Парламент • 16 Қараша, 2017

Үкіметтік емес ұйымдар жұмысы талқыланды

271 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада азаматтардың бірлесу бостандығы конституциялық құқықтарын қамтамасыз етудегі және азаматтық қоғам институттарын дамытудағы қызметін талқылауға арналған Адам құқықтары жөніндегі комиссияның кеңейтілген отырысы өтті.

Үкіметтік емес ұйымдар жұмысы талқыланды

Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов төрағалық еткен жиында 2016-2020 жылдарға арналған ҮЕҰ мен мемлекеттің ынтымақтастығын дамыту жөніндегі жалпыұлттық іс-қимыл жоспарын, 2016 жылы VII Азаматтық форумның ұсынымдарын іске асыру мәселелері талқыланды.

Осы мәселе төңірегінде Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев берілген тақырыпта баяндама жасады. Ведомство басшысы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимылды сипаттайтын негізгі бағыттар жөнінде әңгімелеп берді. Оның айтуынша, министрлік Азаматтық форум мен ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесінің жұмысы жүргізілмек. Онда аталған саланы заңнамалық және институционалдық дамытудың маңызды мәселелері шешіледі. Министрдің айтуынша, аймақтағы үкіметтік емес ұйымдармен де өзара іс-қимылды үйлестіру жоспарда бар.

«Министрліктің бастамасымен 2017 жылдың басынан азаматтық сектор өкілдерімен бірлесіп халықты толғандыратын өзекті мәселелерді мониторинг жасау және жинақтау жұмысы жүргізіліп келеді. Бүгінгі дейін 130-дан астам сұрақ анықталған. Осы мәселелер бойынша жинақталған деректер үкіметке жолданды. Сонымен қатар, тиісті тапсырмалар беріліп, оның орындалу барысы министрліктің назарында болады», деді Ведомство басшысы.  

Н. Ермекбаев еріктілердің жұмысын үйлестіру, азаматтық қоғам жөніндегі заң жобасы, әлеуметтік бағдармалардың сапасын арттыру төңірегінде сөз қозғады. Министрдің сөзіне сүйенсек, бірінші рет өткізілген республикалық Қоғамдық кеңес мәжілісінің қорытындылары бойынша аталған ұйымның жалпыланған тәжірибесі мен олардың қызметін жетілдіруге арналған ұсынымдар тұжырымдалды. Бұдан бөлек, ҮЕҰ-дарға гранттар бөлу қағидалары толықтырылған. Ведомство басшысы келтірген деректерге сүйенсек, 2016 жылы 208 миллион теңгелік 11 жоба жүзеге асқан. Биыл қаржыландыру көлемі 3 есеге өсіп, 608,5 миллион теңгені құрап отыр.

Талқылауға қатысқан сарапшылар билік пен қоғамның күш-жігерін біріктіру әрбір адамның құқықтары мен бостандықтарына қатысты конституциялық нормаларды іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сондай-ақ, Азаматтық форум мен ҮЕҰ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру кеңесімен тұрақты ашық диалог жүргізілуін жоғары бағалады. Комиссия отырысында тұжырымдалған ұсынымдар Мемлекет басшысының, Парламент пен Үкіметтің назарына ұсынылады.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»