Әлем • 20 Қараша, 2017

Исландия жастардың тілін қалай тапты?

715 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Исландияның атағы бүгінде дүркіреп тұр. Халқының саны 300 мыңнан сәл асатын мемлекеттің мәдени, әлеуметтік және экономикалық жетістігі талайды таңдай қақтырады. 

Исландия жастардың тілін қалай тапты?

Адам даму индексі (АДИ) бойынша, халқының саны аз, қазба байлығы шектеулі Ис­ландия дүние жүзіндегі ал­дыңғы қатарлы мемлекет саналады. Елдің экономикалық әл-ауқаты екінші мыңжылдықтан бас­тап тез өркендеген-ді. Алай­да 2008-2011 жылдар ара­лы­ғындағы дағдарыс халық­тың тұрмысына ауыр соқты. Қиындыққа қабырғасы қайыс­пайтын исландиялықтар то­қы­раудан тосылып қалған жоқ. Соның нәтижесінде 2013 жыл­дан бастап ел экономикасы қайта жанданып келеді. Ха­лықаралық қаржы қорының мә­ліметіне сүйенсек, қазіргі таң­да Исландия жан басына шақ­қандағы ішкі жалпы өнім бойынша 6-сатыда тұр (59 мың доллар). Сатып алу қабілеті жө­нінен де арал тұрғындары көп елден көш ілгері. Елдегі ин­фляция деңгейі 1,8 пайыз мөлшерінде. Бұл – басқа мемлекеттермен салыстырғанда анағұрлым төмен. 

Әйтсе де, Исландиядағы жағ­дай­дың бәрі керемет емес. Елдегі негізгі сала қызмет көр­сетуге бағытталғандықтан, әлем­дік дағдарыс секілді тосын­нан келген тоқыраулар Ислан­дияның әлеуетін шайқалтып кетті. Сондықтан ел пре­зиденті Гвюдни Йоуханнессон бас­таған билік өкілдері экономиканы әртарап­тандыру мақсатында шаралар қабыл­дап жатыр. Поляр шұғыласын көруге ағылатын туристерге қызмет көрсетуден бөлек, ауыл шаруашылығына ерекше ден қойылып келеді. 

Халықтың тұрмысын жақ­сарту мақсатында да Исландия билігі бірқатар жұмыстар ат­қарды. Мәселен, 20 жылдай бұ­рын жасөспірімдердің 42 пайызы алкогольді ішімдік ішіп, 17 пайызы есірткі қолданған екен. Кейінгі жылдары әзәзілдің шырмауына түскендердің са­ны атқарылған игі істердің ар­қасында 5 пайызға дейін тө­мендеген. Қысқа мерзімнің ішінде Исландияның мұндай нә­ти­жеге қол жеткізуінің сыры неде? Есірткімен күрестегі ислан­диялық мо­дель­дің қандай ерекшелігі бар?

BBC арнасы Ислан­дия­дағы «жасөс­пірімдер рево­лю­­циясының» себебін былай түсін­діреді. Біріншіден, елде жас буын үшін коменданттық уақыт белгі­ленген. Соған сәйкес 16 жас­қа тол­маған балалардың кешкі сағат 10-нан кейін сыртта жал­ғыз серуендеуіне тыйым са­лынған. Бұл заңның сақта­луына құқық қорғау қызмет­кер­лері ғана емес, ата-аналар да мүдделі. Сондықтан ата-ана­лардан құралған топ күнде кеш­кісін көшелерді аралап, комен­данттық уақыттың сақталуын бақылайды. 

Екіншіден, ата-аналар балалар алдын­дағы міндетін адал атқарады. Мәсе­лен, олар ұрпағының әрекетіне жауап беру міндетін мойнына алып, арнайы ережеге қол қояды. Онда ата-аналардың балаларға алкогольді ішімдік ішкізбеуі секілді міндеттер нақты көрсетілген. BBC-ге сұхбат берген Эйдар және Александра есімді ата-ананың айтуынша, мұндай шаралар отбасы мүшелерінің кешкі уақытын бірге өткізуіне мүмкіндік береді. «Бұрын бізде бәрі еркін болатын. Алайда адамдар оның қауіп-қатерін сезінген жоқ. Есесіне қазір халықтың санасы жақсы жаққа өзгерді», дейді Эйдар. 

Үшіншіден, елде балалар мен жасөспірімдерге арналған түрлі спорттық және көңіл көтеретін шаралар көп. BBC арнасы келтірген деректерге сүйенсек, мектептен кейінгі уақытын тиімді өткізу үшін жыл сайын әр балаға құны 500 доллар көлеміндегі талон беріледі. Мұндай әрекеттің тиімділігін уақыт көрсетіп отыр. Бүгінде исландиялық спортшылардың жетістігі әлем таңғаларлық. Мәселен, таяу­да футболдан Исландия құрама коман­дасы өз тарихында тұңғыш рет әлем чемпионатына жолдама алды. Ислан­диялық өрендердің бұл ерлігі ел  тари­хында алтын әріппен жазылатыны анық. Өйткені бұған дейін халқының саны бір миллионнан аз бірде-бір мемлекет футболдан төртжылдықтың дүбірлі бәсекесіне қатысқан емес. 

Бір жыл бұрын Исландия футболшылары тағы бір шыңды бағындырды. Олар Францияда өткен Еуропа чемпионатына тұңғыш рет жолдама алып, байрақ­ты бәсекеде атой салды. Даңқты Эйдур Гудьон­сеннің ізбасарлары ширек финалға дейін сүрінбей жетіп, алаң иелеріне ғана есе жіберген болатын. Айтпақшы, Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңінде Қазақстан осы Ислан­диямен бір топқа түсіп, біздің футбол­шы­лар Астанада 0:3 есебімен есе жіберіп, Рейкьявиктегі матч­та тең тарқасқан.

Төртіншіден, жастардың жағдайы ғалымдардың зерттеу объектісіне айнал­ған. Жыл сайын әрбір жасөспірім сауалнама толтырып, өзіне ұнайтын немесе көңілінен шықпайтын мәселелерді ашып айтады. Осы сауалнаманың нәтижесіне қарап әр аймақ өздеріне лайық жұмыс жоспарын бекітеді. 
Бесіншіден, балалар мен жасөспірім­дердің жағ­­дайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінеді. Жылына жастарға арнал­ған үйірмелерді қаржы­ландыру үшін 100 миллион доллар қаражат жұмсалады екен. Бүгінде бола­шақ ұрпаққа салынған инвестиция оң нәтиже көрсетті.

Балалар мен жасөспірімдерді есірткі мен алкогольді өнімнен алшақ ұстауға арналған исландиялық жүйе өміршеңдігін көрсетіп отыр. Қазіргі таңда олардың тә­жірибесін Еуропаның 35 қаласы өздерінде сынап көруге бел шеше кірісіп кетті.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан