Қаржы • 17 Қараша, 2017

2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетке түзетулер енгізіледі

1698 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Кеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілік етуімен Сенаттың жалпы отырысы өтіп, онда палата депутаттары «2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын талқылады. Аталған құжатқа байланысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 116 ұсыныс түскендіктен заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.

Ең алдымен Ұлттық экономика министрі Тимур Сү­лей­менов сенаторларға еліміз­дің 2018-2022 жылдарға әлеу­мет­тік-экономикалық даму бол­жа­мы мен «Қазақстан Респуб­лика­сының Ұлттық қорынан 2018-2020 жылдарға арналған кепіл­дендірілген трансферт тура­лы» заң жобасын таныстыр­ды. Баяндамашының айтуын­ша, еліміздің әлеуметтік-эконо­микалық даму болжамын қалыптастыру үшін алдағы осы кезеңге барреліне 45 АҚШ доллары болатындай мұнай бағасының деңгейі негізге алынып отыр. Сондықтан да Ұлттық қордан бөлінетін кепілдендірілген трансферт көлемі 2018 жылы 2,6 триллион теңге, 2019 жылы 2,3 триллион теңге, 2020 жылы 2,0 триллион теңге деп жоспарланған.

Ал Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев қаржы рет­те­у­шісінің ақша-несие саясаты туралы депутаттарды хабар­дар етті. Ұлттық банктің негізгі басымдығы бағалардың тұрақтылығын қам­тамасыз ету екені, 2018 жылы инфляцияның нысаналы диапазоны 5-7 пайыз шегінде белгіленіп, 2020 жылға дейін бірте-бірте 4 пайызға дейін төмендету көзделіп отырғаны айтылды.

Аталған заң жобасын дауыс­қа салу нәтижесінде бірауыздан қабыл­данған соң, Қаржы минис­трі Бақыт Сұлтанов «2018-2020 жылдарға арналған респуб­ли­калық бюджет туралы» заң жобасы жөнінде баяндады. Оның айтуынша, бюджетті жасақтау барысында теңдестірілген және айқын бюджет жөніндегі парламенттік тыңдаудың ұсыныстары, сон­дай-ақ Есеп комитеті мен Эконо­микалық ынтымақтастық және даму ұйымының ұсынымдары ескерілген.

Негізгі баяндамадан кейінгі сұрақ-жауап барысында сөз алған сенаторлар Үкімет мүшелеріне ел ішіндегі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді көтерді.
Айталық, депутат Р.Әбдікеров үлкенді-кішілі ауыл-аймақтарда орналасқан апатты үйлердің жай-күйіне өз алаңдаушылығын білдірді. Ал Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің жауабында жалпы елімізде апатты жағдайда тұрған 7-8 мыңға жуық үй бар екендігін айтты.
«Бұл үйлердің басым бөлігі жекеменшікте болғандықтан, оған тікелей бюджеттен қаржы бөлу қарастырылмаған. Бірақ, мемлекет тарапынан тиісті бағдарламалар қолға алынып, соның аясында бүгінге дейін 2 300-ден астам апатты тұрғын үйлер жөнделді. Осы бағыттағы жұмыстарды жал­ғастыра түсетін боламыз», деді министр. Ал сенатор С.Ершов бол­са, Білім және ғылым минис­трінен орта білім беру ісін­дегі ұстаздардың біліктілігін арт­тыруға қарастырылған бюджет шығыстары жайын сөз етті.

«Талқылап отырған бюджетте бірқатар пәндер бойынша үш тілде оқыту тұрғысында 6,9 млрд теңге ескерілген. Мұғалімдер тиісті тілдік дайындықтан өткеннен кейін, информатика, физика, химия, биология пәндері бойынша ағылшын тілінде оқытуды қам­тамасыз етуі керек. Яғни, тіл­дік курстардан өткеннен соң ұстаз­дар пәндерді ағылшын тілінде оқытуда осы тілді тиісті дең­гейде меңгеруге қауқарлы бола ма? Биыл бұл мақсаттарға 864 млн теңге бөлінді. Алайда, бюд­жетті нақтылау кезінде осы сомадан 728 млн теңге немесе бөлінген көлемнің 84 пайызы қысқартылды. 2018 жылы осы үстемеақыға 2,3 млрд теңге жоспарланған. Бірақ мұғалімдер үшін қысқа мерзімдегі курстарына қаржы бағыттау тиімсіз болуы мүмкін. Себебі осы бағытта соңғы нәтижеге жету қиындау. Бұл тұрғыда қаржыны бастапқыдан ағыл­шын тіліне оқытуға негіздел­ген жоғары оқу орындарында педагогтарды даярлауға салған дұрыс болар. Сонда төрт жылдан кейін біз ағылшын тілінде пән жүргізе алатын мұғалімдер легін қалыптастырамыз», деді сенатор.

Өз кезегінде министр Ерлан Сағадиев бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мемлекет үшін тың қадамдар екенін атап өтті.

«Біз биыл үлкен экспериментті бастап кеттік, оның ішінде мұғалімдерді даярлау мен ағыл­шын тілінде оқытуға ауысу шаралары қамтылған. Алдағы жылы мәліметтерге сүйене отырып, ұстаздарды даярлау кестесіне тиісті түзетулерді енгіземіз. Биыл­дың өзінде 1 500 мұғалім ағылшын тілінде оқытуды бастады. Ал енді ұстаздарды даярлықтан өткізуге тоқталсақ, шынында курстар қысқа мерзімді емес, мұғалім B2 деңгейіне дейін жетуі тиіс. Егер де қысқа мерзімді курс­тар оған 1-ші деңгейден өтуге мүмкіндік берсе, онда ол келесі кезеңге баруы керек. Бұл тұрғыда мұ­ғалім де ағылшын тілінде пән жүргізуге және оның үстіне тиіс­ті үстемеақыға рұқсаты болуы үшін қажетті деңгейге жетуі керек», деді министр. Сонымен қатар Е.Сағадиев ұстаздарды даяр­лау мен оларға арналған қосым­ша төлемдерге бөлінетін қаржы жыл сайын артатынын атап өтті. «Бұл бағытта тиісті жұмыстарды жүргізіп жатырмыз. Жалпы, бүгінде байқалған нәтижелер оң көрсеткішке жетті», деп түйіндеді сөзін министр.

Сондай-ақ депутат Мұрат Бақтиярұлы алдағы жылдан бас­тап тұрғындар саны 2 мыңнан асатын ауылдардың өз бюджеті болатындығын ескертіп, оны игеру мен жүргізу ісінде әкімдердің әрекетіне қатысты мәселені кө­терді. Ұлттық экономика ми­нистрінің берген жауабында осы кезге дейін Президент жа­нындағы Мемлекеттік басқару академиясында жеке бюджеті бекітілетін ауыл әкімдерін арнайы оқытылғаны айтылды. 

«Әрине, біз оларға бюджетті қалыптастыру тетігі мен оны игеру жолдарын оқытып үйреттік, түсіндірдік. Бұл бағыттағы жұ­мыс­тарымызды әлі де жалғастыра түсеміз. Менің ойымша, ешқандай да проблема болмауы тиіс», деді Т.Сүлейменов.

Ал қосымша баяндама жасаған Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Ольга Перепечина осы заң жобасын талқылау барысында тұрақты комитеттер мен депутаттардан 127,7 млрд теңге сомасындағы өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы 116 ұсыныс түскенін атап өтті. Үш жылдық кезеңге 85,6 млрд теңге, оның ішінде 2018 жылға 22 млрд теңге сомасындағы ұсыныстар қолдау тапты.

«2018 жылы бұл ұсыныстарды қаржыландыру көзі Үкіметтің резервін 4,8 млрд теңгеге азайтумен қатар, «Құрық» портының құ­рылысына көзделген шығыстарды 16,9 млрд теңгеге дейін төмендету болып табылады және ол биылдың өзінде-ақ іске асырылған болатын», деді О.Перепечина.
Айта кетейік, ұсынылған өз­ге­рістер аясында мына бағыт­тар қаржыландырылады деп көз­де­луде: Ішкі істер министрлігі мен гид­ро­метеорологиялық қызмет бө­лім­шелерін материалдық-тех­никалық жабдықтауға – 6,7 млрд теңге, Оңтүстік Қазақстан, Қызыл­орда және Ақтөбе облыстарындағы экологиялық қолайсыз аудандар тұрғындарына үстеме бойынша қарызды өтеуге – 3,3 млрд теңге, еліміздің әртүрлі аймақтарындағы денсаулық сақтау және спорт нысандарының құрылысы мен жаңғыртуға – 2,0 млрд теңге, сумен жабдықтау нысандарының, тұр­ғын үйлер, оның ішінде тұр­ғын үй құрылысы жөніндегі «Нұрлы жер» бағдарламасы ая­сын­дағы үйлер және инженерлік желі­лердің құрылысы мен жөндеу жұ­мыстарына, газдандыруға – 7,7 млрд теңге, су көлемін ұлғайту және өзендердің гидрологиялық тәр­тібін жақсартуға – 1,6 млрд тең­ге; қазақ әліпбиін латын әрпіне кө­ші­­руге және басқа да жалпы мем­­лекеттік шараларды іске асы­руға 0,7 млрд теңге бөлінетін бо­лады. 

Осындай түзетулер енгізілуі тиіс деп танылған заң жобасы Парламент Мәжілісіне жіберілді. Содан кейін сөз алған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев де­пу­таттарға заң жобасын қолда­ғандары үшін алғысын білдірді.

«Бүгін өздеріңіз талқылаған бюджет жобасы еліміз эконо­ми­касының одан әрі дамуына және Елбасы тапсырмаларын толық орындауға мүмкіндік береді. Ал бюджетті талқылау кезінде сенаторлар көтерген мәселелердің бәрі де Үкіметте оң шешімін табады», деп сендірді Б.Сағынтаев.
Күн тәртібіне шығарылған үшінші мәселе бюджет заңнамасын қалыптастыру мәселелері бо­йынша болды. Ұлттық экономи­ка министрі Т.Сүлейменов таныс­тырған заң жобасы бірқатар өті­ніштерді келісу мен бюджет үдерістерін әкімшілендірудің жекелеген кезеңдерін алып тастауға қатысты түзетулерді көздейді. Атап айтқанда, мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын жоспарлау рәсімдерін оңай­лату мақсатында келісу үдерісін 5 кезеңнен 3 кезеңге дейін қысқарту ұсынылып отыр.

Жиын соңында сенатор С.Жақ­сыбеков бюджеттік заңнаманы одан әрі жетілдіру бойынша жұ­мыс тобын құру қажеттілігі тура­лы, сенатор Ж.Нұрғалиев ауыл ша­­руашылығы кешенін субсидия­лау жүйесіндегі түйткілді мәсе­лелер жөнінде және сенатор Г.Ким жол қауіпсіздігіне қатысты де­пу­таттық сауалдарын жария етті.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»