Қазақстан • 20 Қараша, 2017

Ең жоғары құндылық

1081 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Қазақстандықтар бұл­жымайтын екі ережені түсінуі керек. Біріншісі – ұлттық код, екіншісі – өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту. Ұлттық жаңғыруды балалар бақшасы мен мектептерден бастауға назар аудару қажет. Білім мен тәрбие ісі салғырттық пен жауапсыздықты көтермейтін нәзік сала, өйткені ол – адам тағдыры. 

Ең жоғары құндылық

Жаңғыру білім мекемелерінің атауын өзгертуден басталса, яғни қазақ балабақшасы, орыс балабақшасы дегеннің орнына, ұлттық балабақша, ұлттық мектеп деген бірыңғай атауға көшкен абзал. Ұлттық бала-бақша мен ұлттық мектептің бас­ты белгісі – ұлттық рух. Сонда балада ұлттық сана, халқына құрмет, ана тілін, ділін, дінін, тарихын, мәдениетін қастерлеу сезімі қалыптасады.

Қажеттілігіне қарай бала­бақ­шаларда орыс, өзбек, ұйғыр, корей топтары болуы, ал мектеп­терде орыс, өзбек, ұйғыр, корей сияқты ұлт сыныптары болуы міндетті,  балабақшалар мен мек­тептердің бастауыш сы­ныптарын­да ана тілінде оқып, этнопедагогика негізінде тәр­бие алуға құқылы. Бұл орайда ағыл­­шын тілін балабақша мен мек­теп­­тің бірінші сыныбынан бастап оқытуды қазақ тілінің жо­лын байлаудың тағы бір жаңа жолы деп түсінемін.
Орыс сыныптарында оқушы орыс тілі мен әдебиеті пәнін кириллицамен жазып, оқыса, басқа пәндерді латын графикасымен жазып оқуы керек. Бұдан орыс сыныптарында оқитын баланың ұтылмасы анық. Себебі ол математика, физика, химия, биология, инфор­матика сияқ­ты пәндерді латын графикасы­мен оқып әлемдік білім кеңістігіне шығуға мүмкіндік алады. Бала­ның орыс тілінде сауат ашып, орта мектепте орыс тілі мен әде­биетін орыс тілінде оқуы, оның орыс тілін толық игеруіне жағдай жасайды. Егер орыс сыныптары кириллицадан ажырамай жаза беретін болса, шала қазақтар мен басқа ұлт өкілдерінің балалары да орысша оқи береді. Себебі оның тамыры тым тереңге кеткен: ата-әжесі, әке-шешесі және баласы – үш ұрпақ орыс тілінен ажырай алмайтын дәрежеге жеткен. В.И.Лениннің: «Орыстың орысшылдығынан басқа ұлттардың орысшылдығы әлдеқайда қауіпті әрі қатерлі» дегенінің айқын көрінісі. Бұл қауіпті құбылыс.

Мектепте ағылшын тілін оқыту – уақыт талабы. Бірақ балабақшадан емес, мектептің 3-12 сыныптарында 10 жыл бойы оқу оқушының ағылшын тілін толық үйренуіне жағдай жасайды. Жалпы орта білім беретін мектептерде оқу қазақ сыныптарында қазақ тілінде, орыс сыныптарында орыс тілінде латын графикасымен оқып, жазуды бірыңғай талапқа айналдыру басты талап болуға тиісті. Химия, биология, математика, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқы­туды жалпыға бірдей заңды­лыққа айналдыруға болмайды. Кейбір дарынды балаларға ар­налған мектептерде ғана қажетті өзгерістер болуы мүмкін.

Ағылшын тілінде кейбір пәндерді оқыту 11-12 сыныптарда ғана болғаны жөн. Қазір ағылшын тілін оқушылар түрлі жолдармен үйренуде, нәтиже де жаман емес сияқты. Ғалым А.Жұмаділдаев:«Ағылшын тілі тек қатынас құралы. Оны үйрену қиын емес. Қиыны – математиканы үйрену. Біз математиканы, химияны қазақша оқытамыз деп қуануымыз керек», дейді. Дұрыс сөз. Себебі ағылшынша оқытудың артында қазақ тіліне тигізер қауіп те жоқ емес. Ендігі жерде ағылшын тіліне көз жұма қарауға болмайды. Ғылым, білім, жаңа технология, жаһандану үрдісі ағылшын тілінде жүруде. Ғылым жаңалықтары ағылшын тілінде тарайды. Біз оны орыс тілінде емес, ағылшын тілінде оқуымыз керек. Егер халықтың басым көпшілігі ағылшын тілін үйренсе, Ресейдің ақпараттық ықпалы да бәсеңдеген болар еді. 

Біздің мақсатымыз – қазақ тілінде сөйлейтін ғалым­дарды, ойшылдарды, эконо­мис­терді, саясаттанушыларды, әлеу­меттанушыларды, қаржы­гер­лерді, инженерлерді, технолог­тарды, кәсіпкерлерді, мемле­кеттік қызметкерлерді көбей­туге, олардың дамуына мүмкін­дік жасау. Өйткені қазақ сырт­тың қыспағын көп көріп келе жа­тыр, бұдан мемлекеттік тіл мен білім, ғылым, мәдениет және экономиканың дамуының арқа­сында ғана құтыламыз.
Біздің жағдайымызда ағартушылық қызмет ұлттық тіл, білім, ғылым мәдениеттің жаңа сапаға көтерілуімен, ұлттың рухани жаңғыруымен ғана көрініс табады. Жаңғыру – біздің дамуымыздың бас­ты қағидасы. Қазақтың ұлт­тық рухы егемендікпен бірге жаңғырған еді, бірақ тым әл­сіз әрі жасқаншақ еді. Кешегі ке­ңестік жүйеден арылу үшін де уақыт керек болды. Ел­басы өзінің «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» атты мақаласымен осы уақыттың біткенін ашық жарияланғандай болды. Бұл еліміздің егемендігі жария­ланғаннан кейінгі өте парасатты, құнды тарихи мақала деп бі­лемін. Бұдан бүкіл Қазақстан халқы үлкен әсер алары сөзсіз.

Тіл – тек коммуникативтік құрал емес, ол халықтың тарихы, рухани мәдениеті, тіршілік көзі, өмір танымы. Тіл мен ой бір ұғымды білдіреді. Ұлттық сана – ұлттың өзін-өзі тануы. Бұл да тіл мен ойдың бірлігінен туындайтын құбылыс. Қазақ тілінің мемлекеттік тұғырынан нық орын алмауы ойымыз бен ұлттық сана-сезімізге    өз әсерін тигізуде. Бұрын қазақтың саны көбейген кезде мемлекеттік тіл мәселесі өзінен-өзі шешіледі деген пікір болған, бірақ мә­се­ле басқаша өріс алды. Себе­бі қоғамда қазақ тіліне айтар­лықтай қажеттілік болмады. Пре­зиденттің «Қазақ – қазақпен қа­зақша сөйлессін» дегені еске­русіз қалды.

Ш.Уәлиханов туралы естелік жазған бір орыс жазушысы «Осы бір бұратана өкілі көз талдырар биікке көтерілгеннен кейін кенет өз халқының тағ­дыры хақында үрейленіп, іркіле қалуы, өз халқына жат адамға айна­лып қа­лудан қорыққаны оның өзін-өзі қорғау түйсігінің әсері­нен болғанын көрсетеді» деген екен. Өмі­рінің соңында Ы.Алтын­сарин да орыс миссионер­лерінен (Ил­минский, т.б.) бойын аулақ сала бастайды. Екеуі­нің де қауіп­тенуінің сыры өз халқына жат адам болып қалам ба деген сақтық еді. Ал орыс тілді қан­дас­тарымызды бұл қор­қыныш мазалайтын түрі жоқ. 
Соңғы кездері кейбіреулер тарапынан оқу бағдарламасынан гуманитарлық пәндерді алып тас­тау керек деген ұсыныстар  айтылуда. Бұл – ұлттық жаңғыруға жат көзқарас. Біз қазақтың тұтастығын қалыптастыра алмай жат­қанда, ұлттық гуманитарлық пәндерді қысқарту ұлтқа жасаған қия­нат емес пе?.. Мәселені жан-жақ­ты зерттеп, әлемдік деңгей­дегі тұжырымдарды зерделеу – ғылыми ортаның тарихи міндеті болса керек.

Тіл мен ойлау диалектикалық бірлікте ғана өмір сүреді. Әрбір тілге байланысты этнос­тық сана қалыптасады, ұлт­тық иден­ти­фикациялық ойлау қабілеті дамиды. Оның негіздері сол тіл­дегі әдеби-мәдени мұралармен дәйектелген. Егер тіл саясаты ғылымға негізделгенде өзімізді алдаусыратпай, белгілі деңгейде жетістікке де жеткен болар едік. Тілді қазақша және орысша сөй­леу деп қана түсінетіндер көп. Мұн­дай қарадүрсін түсінікпен біз­дің ешқашан, ештеңеге қолы­мыз жетпейді.

Жаһандану үрдісінде Еуропа елдері мығым келеді. Яғни фран­цуздар, ағылшындар, неміс­тер, италиялықтар латын алфави­тінде жазады. Ағылшын тілінің әлемдік мүмкіндігі мол. Ке­лешекте қытай да, өрісі тарылған орыс та латын графикасына көшуі мүмкін. 

Бұл дәуір алмасуының көрінісі. Сонымен бірге ұлттық тұ­тас­­тығымызға да септігі тие­тін фактор. Сондықтан бұрын болған істі жаңа заман тұрғы­сынан саралап шешім қабыл­дау ғалымдардың ісі болмақ. Өркениет нені қаласа, соны істеуге тиіспіз, ал саясат – белгілі бір уақыттың ғана өлшемі.
Берік қамал – ұлттық мектеп. Біздің алдымызда қазақ тілінде білім алуды жаңғыртып, бұқара халықтың санасына жеткізіп, көкірек көзін оятатын жауапты міндет тұр. Ұлттық мектеп – білім берудің кілті. Бар үміт те, қазақ халқының келешегі де осы мектепте. Біздің алдымызда негізінен бір-ақ таңдау бар. Ол – оқу-білім, ғылым, тәрбие мәселесіне бүкіл қоғамның назар аударуын,   осы бағытта туған қоғамдық-саяси қозғалысты зор күшке айналдырып, ілгері дамуға қол жеткізу. Оқу-тәрбие жұмысының әлеуметтік және саяси мақсаты жастардан батыл іс-әрекет жасай алатын демократиялық қоғамның бел­сенді мүшелерін дайындау.

Білім саласындағы пара­қорлық, ұйымдасқан қылмыс қатаң жазаланып тәртіп орна­майынша, мұғалімдердің жала­қысы көтерілмейінше, білім сапасының болуы мүмкін емес.

Ұлттың жаңа белеске көте­рілуі үшін әлемдік деңгейде ойлай алатын тұлғалар керек. Мұн­дай тұлғалар қандай биікке көтерілсе де, халыққа қызмет етуші болып қала береді. Бір кездегі тарихи қажеттілі­гімізді қазақ аспанында шоқ жұл­дыздай жарқыраған Алаш арыстары өз өмірлерімен өтеген болатын. Біздің ұлтты самғау биікке көтеретін кезіміз – осы шақ, Елбасы өзінің бағдарламалық мақаласында дара жолды көрсетіп берді. Өресі биік тұлғаларды алдыңғы қатарға шығара алмасақ, қоғам дағдарысқа ұшырайды. Біз қаһармандарды білімді, рухы биік келешек жастардан, ғылыми ортадан, шығармашылық элитадан, өздерін халыққа таныта білген биліктегі ұлтжанды азаматтардан, жоғары квалификациялы мамандардан, қолы таза кәсіпкерлерден, қалың қазақтың арасынан іздеуіміз керек.

Нарықтық қоғамда адамдар қатал, мейірімсіз, менмен  бола бастайды. Сондықтан рухани жаңғыруымыз адамның бойындағы азаматтық сана-сезімнің қалыптасуының шешуші факторы болмақ. Ал азаматтық сана – жеке бастың қамынан тұтас қоғамдық игілікті жоғары қою деген сөз. Демократиялық қоғамда бұдан артық құндылық жоқ. 

Мұхамбет БЕРЖАНОВ, 
Қазақстанның халық ағарту ісінің озық қызметкері