Театр • 20 Қараша, 2017

Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына арналған қойылымның премьерасы өтті

1059 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Даланың рухын, бабаның ғұрпын іздесеңіз ең алдымен қаймағы бұзылмаған дәстүрлі өнерімізден табасыз. Рухани тәрбие мен салт-санамыздың алтын діңгегі саналатын бұл өнер тарих төріндегі талай тұлғаларды түлетті. Олардың тағылымын  ұрпаққа үлгі етіп табыстау тарих алдындағы міндетіміз. Осы ретте, Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына орай Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында «Ән салсаң, Әсеттей сал...! » атты музыкалық қойылымның тұсаукесері өтті. Дәстүрлі өнерімізді дәріптеген мерейлі шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында іске асып отыр.

Әсет Найманбайұлының 150 жылдығына арналған қойылымның премьерасы өтті

Сазгерлігі мен ақындығы, дархан даланы әсем үнімен тербеткен  әншілік өнері халықтың жүрегінен орын алған заманының заңғар тұлғасы Әсет Найманбайұлының рухын аспандатқан айтулы шараға жиылған Алматы жұрты рухани кештен Әсет тіріліп келгендей әсер алды десек артық болмас. Қазақы қара өлеңнің киесін кетірмей, тұнығын лайламай саф таза күйінде бүгінге жеткізген дара тұлғаның мол мұрасы халқының рухани қазынасына айналды. Қойылым барысында Әсет Найманбайұлының дүниетанымы, ой тереңдігі, әсіресе айтыс жанрында кеңінен танылғаны баяндалды. Талант иесінің Ырысжан, Бақтыбай, Әріп, Кәрібай, Қали, Сәмбет ақындармен және Мәлике қызбен айтысы, «Салиха-Сәмен», «Ағаш ат», «Перизат», «Үш жетім қыз», Нұғман-Нағым, «Мәлік-Дарай», «Жәмсап», «Кешубай» атты қисса-дастандары, «Жас жігіт надандықпен алданады», «Өсиетнама», «Қарақұрсақ Күшік болысқа»,  «Сеніспей уағдалы серттен қайтпа», «Жақсы әйел», «Жасболат кісі-ақ едің алшақтаған», «Ақырғы сөз», «Жас шама» сынды оқырман қауымға кеңінен таныс шығармалары әлі күнге дейін өзегін жоғалтпай келеді. Дәстүрлі өнер тарихындағы тұңғыш мюзиклдің басты ерекшелігі Әсеттің әндері, айтыстары, қисса-дастандары топтастырылып халыққа бір қойылымның аясында ұсынылып отыр. Сондай-ақ қойылымда әнші-композитордың өмірі мен шығармашылығы, әндерінің шығу тарихы тегіс  баяндалады.      

Сахна шымылдығы:  «Халқым!.. Қайда барсам да елімнен сый көремін. Сол үшін әлім жеткенше аянған емеспін. Барымды елім үшін жұмсап өтсем, арманым не?..» дейтін Әсеттің өз сөзімен ашылып кәусар өнерге  сусап келген көрерменнің көңілін бірден баурап алды. Оқиға әрі қарай тарихымыздағы «Қоянды», «Қарқара» жәрмеңкелерін көрсету арқылы халқымыздың қазыналы бай мұрасын, ұлттық ойындарын, таным-тарихымыздан сыр шертетін дәстүрлі өнерін Әсет өмірімен сабақтастыра суреттейді. Кез келген қазақы жиын-тойдың шұрайын келтіретін бұқа тартыс, күрес, ақындар айтысы сияқты бәсі биік ұлттық өнеріміз бен дәстүрлеріміз  қойылымда кеңінен көрініс тапқан.     

– Қандай өнердің болмасын ең негізгі бағалаушысы халық пен уақыт. Әсеттің өнері, Әсеттің әлемі қазақ рухани мұрасының жауһар мұрасы. Бір бойына бірнеше өнер қатар дарыған дарынның бүкіл болмысын осы қойылымға сыйдыруға тырыстық. Әсет шығармашылығы арқылы халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, өлмес өнерін насихаттауға күш салдық. Базарбек Атығаев деген бауырымыздың идеясынан бастау алған бұл қойылымды өз деңгейінде көрерменге жеткізу үшін көп күш салдық. Әсеттің өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін үш көркем әдеби кітапты, төрт деректі туындыны оқыдым. Себебі, қанша жерден көркем дүние болса да шынайы тарихтан алшақ кетуге болмайды. Жан-жақты зерттеп-зерделеп  тарихи жағына да көбірек көңіл бөлдік. Халықтың мұң-мұқтажы, арман тілегі Әсет шығармашылығынан тыс қалмаған. Мәселен, тарихтағы  Әсет пен Ырысжан айтысы – ақындар айтысының шоқтығы биік, аса көркем үлгілерінің бірі. Мұнда халық өмірінің ауыр жағдайы мен ел билеушілердің зорлық-зомбылығы жұмбақ-жауап түрінде әсерлі сипатталған. Құрылғанына бірер жылдың айналасы болған жас театрымыздың аталған жанрдағы тырнақалды туындысы көрермен көңілінен шыққанына қуаныштымыз. Барлық рөлдерді алып шыққан театрдың 30-дан астам дәстүрлі әншісі өздерін сан қырынан көрсете білді. Зал іші лық толып, көрерменнің қойылым соңына дейін тапжылмай тамашалағаны еңбегіміздің жемісі деп білем. Алдағы уақытта бұл бастаманы ары қарай жетілдіріп, кенжелеп қалған мюзикл жанрын жандандырсақ деген ниетіміз бар – дейді қойылымның сценарий авторы әрі режиссері Берікжан Қасымов.       

Үш бөлімге созылған музыкалық қойылымда Әсет Найманбайұлының рөлін Халықаралық байқаулардың жеңімпазы, дәстүрлі әнші Сәулежан Тақзия сомдады. Оқиға желісіне орай қойылымда Әсеттің өз орындауында  әйгілі үш әні шырқалды.  Әсіресе, Әсеттің «Мақпалы» әуелеп сала бергенде  әнсүйер қауым ықыласын жасыра алмай қошеметін жаудырды. Көпшілікке кеңінен танымал бұл әннің  шығу тарихы ерекше. «Жансұп дейтін жігіт монғолдың Мақпал деген қызына ғашық болса керек. Қыз да Жансұпты ұнатып қалған екен. Бірақ екеуінің де ата-анасы оларға батасын бермеген көрінеді». Жансұп осы қайғы-мұңын Әсетке айтыпты. «Мақпал» әні осылай дүниеге келген көрінеді. Бұл ән елге кеңінен тараған соң, қыздың да,  жігіттің де ата-аналары балаларының тілегін орындап, баталарын берген екен. Осылайша, екі ғашық мұратына жетіпті.

Әсерлі кеште көрерменді әсем әнімен тербеген Әділжан Шомбалов, Айсәуле Қайрғазина, Сандуғаш Мүбаракқызы, Шаттық Уатқан, Рауан Әбілбаев, Нариман Әбдірахманов, Азат Дулатұлы, Айнұр Жұмақадыр, Нәсіпжан Басшыбай, Марал Мұхамметқалиева сынды дәстүрлі ән орындаушылары көпшілікті Әсет пен Әміре, Ақан мен Біржан салған салқар көштің сарқылмайтынына сендірді.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ