Аймақтар • 17 Қараша, 2017

ОҚО әкімі жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесті

1057 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жазушы-драматург Дулат Исабековтың 75 жылдық мерейтойына арналған "Ұлтын сүйген дара тұлға" атты шығармашылық кешіне келген қонақтармен кездесті. 

ОҚО әкімі жазушы-драматург Дулат Исабековпен кездесті

Олардың қатарында мерейтой иесі ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, Халықаралық ПЕН клубы және Платиналы «Тарлан» сыйлықтарының лауреаты, жазушы-драматург Дулат Исабеков, жазушы, "Құрмет" орденінің иегері Бексұлтан Нұржекеев, Халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығы мен "Құрмет" орденінің иегері Қазыбек Исалар бар.  

Кездесуде сөз алған өңір басшысы мерейтой иесін құттықтап, "Ұлтын сүйген дара тұлға" атты шығармашылық кештің сәтті өтуіне тілегін білдірді.

«Біз Сізді жазушы, драматург, ұлтымыздың болмыс-бітімін сол күйі келешекке жеткізуші ретінде, ұлттық әдебиетіміздің әлемдік деңгейде таныла түсуіне ерекше үлес қосып келе жатқан, өзінің дара жолы бар ел азаматы ретінде мақтан тұтамыз. Биылғы жылдың қазан айында Ұлыбритания астанасы Лондон төрінде лордтар палатасында арнайы қабылдау өтіп, «Пьесалар жинағы» кітабыңыздың тұсауы кесіліп, «Аққу жібек» атты пьесаңыздың қойылымының өтуімен Сізді шын жүректен құттықтаймын», - деді Жансейіт Қансейітұлы.

Дулат Исабеков - қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын, тыңнан түрен салған жазушы. Туындыларының әр сөзі тірі, әр сөзі мәңгілік қозғалыста. Өйткені, Дулат Исабеков күрделі заманның төл жазушысы.  Өткен ғасырдың 60-шы жылдары «Жолда» әңгімесі жарық көріп, кейінен «Бекет», «Ащы бал», «Мазасыз күндер», «Қара шаңырақ», «Тіршілік» повестер мен әңгімелер жинақтары жарық көрсе, 80-ші жылдары «Қарғын» романы басылып шықты.

Кездесуде сөз алған жазушы Бексұлтан Нұржекеев Дулат Исабековтің қазақ әдебиетін дамытуға қосқан үлесіне тоқталды.  Ал, ақын Қазыбек Иса халық жазушысының өмір ғұмырдариясынан кеңінен сөз қозғады.

Кездесуді қорытқан облыс әкімі мерейтой иесі мен қонақтарға сый-сияпат жасап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Айта кетейік, бүгін Ж.Шанин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театрында Дулат Исабековтың 75 жасқа толуына арналған "Ұлтын сүйген дара тұлға" атты шығармашылық кеші ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар, театр сахнасында республикалық ұйғыр музыкалық комедия театры артистерінің орындауында жазушының «Мұрагерлер» атты қойылымы көрермендер назарына ұсынылмақ.