, философия магистрі,  «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты

МӘСКЕУ