Футбол • 17 Қараша, 2017

Иван Маевский: Біз үшін маусым әлі аяқталған жоқ

307 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Астана» командасы 4-мәрте чемпион атанғанын тойлап өтті. Меркелік іс-шарада команданың жартылай қорғаушысы Иван Маевский «Егемен Қазақстанға» сұқбат берді.

Иван Маевский: Біз үшін маусым әлі аяқталған жоқ

— Иван ең алдымен соңғы турда алған жарақатыңыздан қалай айыққаныңзды сұрасақ?

— Барлығы жақсы. Қазір жаттығуға кірісіп кеттім. Бейсенбі күнгі маңызды ойынға дайынмын деп ойлаймын.

— Минскке жасаған сапарыңыз қалай болды? Отаныңызға оралған шақта Сіз Қазақстан чемпионы болып бардыңыз ғой.

— Әдеттегідей жұмыс қалпында барып қайттым. Ұлттық құраманың ойынына қатысуы қажет болатын. Алайда, алған жарақатымның салдарынан алаңға шыға алмадым. Дәрігерлерге қаралып, біршама тынығып алдым. Себебі, соңғы айда ойындар өте көп болып кетті.
— Соңғы тур мен Еуропа лигасының ойыны арасындағы үзіліс саған пайдасын тигізген секілді ғой?

— Әрине, бізге ойын өткізіп, үнемі қалыпта болғанымыз жақсы еді. Біз соңғы ойынды 25-қазанда өткіздік. Дегенмен, келе жатқан ойын қалай өтерін көре жатармыз. Жақсы ойын өрнегін көрсетеміз деп үміттенемін.

— Алғашқы турдан бастап сен команда лидерлерінің біріне айналдың. Жаңа чемпионатқа қалай тез дағдыланып алдың.

— Ең алдымен бапкерлердің сенімі әсер етті. Сосын командадағы жігіттердің де жылы қабақтары маған көмек болды.
— Маусым ауыр өтті деп ойлайсыз ба?

— Әлбетте, маусым өте ауыр болды. Әрқилы оқиғаларға бай болды десем артық емес.
— Баспасөз беттерінде Станимир Стойловтың «Фенербахчеге» ауысуы жайлы ақпарат тарады. Команда ішінде бұл мәселеге қалай қарап жатсыздар?

— Біз бұл мәселеге бас қатырып жатпадық. Себебі, алда маңызды 2 ойынымыз бар. Ал одан өзгені талқылау біздің шаруамыз емес.
— Өзіңе өзге командалардан ұсыныс түспеді ме?
— Нақты айтар болсам, менің бар ойым қазір «Астанада». Еуропа лигасының екі ойыны мен үшін қатты маңызды. Топтан шығып кетсек тамаша болар еді.
— Дүйсенбі күні «Вильярреалдың» «Атлетикпен» ауыр ойыны бар. «Астанамен» ойнап болған соң тағы бір қиын қарсыласқа тап болады. Ол «Валенсия». Осы тұрғыда испаниялық клуб елордаға мықты дайындықпен келмейтін секілді.
— Бізге, қарсыластың дайындығын емес, өзіміздің дайындығымыз маңызды болуы керек. Бастысы өзіміздің ойынымызда.
— «Вильярреалмен» Испаниядағы ойында екі команданың деңгейі бөлек екені белгілі болды.
— Әрине, «Вильярреал» жоғары деңгейдің командасы. Қарсыласымыз испан ла-лигасында тамаша нәтиже көрсетіп жүр. Турнирлік кестеде де көтерілді.
— «Астана» қандай басымдылығының арқасында жеңіске жетуі мүмкін?
— Үйлесімділіктің арқасында. Сонымен қатар, тәртіпті жоғалтпауымыз қажет. Осындай қасиеттердің арқасында жеңіске жетуіміз мүмкін.
— Бүгінгідей мерекелік іс-шараларға қалай қарайсың?
— Бұндай іс-шаралар әрқашан да жақсы ғой.

— Ресми костюм киген қалай екен?
— Тамаша! Бірақ, соңғы он жыл бойы мұндай киім кимегендіктен, кішкене түсіне алмай тұрмын.

Әңгімелескен Ермұхамед Мәулен