20 Қараша, 2017

Еуразиялық идеяның жаңа мүмкіндігі қандай?

444 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Бүкіл адамзат тарихы бірігу мен бөліну­ден тұрады десек, көп қателесе қоймаспыз. Бөліну – өңірлер халық­тарының басына қашан да болсын ауыр қасі­реттерін әкелген. Ал бірігу – олардың қуат­тарына қуат қосқан.

Еуразиялық идеяның жаңа мүмкіндігі қандай?

Ал Еуразия кеңістігінің орта тұсындағы халықтардың басын қайта бір қосқан Кеңес Одағы­ның ғұмыры қысқа болған­ды­ғы бәрімізге белгілі. Бірақ соның өзінде әртүрлі мақсаттағы, даму деңгейі әртүрлі халықтардан басын құрап, қысқа мерзімнің өзінде оларды суша сапырған үдерістерді туындатқан бұл сая­си алып құрылымның Қазақ­станды экономикалық тұрғыдан күшейтіп, көзін ашып, сауаттандырып кеткендігін ешкім жоққа шығара қоймас.

Кеңес Одағы құлағаннан кейін өңірдегі халықтарды қайта қоғамдастыру үдерісінің белең ала бастағандығы белгілі. Өз тәуелсіздігін ту етіп көтерген Қазақстан мұндай экономика­лық интеграциялық үдерістер­дің ешқайсысынан бас тартқан емес. Қайта солардың біразы­ның бастамашысы болып келеді. Өйткені ата-бабадан мұра болып келе жатқан байтақ өлкеміздің ресурстық әлеуетін ашу бізге көптеген артықшылықтар беріп, жедел дамуымызға септестігін тигізбек. Қысқасын айтқанда, шикізатқа бай Қазақстанға үлкен тұтыну рыноктары қажет болып отыр.

Адамзатқа экономикалық тұрғыдан интеграцияланудың соңғы үлгісін Батыс Еуропа ел­дерінің көрсеткені белгілі. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін құрылған Еуропа одағын місе тұт­паған бұл өңірдің халқы ірі мем­лекеттер Германия мен Фран­цияның тізе қосып, күш салуы­мен ортақ валютамен жұ­мыс істейтін еуроаймақ қалып­тас­тырды. Қысқасы, біз бөлініп жат­қанда, олар бірігіп жатты. 

Бәрі де дұрыс бағытта өр­біп келе жатқан секілді еді, Еуропа одағы елдеріне алдымен жолыққан сын мұнай мен газ бағасының күрт көтерілуі түрінде кездесті. Мұнай бағасы 140 долларға дейін көтерілген тұста көліктің бәрі бензинмен жүретін, үйдің бәрі газбен жылитын, бірақ өздерінің бұл тұрғыдағы табиғи ресурстары тым шектеулі кәрі құрлық елдерінің экономикасы алғаш рет сыр берді. Мұның өзі артынша ауыр соққан экономикалық дағдарысқа ұласты да, шаңырағы жаңа көтерілген ортақ үй – еуроаймақ ішінен дау шықты. Бір ұлттың екінші ұлтқа масыл болмақ ыңғайы бар екендігі сезіліп қалды. Бірақ қазіргі өр­кениет көшін бастап келе жатқан елдер болғандықтан, мұның да ыңғайын тапқан секілді еді. Банкротқа ұшырай жаздаған елдерге аямай көмек ұсынып, екінші жағынан сондай елдердегі халыққа жасалатын әлеуметтік көмек түрлерін қатаң шектеу саясатын жүзеге асыра отырып, жасыл энергетикаға қарай күрт бет түзеді. Міне осы тұста мұнай мен газ бағасы да төмендеп, мамыражай шақтың шеті көріне бастады.

Бірақ «жұт жеті ағайынды» деген рас екен, әлде бұл кезінде жасалынған күнәнің бумеранг түрінде қайта оралып иесін та­буы ма екен, қиындықтан енді ес жинай бастаған Еуропа ел­дері қазіргі жаһандану үдері­сінің ықпалымен кезінде өздері отар­лаған Африка елдерінің босқын халықтарының тасқынына тап болды. Еуропаның көп­те­ген елдерінде мигранттар оқи­ғасы күрт белең алды. Бұған құр­лықтың негізгі тірек елдері болып тұрған еңбекшіл Германия, мәдениетшіл Франция төзіп бақты. Бірақ аристократ Англия іргесін бірден аулақ салды. Англия одақтан шығып кетті. Оны айтасыз, кезіндегі отарлау саясатын алғашқы болып бастап, осыдан мол байлыққа кенелуінің арқасында Еуропаға үстемдігін жүргізбек болған, қазіргі күні өз бетімен тірлік кешіп жатқан Испанияның ішінен шу шығып, ең бай провинциясы Каталония бөлінеміз деп отыр.

Еурокомиссия басшысы Жан-Клод Юнкер Англиясыз Еуропа одағындағы оқиғалар алдағы уақытта бес түрлі сценарий бойынша өрбуі мүмкін екендігін айтып отыр. Соның біріншісі – қазіргі интеграциялану бағыты сақталып, ЕО-да қалатын 27 ел баяғыша бірлесіп жұмыс істей беретін болады. Алайда Юнкердің пікірінше, көші-қон дағдарысының кесі­рі­нен ЕО-да алауыздық туындап, мемлекеттердің бірлігі бұзылуы мүмкін.

Екінші сценарий бойынша Еуропалық одақ басшылығы ин­те­грациялық саяси мәселелерді ысы­рып қойып, алдымен ЕО-ның ішкі нарығын дамытуға күш салуы керек. Алайда ЕО Юнкер­дің пікірінше, бірлес­кен сауданы дамытуға ең әуелі құрлықтағы ресурстар тапшылығы қолбайлау тудыратын болады.

Үшінші сценарий бойынша әр ел өзінше даму бағытын ұс­тай­­тын болады. Бірақ мұның да сұр­қылтайы бар. Әр­кім өзінің ша­­ма­сымен өмір сүр­ген жағ­дайда ЕО елдерінің ішін­дегі мем­­лекеттер бірнеше топқа жік­теліп кетуі мүмкін. Сарапшылар мұн­­дай жағдайда ЕО-ның бола­ша­ғы бұлыңғыр екендігін айтып отыр.

Төртінші сценарийдің ерек­шелігі салаларды бөліп алуға келіп тіреледі. Мұндай жағдайда ЕО елдері аз шығын жұмсай отырып, жоғары тиімділікке қол жеткізе алған болар еді. «Бірақ әр мемлекет өзінің басым салаларын бөліп алғанда, қорғаныс пен шекара мәселесі зардап шегуі мүмкін екені жоққа шығарылмайды», дейді Юнкер.

Бесінші сценарий «Еуро­палық одаққа жақсы нәрсенің бәрі барлық мемлекет үшін жақсы» деген ұран аясында өрбуі мүмкін. Яғни ЕО ел­дері тізе қоса отырып ЕО-ның қуа­­тын әлем бойынша артты­ру­­ға күш салатын болады. «Деген­мен, мұндай жағдайда ЕО-ға сенімсіздікпен қарайтын мемлекеттердің кері реакциясы пайда болып, ұлттық биліктің әлсіреуі туралы пікірлер қылаң беруі мүмкін», деп топшылайды ЕО басшысы.

Қысқасын айтқанда, ЕО-ның болашағы жарқын екендігін білдіретін 100 пайыздық сценарий болмай отыр. Оның үстіне, әлемдік қаржы жүйесіндегі қазіргі келеңсіздіктерден қай­та туындауы мүмкін эконо­ми­ка­лық дағдарыстар адамдардың бар­лығына бірдей бақуатты тұрмыс мүмкіндіктерін бергенімен, жедел қартайып келе жатқан, оның үстіне тұрмысқа қажетті негізгі табиғи ресурстар тапшылығына ұрынып отырған Еуропаға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл да әлі басы ашылмаған мәселе.

Көптеген сарапшылардың пікірінше, қазіргі уақытта Еу­ро­паны екі мәселе жүдетіп тұр. Оның біріншісі – тұтыну нары­ғының қабілеті зор Еуропада та­биғи шикізат ресурстарының тапшы бола бастауы. Екіншісі – өзіндік еңбек күштерінің қар­таюы. Міне сондықтан да кәрі құрлық елдері АҚШ-тың эко­но­ми­калық қуатына арқа тіреге­німен, екінші жақтан алған­да таби­ғи ресурстарға бай Ре­сейге жалтақтай қарауға мәжбүр. Аф­рика мен Азия елдері­нен толқын­дай ағып келіп жатқан бос­қын­дар проблемасына кеңқолтық қабақ танытуының өзі де осыдан туындап жатуы мүмкін.
Ал біздің азиялық өңірде жағдай бұған қарағанда басқаша өрбуде. Батыс елдерінің өзіне қатысты санкциялық саясаты­нан қысым көрген Ресей соңғы жылдары Азияға қарай бет бұр­ды. Мұнай мен газға бай Таяу Шығыс елдерінің Ресеймен та­биғи ресурстардың бағасы жө­ніндегі мұңы бірдей болып шық­ты. Бұл фактор Ресей мен Таяу Шығыс елдерінің арасын жа­қын­дастыра түсуге жол ашып отыр. 

Екінші жағынан келсек, ғасырлық ұйқыдан қайта оян­ған алып Қытайдың бейне­сінде Азияда аса қуатты эко­номикалық орталық пайда болып үлгерді. Оның тұрмысы мен тұтынушылық мүмкін­дік­терінің жылдан жылға қар­қын­дай өсуі әлемің көптеген елдерінің Қытайға қарай тартылу үдерісін туындатуда. 

Осы ретте сарапшылар Қы­тайды қоса қамтитын Шанхай ынтымақтастық ұйымының елдерді біріктірушілік әлеуетіне үлкен үміт артуда. Осыны рас­та­ғандай, үстіміздегі жылдың маусым айында өткен осы ұйымның бірлескен отырысында ШЫҰ-ның еркін сауда аймағы құрылуы мүмкін екендігі айтылып қалды. 

Екінші жағынан алғанда, Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы ХХІ ғасырдың ең ірі жобаларының бірі ретінде алдағы уақытта әлемнің көптеген елдерін экономикалық тұрғыдан біріктіруі мүмкін екендігін сарапшылардың ешқайсысы жоққа шығармайды. Былайша айтқанда, бұл жобаның идеологиясы қазірдің өзінде айқын болып отыр: Қытайдан бастап, аралық елдерді көктей өтіп барып, Еуропаны қамтитын, одан әрі басқа құрылықтарға шығатын аса ірі транзиттік сау­да жолы ашылмақ. Бұл көне Жібек жолы жаңа қырынан қайта оянады деген сөз. Мұндай сауда жолының пайда болуы жол бойындағы елдердің бәріне пайдалы болып шығуы тиіс. Қысқасы, жоба нақты бір тиімді экономикалық негізге сүйеніп отыр және оның тартымды болатыны да осыдан.

Әрине әлемдік алыс-беріс­тің дұрыс қалыптасуы және болашағы жарқын болуы үшін Азияға мығым да гүлденген Еуропа қажет. Ондағы елдер бірігіп дами ма, жоқ әлде бөлініп дами ма, бұл олардың өздерінің шаруасы, бірақ ғасырлар бойы өркениет тұғыры, ғылым мен мәдениет бесігі болып келе жатқан табиғаты жаңға жайлы құрлықтың алдағы уақытта мығым тұтынушылық рынок ретінде сақталуына әлемнің бар­лық елдері де мүдделі деп айтуға болады.

Сонымен сайып келгенде айтарымыз, Еуропаның бұрын­ғыдай өз бетімен дами беруге күші қалмай барады. Бұл жағ­дай еуропалықтардың ендігі ке­зекте серпінді дами бастаған азиялықтарға шекесінен шірене қарайтын саясатын шектеу қажеттігін көрсетіп отыр. Екінші жақтан алып қарағанда, бүкіл адамзат қауымында Еуропаны мамыражай тіршіліктің ортақ үйі ретінде қабылдайтын ұғым қалыптасып келеді. Әлемнің көптеген саясаткерлері Еуропа елдерінің қазіргі ұстанып отыр­ған бағыты – ұжымшылдық рухы мен әлеуметтік мәмілегерлігін адамзатты болашаққа неғұрлым қауіпсіз бастайтын жол ретінде бағалауда. Осының барлығы қосыла келіп, еуразиялық идея­ның болашағы жарқын екендігін көрсетеді.

Сұңғат ӘЛІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар