Қазақстан • 17 Қараша, 2017

ТМД-ға мүше мемлекеттердің жастар ісі жөніндегі Кеңесінің отырысы өтті

629 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шарада ТМД-ға мүше мемлекеттердің 2020 жылға дейінгі халықаралық жастар ынтымақтастығы стратегиясы секілді күн тәртібіндегі мәселелер қаралды.

ТМД-ға мүше мемлекеттердің жастар ісі жөніндегі Кеңесінің отырысы өтті

Кеңестің жұмысына Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев, Әзербайжан Жастар және спорт министрінің орынбасары И.Бабаев, Ресей Федерациясы Білім және ғылым министрлігі Балаларды және жастарды тәрбиелеу саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры И.Михеев, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің жастар ұйымдарының жетекшілері, Қазақстандағы Армения, Беларусь, Тәжікстан, Қырғызстан мемлекеттері елшілігінің өкілдері қатысты.

Жиынды ашқан Н.Ермекбаев жастардың мәселесі мемлекеттің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Министр Кеңес қатысушыларын Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының негізгі бағыттарымен таныстырып, жастар арасында діни экстремизм мен радикализмнің алдын алу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында әңгімеледі.

«Кезінде Шығыс ойшылы Әбу Насыр Әл-Фараби: «Жастарыңызды көрсетсеңіз, мен сіздердің елдеріңіздің болашағын айтып беремін» деген екен. Сондықтан, біздің елдер арасындағы жастардың өзара достық қарым-қатынаста болуы қоғамымыздың өркендеудің кепілі. Қазіргі таңда жастар барлық дәстүрлі діндерге және жалпыға ортақ құндылықтарға айналған рухани, моральдық, этикалық принциптерді дұрыс түсініп, бұған оң көзқараспен қарауы тиіс. Біз жастарды білім алып, алға ұмтылуға, ортағасырлық догмалар мен қараңғылықтан аулақ болуға шақырамыз», деді Н. Ермекбаев.

Сонымен қатар, жиын барысында XIX Дүниежүзілік жастар және студенттер фестивалінің қорытындысы, «ТМД-ға арналған 100 идея» халықаралық жобасына дайындық секілді бірқатар күн тәртібіндегі мәселелерді талқыланды.

Кеңес мүшелері Қазақстанның патриоттық және экологиялық тәрбиелеу, еріктілер қозғалысын дамыту және жастар ресурстық орталықтарының қызметін ұйымдастыру бойынша озық тәжірибесін атап өтті. Сондай-ақ, отырыс аясында «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының қызметі таныстырылды. Жиынға қатысушылар еліміздің Кеңеске жоғары деңгейде төрағалық еткендігін атап өтіп, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіне алғыстарын білдірді.