Аймақтар • 16 Қараша, 2017

Қостанайда корей жастары қозғалысының V форумы өтті

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Оған Қазақстанның бірнеше облыстарынан делегаттар келді, сонымен қатар Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Хан Ман Чун мен Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Сергей Огай қонақ ретінде қатысты.

Қостанайда корей жастары қозғалысының V форумы өтті

Қазақстан корей жастары қозғалысы ұйымы белсенді жұмыс істейді. Ол  Қазақстан корейлері қауымдастығы жоспарлаған  шаралардың барлығына қатысып отырады, биыл сондай 20 шараны жүзеге асырған. Әсіресе, Астанада өткен Қазақстан-Корей ынтымақтастығы форумына да аталған жастар ұйымы атсалысты. Форумда Қазақстан халқы Қостанай облыстық ассамблесы төрағасының бірінші орынбасары-хатшысы Мажит Шүленов, Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісінің орынбасары Хан Ман Чун, Қазақстан корейлері қауымдастығының төрағасы Сергей Огай, Қостанай облыстық корей этно-мәдени қоғамдық бірлестігінің төрағасы Игорь Ким жастарды құттықтап сөз сөйледі.

«Екі ел арасындағы ынтымақтастық дамып отыр. Біздің дипломатиялық қарым-қатынасымыздың басталғанына 25 жыл толды. Жастарсыз қай ұлттың да болашағы жоқ. Екі ел арасындағы  экономикалық, саяси, мәдени және спорттық  қатынастарды өрістететін  жастар сіздерсіздер» деді Хан Ман Чун.

Бүгінде, Қазақстанда корей ұлтының  төртінші ұрпағы тұрып жатыр. Қазақстан корейлері қауымдастығының  төрағасы Сергей Огай жастар қозғалысының тамаша бастамаларын көргісі келетінін айтты.  Қауымдастық биыл әлеуметтік роликтерге байқау жариялаған болатын. Алты айдың ішінде оған 200 жұмыс түскен, соның  30-ы іріктеліп, байқауға қатысты. Соның арасында  бірінші және екінші орынды қостанайлық жастар жеңіп алды. Форумда олардың жұмысы көрсетіліп,  Батыр Оспанов пен Кирилл Когайға жүлделері тапсырылды.

Мұнан кейін Сергей  Геннадьевич форумға жиналған жастармен мәжіліс өткізді, олардың пікірлерін тыңдады, жастарды бастамалар көтеріп, түрлі  жобалар жасауға шақырды. Форум аясында тренинг, топтарға бөлініп  тәжірибелік жұмыстар жүргізілді. Жастар шарасы әдеттегідей көңілді концертпен аяқталды.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай

Суретті түсірген 
Бағдад Ахметбеков