Әлем • 15 Қараша, 2017

Тереза Мэй: Ресей сайлауға кедергі жасап, Батыстың берекесін бұзғысы келді

265 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Ресей билігін Британ үкіметіне килігіп, сайлауға кедергі жасағысы келді деп айыптады, деп жазады BBC.

Тереза Мэй: Ресей сайлауға кедергі жасап, Батыстың берекесін бұзғысы келді

Лондон қаласы мэрінің банкетінде сөз алған премьер-министр Тереза Мэй Владимир Путиннің үкіметі «еркін қоғамның» шырқын бұзуға тырысып жатқанын айтты. Британ үкіметі басшысының айтуынша, Мәскеу жалған ақпарат таратып, Батыста алауыздық туғызғысы келеді. Дегенмен, премьер-министр Лондонның Ресеймен теке тіреске түскісі келмейтінін, бірақ Ұлыбритания өз мүддесін қорғайтынын сөз етті.  

«Ресей біздің «ойынның» ережесін білгенде ғана Батыстың сенімді серігі бола алады» деген премьер-министр Ресей Еуропадағы бірнеше елдің әуе кеңістігіне бұзып кіріп, мақсатты түрде бөлшектегісі келгенін алға тартты. «Бұған, олардың сайлауға араласуын және Дания Қорғаныс министрлігі мен Бундестагқа жасаған хакерлік шабуылын жатқызуға болады», - дейді Мэй.

Тереза Мэй Ұлыбритания Еуроодақтан кетіп, НАТО-ға толықтай бет бұратынын айтты. «Либералдық құндылықтарымызды нығайтатын» «брексит» туралы келісім жасасуға тырысамыз», - деді Мэй.

Сондай-ақ ол БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі ретінде Ресей халықаралық тұрақтылықты дамытуда маңызды рөл атқаратынын да атап өтті. Ресейдің басқа жолды таңдайтынына үміт артқан Мэй: «Біз екі ел мүддесін және әлемдік тәртіпті қорғау үшін бірге әрекет етеміз», - деді.

Тереза Мэйдің айтқандары Дональд Трамптың сөздеріне қарсы пікір ретінде қабылданды. Өткен аптада АҚШ президенті Ресей билігінің Америкадағы президенттік сайлауға араласпайтынын, ол жағынан Владимир Путинге сенетіндігін жеткізген еді.