Білім • 16 Қараша, 2017

Жаңашылдықты жатырқамайық

635 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға арналған маман­дандырылған гимназия-интернаты бүгінгі заман ағымына орайластырылған озық үлгідегі инновациялық әдіс-тәсілдерді батыл енгізген білім ошағы саналады. 2016-2017 оқу жылы оның қабырғасынан қанат қағып ұшқан 37 түлектің ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша жинаған орташа балы 103,3-ті құраған. 19 оқушы «Алтын белгі» мен ерекше аттес­тат, 27 оқушы грант иегері атанған. Біз еңселі оқу ордасының ұстаздарына жолығып, оқу-тәрбие саласында атқарылып жатқан шаралармен қоса, оларды толғантқан мәселелер төңірегінде де пікірлескен едік.

Жаңашылдықты жатырқамайық

Директордың оқу-тәрбие ісі­ жөніндегі орынбасары Да­ри­­ға Қоспанованың айтуынша, кез келген мемлекеттің дамуы, өр­кениеттен өз орнын табуы ұлттық бі­лім жүйесіне көп байланысты. Осы себепті әлемдік білім беру кеңістігіне ықпалдастырылған сапалы білім, өнегелі тәрбие берудің ұлттық моделін қалыптастыру аса маңызды. Бүгінде оқытудың парадигмасы көп өзгерді, мазмұны өзгеше сипатқа ие болды. Сон­дықтан оқу-тәрбие үрдісінде орын алған заманауи өзгерістерді ес­кермеуге, елемеуге болмайды. Білім берудегі жаңғырту мен ин­новациялық модульдердің жүйелі жалғасуына ықпал етудің бас­ты факторларының бірі жеке тұлғаның кәсіби шеберлігімен тығыз бай­­­ла­нысты десек, оқытудың әдіс-­тәсілдерін жетілдіріп оты­ру­дың, озық технологияларды ен­гізудің, тиімді қолданудың маңызы зор. Жаңартылған білім беру бағдарламасында нақты әре­кеттер арқылы белсенді оқытудың мүмкіндіктері мен жолдары жан-жақты қарастырылған. «Мұғалім көп әдісті білуге тырысу керек. Оны өзіне сүйеніш, қолғабыс нәрсе есебінде қолдануы керек» (А.Байтұрсынов) деген қағида өз өміршеңдігін жойған жоқ. Әрине оқушының сыни, логикалық тұрғыдан ойлау, дербес шешім қабылдау жайы негізгі нысана етілсе де, негізгі салмақ ұстаздар қауымына түсетіні, бұл орайда жоғары кәсіби біліктілік мен қалыптасқан іс-тәжірибелерге сүйенеріміз талассыз. Мектебіміз техникалық оқу құралдармен жеткілікті түрде жабдықталған. Қазақ тілі мен әдебиет зертханасы, 18 интерактивті, биология-химия, роботты техника каби­неттері, ғылыми-әдістемелік ор­талық жұмыс істейді. 54 мұғалім мен тәр­биешінің 28-і жоғары, 20-сы бірінші және екінші санатты. Ұстаздардың басым көпшілігі түр­лі деңгейлік, үштілділік, орта білім беру мазмұнын жаңарту жобалары бойынша біліктілік арттыру курстарынан өтті.

Өткен оқу жылында оқу­шы­­ла­рымыз халықаралық, рес­пуб­ликалық, аймақтық пән олимпиадалары мен ғылыми байқауларға қатысып, 73 жүлделі орын иеленді, деді ол. 

– Мен жұртшылықтың наза­рын мына мәселеге аударғым келе­ді. Өйткені олардың арасында­ жа­ңартылған бағдарламадан туын­даған өрелі өзгерістерді дұрыс қа­был­­даудың орнына ескі түсініктен арыла алмай жүргендері жоқ емес, –дейді қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанар Әбілова.

Бүгінгі оқушы мұғалімнің әр тап­­сырмасын бұлжытпай орындап, дайын білім алуға үйреніп қалғандықтан, өзіндік жұмыс істеу дағдысында бірқатар қиын­дық­тарға кезігіп отырғаны жасырын емес. Қазір талап мүлдем өз­геше. Алдымен критерийлі ба­ғалау жүйесінің мән-мағынасын түсініп алған абзал. Ол бойынша оқу­шының үлгерімі алдын ала бел­гіленген критерийлердің нақты жиынтығымен өлшенеді. Атап айтсақ қалыптастырушы және жиынтық тәсілдер қолданылады. Мұның өзі, түптеп келгенде баланы жан-жақты ізденуге ұм­тылдырады. Сыни ойлау қабілетін жетілдіреді. Мәтінмен жұмыс істеуге басымдық беру, оның іші­нен негізгі проблеманы анық­тау, күрделі сұрақтарды табу сияқ­­ты тапсырмалар күнделікті оқу­ үдерісіне белсене қатысуды, та­­қы­рыпты тереңдей меңгеруді қа­­жет етеді. 

Ал бастауыш сынып мұғалімі Гүлнар Жүнісованың айтуынша, ата-аналар тарапынан оқуға құлшынысы жоғары балалар ен­жар, тапсырманы орындауға құлық­сыз деген мәселе жиі қойы­лып жатады. Жан-жақты ын­та­лан­дыруға ба­­рынша мән беру, жо­­ғары дең­­гейлі ойлау дағдысын дамыту білім беру жүйесінің бір өз­гешелігі. Бәзбіреулердің «бұ­рын грамматикаға үлкен көңіл бөлі­нетін. Қазір сауаттылық жа­ғы тө­мендеп кетті. Диктант, маз­мұн­­дама жазу доғарылды, оның орына эссе жазу пайда болды» де­ген пікірлерімен келісу қиын. Бағдарлама оқушының тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым,  осы тілдік дағдыларын жетілдіруге ба­ғыт­талған. Ол үшін­ жазбаша тапсырманы орын­дау­дың ыңғайлы бір үлгісі ретінде аудиомәтін болмаса бейнематериал ұсынылады. Бұдан жазылым кейінге ысырылды деген ой тумаса керек. Керісінше нақты әрекет, өз бетінше зерде­леу, топтық қарым-қатынас жат­т­ы­ғулары, ашық сауалдарды пай­далану, тағы басқа амалдар ар­қылы тілдік қорды байытуға да, сауат­тылықты көтеруге де болады. 

Көкейкесті мәселеге арналған әңгімеден түйгеніміз: білім бе­ру­­дің отандық, халықаралық стан­­дарт­тарына жауап беретін жа­ңар­тылған бағдарлама шеңбе­рінде келешек ұрпақ сұранысын қанағаттандыратын, жаңашылдық көзқарастарды ор­нық­тыратын, жаңғыру мен ин­новациялық-технологиялық үрдістерге негіз­делген сапалы білім мен өне­гелі тәлім-тәрбие жолдарын тын­бай іздестіру, оқу-тәрбие үде­рісімен байланыстыру ұстаздар қа­уымы үшін басты нысана са­налады. Бұл орайда ата-аналар мен жеткіншектердің де жауап­кершілігін әсте ұмытуға болмайды. Ең бастысы, жаңартылған оқу бағдарламасына «өмірмен байланыс» ұғымы арқау етілгені көңілге сенім ұялатады.

Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы